Талғардағы трагедия күллі Қазақстанның назарында. Бүгін мармқұм Шерзат Полаттың әкесі мен туыстары жазаға тартылғаны туралы ақпарат шықты. Енді осы жайлы егжей-тегжейлі жазайық...
(Суреттер: ulysmedia.kz, inbusiness.kz, nege.kz сайттарынан алынды)
Осыдан екі айға жуық уақыт бұрын Талғарда болған қанды оқиға қазақ қоғамында аз талқыланған жоқ. Қандықол қарақшылар жасөспірім баланы (Шерзат Полатты) анасы мен жақындарының көзінше пышаққа салды. Осы оқиғадан Шерзат Полат қаза тапты (оқиға 4 қазанда болған).
Арада екі айға жуық уақыт өткенде қаралы отбасының басына тағы да қайғы бұлты төнді. Марқұм Шерзат Полаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев қаза тапты. Шерзат Полат ісінде куәгер, шындық үшін шыр-пыр болып жүрген Нұрқанат Ғайыпбаевтың денесі Талғар қаласының маңында табылғаны туралы ақпарат шықты.
НҰРҚАНАТТЫҢ ҚАЗАСЫ: ҚҰЗЫРЛЫ ОРГАНДАР НЕ ДЕЙДІ?
Кейін облыстық полиция департаменті іске қатысты мәліметтерді жариялады. Ведомство ақпаратынша, марқұм 4 қазанда қайғылы жағдайда қаза тапқан кәмелетке толмаған Шерзат Болаттың ағасы екені анықталды. «Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ол асылу арқылы өз-өзіне қол жұмсаған. Тергеу барысында марқұм туыстарының біріне өзіне-өзі қол жұмсау туралы мессенджерде жіберген жазбасы анықталды. Хабарламада ол туысқандарымен қоштасып, жиенінің жанына жерлеуді сұрады», - делінген хабарда.
Құзырлы ведомство, аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалғанын, қазіргі уақытта барлық жағдайларды анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын хабарлады. Сонымен қатар, облыстық полиция департаменті «марқұм Шерзат Болаттың отбасы полиция күзетінде болғанын, осы уақытқа дейін отбасына қандай да бір қоқан-лоқы жасау дерегі тіркелмегенін» мәлімдеді.
«Күзет қызметіндегі қызметкерлердің түсініктемесі бойынша ер адам күзетілетін нысаннан сағат 23:30-да шығып, жеке көлігімен кетіп қалған», - деді құзырлы ведомство. Кейін полиция марқұм Н.Ғайыпбаевтың қаза алдында туыстарына жазған хатын жариялады.
«ӨЛІМНІҢ ҚҰПИЯСЫ КӨП»: ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ?
Марқұм Шерзат Болаттың отбасына көмектесіп жүрген құқыққорғаушы Айтбек Амангелді «Instagram-дағы» парақшасында Нұрқанат Ғайыпбаевтың өліміне қатысты пікір білдірді.
Құқыққорғаушының айтуынша, алдын ала медициналық сараптама қорытындысы шыққан. «Қаралы хабарды естіген уақытта «мүмкін емес» деген ой келді. Мен онымен талай мәрте сөйлескенмін. Өмірге құштар адам еді. Бауырының қазасынан кейін енді ғана басын көтеріп келе жатқан. Жоспарлары, ойлары бар еді. Оңтүстік Кореяға жұмысқа кету мәселесін де талқылағанбыз. Оның артында азаматтық некедегі әйелі қалды. Бала жоспарлаған, бірақ үлгермей қалды», - дейді ол.
Айтбек Амангелдінің айтуынша, Шерзаттың ағасы бауырының қазасына қатты қайғырды. Өмірмен қоштасу туралы ойлары да болған. Оны психологқа айтқан. Бірақ, Айтбектің айтуынша, кейін жаман ойынан арылған. Себебі марқұмның туысы әділет үшін күресу, жұмыс істеу, сотты өткізу керектігін түсінген.
«Тергеу үшін ол куәлік еткен мәліметтер өте маңызды. Жеке өзі, беттестіру кезіндегі айтқандары іске қосылған. Басты тергеу жұмыстары аяқталуға жақын», - дейді ол.
Амангелдінің айтуынша, алдын ала қорытындыда өлім себебі нақты айтылғанына қарамастан, жақында сот-медицина сараптамасы тағайындалады. Мамандар өлім алдында қалдырған жазбаны өзі жазған-жазбағанын, кімдерге хабарласқанын, оның автокөлігі қай жерлерге барғанын анықтайды.
