Батыстық басылымдар Вашингтон мен Абу-Дабидің арасында келіссөз жүріп жатқанын жазуда. Келіссөздің басты тақырыбы Башар Асадтан санкцияны алу. Егер Башар Асад Иран мен Ресейден алшақтайтын болса, өз аумағы арқылы Ливандағы «Хезболлаға» Иран қаруын жеткізуді тоқтатса, онда Батыс елдері Сирияға салынған санкцияны толық немесе жартылай алуы мүмкін. Бұл туралы Reuters басылымы жазды.
Сирияға салынған санкция 20-желтоқсанда аяқталады. Артынша АҚШ пен Еуропа елдері санкцияны созу туралы шешім қабылдауы мүмкін. Соңғы аптада Сириядағы режимге қарсы қарулы күштер жаппай шабуылға шығып, Алеппо қаласын басып алды. Қазіргі сәтте фронттағы жағдайды тұрақтандыру үшін Асад Ираннан, Ресейден көмек сұрап, Түркиядан келіссөз сұраған. Анкара ресми түрде Асадтың қандай да бір келіссөз ұсынбағанын айтуда.
Сарапшылар қазіргі таңда Батыстың Асадты Иран мен Ресейден алшақтататын мүмкіндігі барын жазуда. Тегеран мен Мәскеу Асадқа тиісті деңгейде көмек көрсете алмауда, сәйкесінше Асад әскері шегінуге мәжбүр. Бұл Дамашық тарапынан одақтастарына деген сенімсіздікті арттырды.
Иранның СІМ басшысы Аббас Арагчи Сирияға келіп, Асадты қолдайтынын айтты. Тіпті Ирак пен Ирандағы қарулы шииттік топтарды Асадты қолдауға жіберді. Сарапшылар олардың саны бірнеше жүзден бастап бірнеше мыңға жететінін айтуда. Алайда Асад тұрақты әскер, зымыран және авиация сұрауда.
Араб елдері Асадты қолдауға дайын емес. Асад шииттік Иранмен одақтастық құрды. Бұл көптеген сүнниттік араб елдерінің Дамашықтан теріс айналуына әкелді. Алайда БАӘ Асадты Ираннан алыстатып, шииттік одақты үзуге талпынып келеді. Ол үшін тіпті Сирияны «Араб мемлекеттерінің лигасы» ұйымына да қайтарды.
Қазіргі сәтте Вашингтон мен Абу-Даби Сириядан санкцияны алып тастауды талқылап жатыр. Оппозицияның қарқынды шабуылы Асадты Батыстың талабына көндіруі мүмкін дейді мамандар. Ал Асадтан санкцияны алу және Ираннан Дамашықты алшақтату саясаты іске асса, онда Асадтың тақта қалуы да бек мүмкін деген болжамды айтуда.
Әзірге «Хайят Тахрир аш-Шам» ұйымы бастаған шабуыл жалғасуда. Қарулы жасақтар Хама қаласына жақын маңда ұрыс салуда. Соңғы аптада Сириядағы ДАИШ лаңкестік ұйымының да белсенділігі артқан.
Mezgil.kz