Сирияның Тартус портындағы ресейлік кемелер портты тастап кетті. Бұл туралы Planet Labs компаниясының спутниктік түсірілімдерінен белгілі болды. ВВС басылымы ақпаратқа қатысты қысқаша сараптама жазды.
Тартус порты Ресей үшін маңызды саналады. Аталған порт арқылы Ресей Сириядағы әскерін қару-жарақпен, азық-түлікпен қамтамасыз етіп отыр. Башар Асад режиміне қажетті техниканың басым көпшілігі осы порт арқылы жеткізіліп келеді.
Planet Labs компаниясының 3-желтоқсандағы спутниктік түсірілімінде Тартус портында ресейлік кемелердің жоқ екенін анық байқауға болады. OSINT сарапшы H. I. Sutton Naval News басылымына өзінің пікірін қалдырып, 2-желтоқсан күні ресейлік «Ельня» кемесі Тартусты тастап шыққанын айтты. Аталған кеме Ресейдің әскери кемелеріне көмекші функциясын атқарып келген болатын. "Жалпы ресейлік кемелер Тартусты тастап, ашық теңізге кеткен. Сириядағы жағдай бір қалыпқа түссе және Асад әскері майдан шебін тұрақтандыра алса, Ресей кемелерін портқа қайтаруы мүмкін" дейді сарапшы.
Әдетте Тартус портында Ресейдің «Адмирал Григорович» фрегаты, «Меркурий» корветі мен «Уфа» сүңгуір қайығы тұратын. Соңғы күндері аталған кемелер де порт маңынан көрінбейді.
Сарапшылар Ресейдің кемелерінің Тартустан кетуін оппозициялық күштердің шабуылымен түсіндіруде. Қазіргі таңда Асад режиміне қарсы соғысып жатқан қарулы топтар Хама қаласының маңында ұрыс салуда. Хама соғысқа дейін 600 мыңнан астам тұрғыны болған ірі қала саналады. Қаланы бақылау Асад әскері үшін де, оппозиция жасақтары үшін де маңызды және позициялық артықшылық береді.
Мамандар оппозициялық күштердің қаланы шабуылдауы сәтсіз болғанын айтуда. Ендігі таңда оппозиция қаланы қоршауға алуға тырысуда.
Mezgil.kz