Талғардағы қанды оқиға күннен күнге шиеленісіп барады. Кеше біз марқұм Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовтың 15 тәулікке қамауға алынғанын жазған болатынбыз.
(Суреттер: malim.kz, ulysmedia.kz және ortcom.kz сайттарынан алынды)
«Қоғамдық орында балағат сөздер айтқаны, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін қорлап, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзатын, айналасындағыларға құрметсіздік танытатын іс-әрекеттер жасағаны және көлік құралдарының қозғалысы үшін кедергілер жасағаны үшін (ӘҚБтҚ 434 -бабының 1 - бөлімі) азамат Қаржаубай Нұрымов 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды», - деп хабарлаған еді облыстық соттан.
Ал бүгін адвокат Асқар Қаймақов Қаржаубай Нұрымовқа қатысты қылмыстық іс қозғалғанын айтты.
Адвокаттың айтуынша, полиция Қаржаубай Нұрымовқа қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 202-бабы «Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру» бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.
«Біздің заңды өкілдер полицейлерден Қаржаубайды ұстамауды өтінді, өйткені полиция өкілдеріне марқұм Нұрқанаттың жеке хат-хабарын жариялауға туыстары келісім бермеді. Қаржаубайды 15 тәулікке қамауға алуды тағайындаған сот шешімін заңсыз деп санаймыз (сот өрескел заңбұзушылыққа жол берді) және оған шағым түсірдік», - деді Асқар Қаймақов.
Осы қанды оқиға басталысымен Қаржаубай Нұрымовқа алғашқы болып көмек ұсынған марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді Шерзат Болаттың отбасы қауіпсіз жерге көшірілгенін айтты.
«Біз отбасыны басқа аймаққа ауыстырдық. Қазір отбасы жаңа үйде, қауіпсіз жерге көшірілді. Біз бұл ақпаратты жарияламаған едік. Нақты қай жерге көшірілгенін айтпаймыз, бұл - жариялауға жатпайтын ақпарат», – деді Айтбек Амангелді.
Ал Қаржаубайдың отбасылық адвокаты әкімдік тарапынан ешқандай көмек көрсетілмегенін алға тартты.
«Әкімдік үй беру бойынша ұсыныс жасаған болатын. Сол жерде үй салып береміз деген еді. Алайда өртенген үйдің орнын тазалау жұмыстары бойынша да көмек көрсеткен жоқ. Тіпті әкімдіктен келіп, Қаржаубайдың көмектен бас тартатыны туралы айтқанын видеоға жазып аламыз деген. Қаржаубай бұл жағдайды түсінбей, ешнәрсе қажет емес екенін жеткізді», – деді адвокат Саида Тәуекелова.
Естеріңізге сала кетейік, жасөспірім Шерзат Болаттың өлімі 4 қазанға қараған түні болды. Бастапқыда полицейлер «оқиғаға қатысушылардың барлығы ұсталды» деп мәлімдегенімен, кейін марқұмның ата-анасы бәрі бірдей ұсталмағанын хабарлады.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Талғар ауданындағы жасөспірімнің өліміне қатысты тергеуді жеке бақылауына алды.
12 қазанға қараған түні Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Азат ауылында жасөспірімнің үйі өртенді. Полицейлер қылмыстық іс қозғап, Шерзат Болаттың отбасын қорғауға алған. Сондай-ақ өрт кезінде жасөспірімнің отбасы басқа жерде тұрғаны белгілі болды.
Желтоқсанның 9-ы күні жасөспірімнің ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың өлі күйінде табылғаны белгілі болды. Құзырлы органдар «ер адам өз-өзіне қол жұмсады» деген болжам жариялады. Бірақ, бұл нұсқамен марқұмның туыстары мүлде келіспейді.
10 желтоқсанда Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов БАҚ өкілдерімен кездесуді талап етіп, полиция өкілдеріне бағынбады. Кейін белгілі болғандай, Қаржаубай Нұрымовты полиция ұстап, Нұрымов 15 тәулікке қамауға алынған.
Желтоқсанның 11-і күні Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Шерзат Болаттың өліміне қатысты тергеу аяқталып келе жатқанын айтты.
Mezgil.kz