Германия Бундестагы Шольцке сенімсіздік вотумын шығарды. Алдағы уақытта Германияда мерзімінен тыс сайлау күтілуде. Сарапшылар Шольцтің орнын Фридрих Мерц басуы мүмкін деп санайды. Сонымен Фридрих Мерц кім? Оның саяси ұстанымы қандай және Украина мен Ресей қақтығысында қандай позиция ұстанады?
16-желтоқсанда Бундестаг үкіметке сенімсіздік танытты. Қарашада Олаф Шольц басшылық ететін билеуші коалиция бюджетке қатысты пікірталаста жеңіліс тапты. Артынша Парламенттегі мерзімінен тыс сайлау өткізу идеясы талқыланып, Бундестагты тарату туралы дауыс беру процесі күні кеше өтті. Депутаттардың басым бөлігі Шольц үкіметіне сенімсіздік танытты. Осылайша сайлауға жол ашылды.
Bloomberg-тің жазуы бойынша «Христиан-демократиялық одағы» партиясы сауалнамалар нәтижесінде үлкен сенімге ие болуда. Аталған партияны Фридрих Мерц басқарады.
Сарапшылар жасақталуы тиіс жаңа үкіметтің алдында көптеген мәселенің қордаланып тұрғанын айтуда. Оның ішінде экономиканы көтеру, Украинаны қолдап, Ресей ықпалына қарсылық білдіру, Германияны технологиялық гигантқа айналдыру және энергетикалық тапшылық мәселесін шешу, инфрақұрылымды дамыту және басқа міндеттер тұрғанын айтуда.
Бундестагтағы пікірталастар барысында Мерц Шольц үкіметін қатаң сынға алумен келеді. Ол Шольцті ел экономикасын құлдыратып, Ресей алдында солқылдақ саясат ұстануда деп айыптаумен келеді.
Мерц Ресейдің Украинаға басып кірген сәтінен бастап Киевке көбірек көмек көрсетуді талап етумен болды. Шольц үкіметі Украинаға Taurus зымыранын беруден бас тартып келе жатыр. Ал Мерц керісінше Германияның Киевке аталған қаруды беру керектігін айтуда.
«АҚШ 300 шақырымға соққы жасайтын ATACMS зымырандарын берді. Ұлыбритания мен Франция Shadow/SCALP зымырандарын беруде. Неге Германия бұл мәселеде солқылдақ позиция ұстануда? Шольцтің қазіргі ұстанымы сақтық емес - қорқақтық», - дейді Мерц.
Қазан айында Мерц Ұлыбритания мен Франция елдерінің басшылықтарымен сөйлесіп, Путинге талап қою идеясын ұсынды. Ол былай деді: «Мен Путинге талап қояр едім. Ресей Украинаның энергетикалық нысандарын атқылауды тоқтатуы тиіс дер едім. Егер олар атқылауды жалғастырса, онда біз Киевке Taurus зымыранын берер едік. Сол сәтте Путиннің қаншалықты алысқа баратынын көрер едік».
Желтоқсан айының басында Мерц Киевке барды. Соғыс барысында ол Киевке екі мәрте барса, Шольц бір мәрте барған болатын. Ол алдағы сайлауда жеңіске жетсе, Украинаны қолдауды арттыратынын және Бундестаг арқылы Taurus зымыранын Киевке беру мәселесін көтеретінін айтты.
Мерц Германияның қорғаныс саласына бөлетін қаржысын да арттыруды ойластыруда. Қорғаныс саласына ЖІӨ-нің кемі 3 пайызын бөлуді ұсынуда. Бұл 127 млрд еуро деген сөз. Оның пікірінше Ресей 5-7 жылдың ішінде есін жиып, НАТО-мен соғысуға қабілетті болмақ. Сол себепті де қорғаныс саласын дамытып, әскерді қуатты ету керектігін айтуда.
Ықтимал канцлердің тағы бір идеясы, Германияны босқындардан тазарту болып саналады. Мерц сириялықтарды еліне кетуге үндеді. Алдағы уақытта шекараны күшейтіп, босқындарды тексеруді арттыру қажет дейді.
Mezgil.kz