Сириядағы жағдай: Қазақ бітімгерлік күштері қайтпек? Министрлік жауап берді...

Қарашаның 27-сі мен 8 желтоқсан аралығында Сирияда «Хаят Тахрир аш-Шам» бастаған оппозициялық күштер Асад режимін құлату операциясын жүзеге асырды. Айналасы 11 күннің ішінде билік құлап, Башар Асад Мәскеуге бас сауғалады.

1734333225263039.jpg

(Суреттер: wikipedia.org, np.kz сайттарынан алынды)

Сирияда Башар Асад биліктен құлатылған соң, Израиль Сириядағы қару-жарақ қоры «Хезболланың» және өзге де лаңкестік топтардың қолына түсуі мүмкін деп, Сирияны соққының астына алған. Сирия аумағындағы Голан жотасына әскер кіргізген. Ал Голанда Қазақстанның бітімгерлік күштері орналасқан.

Сол себепті де біз ҚР Қорғаныс министрлігіне сұрау салып, Сириядағы бітімгерлік миссияны орындап жатқан Қазақстан сарбаздарының жай-күйін білдік. ҚР Қорғаныс министрлігі Mezgil.kz ақпараттық порталының редакциялық сауалдарына былай деп жауап қайтарды:

1734332800357665.png

(Ресми жауап хаттың скрині)

«ҚР Қорғаныс министрлігі Сіздің қазақстандық бітімгерлік күштерге қатысты сұрақтарға қосымшаға сәйкес тиісті ақпаратты жолдайды», - деп жазылған министрлің орынбасары Б.Сыдықовтың берген жауабында.

САУАЛ: Қазақстандық бітімгерлер өз миссияларын әрі қарай жалғастыра ма?

МИНИСТРЛІК ЖАУАБЫ: Қазақстандық бітімгерлер қызмет ететін БҰҰ-ның Голан жоталарындағы (СОННР) жауапкершілік аймағындағы жағдай шиеленісті, бірақ тұрақты деп бағаланып отыр. Миссияның жеке құрамы мандатқа сәйкес өз функцияларын орындауда.

САУАЛ: Онда нақты қанша Қазақстан жауынгері мен миссиялық қызметкерлері бар?

МИНИСТРЛІК ЖАУАБЫ: Голан жоталарында 139 қазақстандық бітімгер және 4 штабтық офицер қызмет атқарып жатыр.

САУАЛ: Олардың бітімгерлік миссиясы қай кезде аяқталады?

МИНИСТРЛІК ЖАУАБЫ: Контингенттің ротациясы наурыздың ортасында жоспарланған.  Қажет болған жағдайда миссияны эвакуациялауды БҰҰ басшылығы миссия қолбасшылығының ұсынысы бойынша қарайтын болады.

САУАЛ: Қазақстан Қорғаныс министрлігі Сирия тарабымен қандай да бір сөйлесулер жүргізді ме? Голандағы бейбіт бітімгерлік күштердің әрі қарайғы миссиясы туралы талқылаулар жасады ма?

МИНИСТРЛІК ЖАУАБЫ: БҰҰ күштерінің ажырасуды бақылау жөніндегі уәкілетті тұлғалары сириялық және израильдік тараптардың өкілдерімен тұрақты байланыста. Бітімгерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қажетті шаралар қабылданып жатыр. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі жағдайдың дамуын бақылауда ұстап отыр. Голан жоталарындағы қазақстандық әскери қызметшілермен тұрақты байланыс орнаған.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар