Германияның Федералды барлау қызметінің басшысы Бруно Каль Ресейдің Балтық елдері мен Шпицберген аралдарына басып кіруі мүмкін екенін айтты. Бұл туралы ол «Сыртқы саясат қауымдастығы» жиынында мәлімдеген.
Кальдың пікірінше Ресейдің НАТО аймағына әскери операция өткізуі 2030 жылға қарай болуы ықтимал. Ол «үшінші он жылдыққа жақындаған сәтте қауіп күшейе түседі» дейді.
Бруно Каль: «Мәскеу НАТО-ның жарғысындағы №5 тармақты іске қоспайтындай операция өткізуге тырысуы ықтимал. Мысалы Ресей НАТО-дағы бір елге шабуыл жасайды, ал өзге мемлекеттер бұл шабуылды аса қауіпті деп санамауы мүмкін. Бұл Ресейдің тұрақты әскері емес, туы мен арнайы айырым белгісі жоқ сарбаздар арқылы іске аспақ. Ондай жағдайда НАТО-ның №5 тармағы іске қосылуы кешеуілдеп, Мәскеудің жоспары іске асып кетуі де ғажап емес», - дейді.
Кальдың ойынша Ресей «Балтық елдеріндегі орыс тілді ортаны қорғау» деген сылтаумен арнайы операция өткізуді жоспарлауы мүмкін немесе Шпицберген аралына арнайы жасақ жіберуді жоспарлайды. Барлау қызметінің басшысы «Ресейдің қазіргі әрекеттері НАТО-ның қызыл сызық аймақтарын байқап көру тактикасы» дейді.
Германия Барлау қызметінің басшысының пікірінше Ресей билігі НАТО-мен тікелей қақтығысқа түсудің алдында Батыс елдерін барынша араздастыруға тырысады. Ол Батыстағы кей елдерді Мәскеумен саяси келісімдер жасау арқылы немесе экономикалық байланыстар орнату арқылы іске асуы мүмкін. Мысал ретінде Каль Венгрия мен Ресейдің қазіргі қарым-қатынасын айтты. Сонымен бірге Ресей НАТО елдеріндегі сайлау және саяси процесстерге ықпал жасауға тырысатын болады. Ресей 2025 жылдың ақпанында өтетін Германиядағы сайлау науқандарына да ықпал етуге барын салмақ дейді Каль.
Литвалық саясаттанушы Бернарас Ивановас Кальдің пікірімен келісетінін айтты және Балтық елдері қазіргі сәтте Ресейге қарсы төтеп беруге дайын еместігін жеткізді. Бернарас 2007 жылдың 26-27 сәуірінде Ресейдің Эстонияда гибридті шабуыл ұйымдастыруға тырысқанын айтты. Ол «Қола сарбаз» ескерткішін ауыстыруға қарсы халықты көтеріп, Таллинде бүлік жасағандардың артында Мәскеу тұрғанын мәлімдеді.
НАТО елдері Ресейдің Балтық елдері мен Польшаға қарсы әрекеті шынайы қауіп туындатады деп есептейді. НАТО қауіптің алдын алу мақсатында жылдам әрекет ететін арнайы жасақтар санын 300 мың сарбазға жеткізді. Сонымен бірге жыл сайын «Baltops» жаттығуын өткізіп, Ресейдің шабуылына қарсы жауап беру әрекеттерін пысықтаумен келеді.
Mezgil.kz