Украина 2025 жылға Батыс тарапынан кемі 126 млрд доллардың көмегі қажет екенін айтуда. Бұл Ресейдің басқыншылық соғысына төтеп беруге қажетті минималды көмек саналады. The Wall Street Journal бұл туралы Киевтегі саясаткерлердің пікіріне сүйене отырып жазды.
Басылым Киевтің жақын аралықта НАТО-ға қосыла алмайтынын жазды және Украина бұл мәселеде жылдам өзгеріс болмайтынын жақсы түсінуде. Қазіргі таңда Украина билігі НАТО-дан көбірек әскери көмек алуға талпынуда.
2024 жылдың 9-11 шілдесінде НАТО елдері Вашингтонда өткен саммитте Украинаға көмек ретінде 2025 жылға кемі 44 млрд доллар бөлетінін айтты. Алайда Украина көмекті 3 есе арттыруды сұрауда.
Украина президенті Владимир Зеленский Батыс елдерінің қару-жарағы тым аз екенін және жеткізу уақыты бірнеше айға созылатынын айтып, Батыстағы одақтастарын айыптады.
АҚШ-тың 2025 жылы Украинаға көмек көрсетуі әзірге белгісіз. Трамптың командасы Украина соғысын тоқтатуға ниетті екенін айтумен келеді. Ал Джо Байденнің әкімшілігі осы уақытқа дейін Украинаға 174 млрд доллар көмек көрсеткен. Аталған қаржыға әскери көмек, гуманитарлық және қаржылай қолдау кіреді. Жалпы жиынтығы Вашингтон Украинаға 71 мәрте әскери көмек пакетін жариялаған.
ЕО-ның Дипломатиялық кеңесінің бұрынғы басшысы Жозеп Боррель Еуропа елдерінің Украинаға көмегін 43 млрд еуро деп бағалады. Бұл әскери салаға бағытталған көмек. Ал қаржылай көмек көлемі 98-100 млрд еуроны құраған. Еуропа елдері Киевті қолдау үшін бұғатталған ресейлік активтердің пайыздық түсімін де қолданып келеді.
Еуропа мемлекеттері АҚШ-тың 2025 жылы Украинаны қолдауы екіталай деген ойда. Қазіргі сәтте Франция, Ұлыбритания, Польша және Балтық елдері Украинаны қолдауға қатысты серіктестікті арттыруда. Аталған елдер 2025 жылы Украинаның зымыран және дрон бағдарламасын қаржыландыруды бастап кетті. Сонымен бір Германия мен Түркияның Украина аумағында әскери өндіріс ошақтары 2025 жылдың ақпан-сәуір аралығында іске қосылмақ.
Mezgil.kz