Трамп: Путин жеңіліс тапты, ал Зеленский келіссөзді қалайды

Дональд Трамп Ресей мен Украинаны келіссөзге шақырып, соғысты аяқтау керектігін айтты. Ол Украина билігі келіссөзді қалайтынын, ал Ресейдің көп әскери шығынға ұшырап, бұл соғыста жеңіліс тапқанын мәлімдеді.


 

«Путин бұл соғысты аяқтайтын уақыт келгенін ойлануы керек, өйткені ол жеңіліс тапты. 700 мың адамыңнан айырылған сәтте, сен тоқтайтын уақыттың келгенін түсіну керексің. Бейбіт келісім жасалмаса, бұл тоқтамайды», - дейді Трамп New York Post сайтына берген сұхбатында. Оның сөзінше Украина президенті Владимир Зеленский де келісімді қалайды. «Бұл жаңалық десек те болады. Ол (Зеленский) ұрысты тоқтатуды қалайды. Біз оның бүге-жүгесін талдаған жоқпыз. Алайда ол ұрысты тоқтататын сәт келді деп санайды», - дейді Трамп.

 

Трамп Путин мен Зеленскийдің соғыс батпағына батып, шыға алмай қалғанын айтты. Дональд соғысты тоқтатудың концепциясын әзірлеп жатырмын дейді.

 

Бірнеше күн бұрын Зеленский мен Трамп Парижде кездесіп, 20 минут бойы Украина соғысын талқылады. Өткен аптада Украина президентінің офис басшысы Андрей Ермак АҚШ-қа сапарлап барып, Трамптың командасымен келіссөз жүргізді. Wall Street Journal келіссөз барысында Украина бейбіт келісім жасауға дайын екенін жазды. Басылым «Киев өзіне нақты қауіпсіздік кепілдігі берілуі мен әділетті бейбітшілік формуласын талап етіп отырғанын» айтты.

 

Трамп бұған дейін әлеуметтік желіге жазба қалдырып, Ресейдің соғыста 600 мың әскерінен айырылғанын, Украинаның 400 мың әскерінен айырылғанын жазды. Ол «Ресей билігі Сириядағы Башар Асадты еш қолдай алмайды, себебі Мәскеу Украинадағы соғыста ұйыққа батты» деп жағдайды сипаттады.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар