Солтүстік Корея Ресейге кемі 100 дана M-1989 Koksan гаубицасы мен M-1991 зымыран қондырғыларын жеткізген. Бұл туралы Forbes басылымы жазды. Осылайша Пхеньян Мәскеудің қорғанысын күшейтіп, шабуыл жасау әлеуетін арттырған.
Басылымның жазуынша Солтүстік Корея Ресейге берген M-1991 зымыран құрылғылары салмағы 85 келі болатын кіші зымырандарды ата алады. Ату қашықтығы 60-70 шақырымға дейін жетеді. Бұл Украинада бар көптеген артиллериялық құрылғыдан алысқа ұшады деген сөз және артиллериялық соққы алмасуда Ресейге артықшылық бермек.
Демек Ресей әскері аталған қарумен Ресейдің заңды территориясынан Украинаның Харьков және Сум аймақтарын қарқынды негізде соққы астына ала алады деген сөз.
Солтүстік Корея Оңтүстік Кореямен шекаралас аймақтарға аталмыш қаруды орналастырған. Алда-жалда соғыс басталатын болса, Пхеньян бұл қару түрімен Сеулді еркін атқылай алады. Сеул демилитаризацияланған аймақтан 60 шақырым жерде орналасқан. Әскери сарапшылар Солтүстік Кореяның Оңтүстік Кореяға бопса жасайтын құралының бірі дәл осы зымыран қондырғысы екенін сан мәрте жазған болатын. Ким Чен Ын аталған қарумен бірнеше мәрте әскери жаттығу өткізіп, Сеулдің макетін атқылап, сес көрсеткен еді.
Пхеньян Ресей әскеріне M-1989 Koksan гаубицаларын да жеткізгені анықталды. Бұл гаубицалар 170 ммтрлік ұңғымен жарақтанған және ату қашықтығы снарядтың типіне сәйкес 40-60 шақырымды құрайды. Аталған қару әлемдегі ең баяу оқталатын гаубицалардың біріне жатады. Минутына бір-екі оқ атады және қарқынды ұрыс қимылында баяулығына байланысты сенімді саналмайды. Гаубицаны Иран мен Ирак арасындағы соғыста бірнеше мәрте қолданғаны жайлы деректер бар.
Солтүстік Корея билігі Ресейге әскери көмек беруді жалғастыруда. Қазірдің өзінде Ким Чен Ын Ресейге 5-8 млн дана снаряд жеткізіп, күллі Батыстың Украинаға берген снаряд санын басып озды. Украин сарапшылары Харьков облысындағы ұрыстарда ресейлік жауынгерлердің Bulsae-4 танкке қарсы кешенін қолданғанын айтуда. Бұл қару да Солтүстік Кореяда шығарылады. Сондай-ақ, Ресей әскері «Искандердің» Солтүстік Кореялық баламасын да соғыста қолданып келеді.
Mezgil.kz