«Қылмыстық іс қозғалды. Себебі өлімнің құпиясы көп. Оның жағдайы айтарлықтай тұрақты болған. Бірдеңеге ренжіген, бірақ ешкімге білдірмеуге тырысқан. Қайда баратынын айтпай кеткен. Жаза бастаған уақытта ғана отбасы бірдеңе болғанын түсінген, іздей бастаған. Қылмыстық кодекстің 105-бабы – «Кісі өліміне дейін жеткізу» күдігімен іс қозғалды. Нұрқанатқа әлеуметтік желілерде көп тиіскен – жеке адамдар да, пабликтер де тілдеген. Күдіктілердің аналары оны маскүнем деп атаған. Жала жабу мәселесіне қатысты арыз түсірілді, сәрсенбі күні сотта қарауға тиіс. Оған күн көрсетпеген жекелеген адамдар осындай жағдайға дейін жеткізген болуы мүмкін деп топшылаймыз», - деді Амангелді.
ҚАРЖАУБАЙ НҰРЫМОВТЫҢ ЖАНАЙҚАЙЫ: НҰРЫМОВТАР НЕГЕ ҚАМАЛДЫ?
Полицияның мәліметіне сенсер болсақ, кеше: «Сағат 15:30-да Талғар ауданындағы Азат ауылында Нұрқанат Ғайыпбаевты жерлеу рәсімін өткізу кезінде қоғамдық тәртіп пен айналасындағылардың, оның ішінде кәмелетке толмаған балалардың қауіпсіздігіне қауіп төндірген оқиға орын алды.
Азамат Н., прокурордың заңдылықты сақтау туралы түсіндірмелерін елеместен, өзін өте агрессивті ұстай бастады, айналасындағыларға қауіп төндіріп, «суицид жасаймын» деп қорқытты. Сондай-ақ, полиция қызметкеріне пышақпен шабуыл жасады. Оның мінез-құлқы өзіне де, айналасындағыларға да қауіп төндірді.
Азамат Н. жағдайына алаңдаған туыстары мен адвокаттарының өтініші бойынша оның өмірі мен айналасындағылардың өміріне зиян келтірмеу мақсатында полиция қызметкерлері оны ұстау үшін шаралар қабылдады.
Азамат Н. ең аз қажеттілік күшпен құрақталды. Қазіргі уақытта ол полиция бөліміне жеткізілді, онымен психологтар жұмыс істеп жатыр.
Полиция жағдайды тұрақтандыру бойынша жұмысты жалғастыруда және азаматтарды сабырлы болуға шақырады. Азаматтардан тек ресми дереккөздерге сенуді сұраймыз және жалған мәліметтерді тарату қылмыстық жауапкершілікке дейін әкелуі мүмкін екенін еске саламыз», – делінген полиция хабарламасында.
МӘСЕЛЕНІҢ МӘНІСІ: ҚАРЖАУБАЙ НҰРЫМОВ НЕ ДЕДІ?
Талғарда бауыры Нұрқанат Ғайыпбаевты қара жерге тапсырғаннан кейін Қаржаубай Нұрымов пен оның туған-туыстары құқық қорғау органдары қызметкерлерінен тағы да әділ тергеуді талап еткен еді. Видео әлеуеттік желілерде пайда болған. Нұрқанат пен Шерзаттың туған-туыстары жолға шығып, болған жайтты баян еткен. Наразылықтарын жеткізген.
«Мен ешкімге арыз жазбаймын. Жазып-жазып болдым. Артымда інім бар ғой деп шыдадым. Өлтірсе мені өлтірсін. Соттаса соттасын. Мен енді ешкімді тыңдамаймын», – деген еді Қаржаубай Нұрымов.
Кейін Қаржаубай Нұрымов пен оның туыстарын полиция ұстап әкеткенін жоғарыда жаздық. Ал бүгін Қаржаубай Нұрымов пен оның туыстарына сот үкімімен жаза кесілгені белгілі болды.
Әкімшілік сот шешімімен Шерзаттың әкесі Қаржаубай бұзақылық бабы бойынша 15 тәулікке қамалған. Адвокаттары шешімге шағым түсіретінін айтты. Қаржаубайдың қарындасы Бақыт та 15 күнге жабылған. Оған «митинге шақырды» деген айып тағылған. Сондай-ақ ол ел азаматы болмауына байланысты Қазақстаннан депортацияланады. Одан бөлек Қаржаубайдың тағы бір қарындасы Салтанатқа 20 АЕК айыппұл салынды. Мұндай шешім кеше Қаржаубайдың інісі Нұрқанат Ғайыповтың жерлеуінен кейінгі оқиғаларға байланысты шыққан.
Шешімді Еңбекшіқазақ аудандық соты әкімшілік іс жүргізу тәртібімен шығарған.
Mezgil.kz