Израиль танктері 50 жылдан кейін Сирияға кірді: Не болып жатыр?

The Jerusalem Post ақпараттық агенттігі Израиль әскерінің Сирия аумағына әуеден соққы жасау операциясы жалғасатынын айтты. ЦАХАЛ Сириядағы Башар Асад әскеріне тиесілі болған әуежайлар мен әскери қоймаларға, зымыран шығару ошақтары мен химиялық қару жасауға мүмкіндік беретін өндіріс кешендеріне соққы жасағанын мәлімдеді.


Израильские танки вошли в буферную зону на границе с Сирией - РИА Новости,  08.12.2024

 

Израиль әскері демилитаризацияланған буферлі аймаққа кіріп, артынша Сирия шекарасына өткен. Ал ЦАХАЛ Сирияның ішкі саясатына араласпайтынын айтты және басты міндет ретінде «шекараның қауіпсіздігін қамтамасыз ету» екендігін атап өтті.

 

«Аталған аймақтағы әскери іс-әрекеттер шекара қорғанысын күшейтіп, түрлі сценарийге дайын болу үшін қажет», - дейді Израиль әскерінің баспасөз қызметі. Израиль Голан биіктіктеріндегі қорғанысты күшейту үшін ор қазу, миналы алқап көлемін ұлғайту, бетонды қорғаныстар мен позицияларды арттыру жұмыстарын атқарып жатқанын жеткізді.

 

Сирияның премьері Мұхаммад Гази әл-Жалали билікті басып алған қарулы топпен істес болатынын, уақытша үкіметті жасақтауға көмектесетінін айтты. Әзірге Сириядағы Ресей мен Иранның әскери базаларына қатысты нақты шешім жоқ. Ақпарат көздері Иран әскери персоналын толықтай елден шығарғанын жазса, Ресей Тартус пен Латакиядағы әскерін әкетуге дайындалуда. Ресейдің СІМ өкілдері антиасадшыл күштермен Сириядағы ресейлік базалар туралы келіссөздің жүріп жатқанын жеткізді.

 

Израиль сарапшылары Сириядағы Асад режимінің құлауына байланысты түрлі пікір білдіруде. Асад режимі Израильге қарсы әрекет ететін Хезболланы қолдап, қару жеткізу функциясын атқарғанын айтып, режимнің құлауын оң қабылдаған сарапшылар саны жетерлік. Сонымен бірге билік тізгінін қолына алған антиасадшыл күштердің антиизраильдік көзқараста екенін айтып, қақтығысқа дайын болуға шақырған мамандар саны да аз емес.

 

Израиль әскері араға 50 жыл салып, Сирия жеріне кірді. Бұл туралы New York Times (NYT) басылымы жазды. Израиль әскері 1974 жылғы ұрысты тоқтату келісімінен кейін демилитаризацияланған аймақтан өтіп, Сирия жеріне кірген емес. Алайда 2024 жылдың 8-желтоқсанында Израиль танктері Сирия аумағына кіріп, Хермон тауының бойындағы бірнеше стратегиялық нүктеге бекінді. ЦАХАЛ шекара маңындағы екі қалашық пен 14 елді-мекенді өз бақылауына алған. Ал түнде Дераа аймағындағы әскери қоймаларға соққы жасаған. Израиль әскері оппозициялық күштерге аталған аймақтағы Башар Асадқа тиесілі болған маңызды нысандарды бақылауға алуына жол бермейтінін айтты. «Голан жоталарына жақын орналасқан нысандарды оппозициялық күштердің бақылауға алуы Израиль үшін қауіпті болмақ» дейді ЦАХАЛ өкілдері.

 

Axios басылымының жазуынша Израиль буферлі аймақты кеңейту туралы шешім қабылдап, шешімін АҚШ-қа жеткізген. Тель-Авив антиасадшыл күштерге шекараға жақындамау туралы ескерту жіберген.

 

Израиль премьері Биньямин Нетаньяху 1974 жылы жасалған келісім Асад режимі құлаған сәтте жойылғанын айтты. «Сирия әскері шекараны тастап кетті, сәйкесінше біз өз қауіпсіздігімізді күшейту амалдарын жасаудамыз», - дейді ол.

 

Сарапшылар Израиль мен Сириядағы жаңа билік келісімге келе алмаса, жақын уақытта Голан жоталары үшін қақтығыс болуы мүмкін деп болжам жасауда.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар