Жауынгер масалардың жорығы: Генерал Кириллов жайлы не белгілі?

17-желтоқсан күні Мәскеудегі Рязань даңғылында жарылыс болды. Жарылыс салдарынан Ресей Қорғаныс министрлігі Әскери күштерінің радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс әскерінің басшысы, генерал-лейтенант Игорь Кириллов пен оның көлік жүргізушісі көз жұмды. Ақпаратты Ресей билігі растады және тергеу жұмыстары басталғанын айтты.


Какие регионы РФ попадают в зону поражения комаров-переносчиков ВИЧ и  лихорадки от Пентагона | 21.06.2023 | Новочеркасск - БезФормата

 

Ақпарат көздері жарылғыш заттың тұрғын үй кешені ауласындағы скутерге (самокат) қойылғанын жазды. Генерал Кириллов пен оның көлік жүргізушісі тұрғын үйден шыққан сәтте жарылыс болған. Жарылыс қуаты жойқын болып, ауладағы көліктер мен тұрғын үйдің бірнеше пәтерінің терезесі сынған.

 

Кириллов 2017 жылдан бері Радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс әскерінің басшысы қызметін атқарып келеді. Сонымен бірге ТОС-2 «Тосочка» қаруын жасап шығуға қатысқан.

 

Қазан айында Ұлыбритания билігі генералға санкция салды. Оған «Кремльдің ақпараттық пропагандасын жүргізушілердің бірі» деген айып тағылды. Украина билігі бірнеше күн бұрын Кирилловты «тыйым салынған химиялық қару түрлерін соғыста жаппай қолдануға бұйрық берді» деп айыптады. Украинаның барлау қызметі соғыс басталған сәттен бері Ресей әскері 4800-ден астам химиялық оқ-дәрі (снаряд, граната) қолданғанын айтты және жауапты ретінде Кирилловты атады.

 

Кириллов соғыс басталған уақыттан бері көзі жойылған ең жоғары лауазымды әскери тұлға саналады. Ресейлік әскери сарапшылар қастандықтың артында Украинаның арнайы қызметі тұрғанын айтты. Аталған нұсқаны тергеу қызметтері де растады.

 

Генерал Кириллов Украина тарапын сан мәрте айыптады. Қазан айында Кириллов «Украина әскері Суджа аймағында 155-ммтрлік хлор қосылған кассеталық снарядтар қолдануда» деген болатын. Алайда оның мәлімдемесін Киев жоққа шығарды.

 

2022 жылы Кириллов Украина мен АҚШ билігі бірлесіп, қауіпті биологиялық қару дайындап жатқанын айтты. Оның «жауынгер масаларға» қатысты айтқаны әлеуметтік желіде әжуаға айналды.

 

Генерал Украинадағы зертханаларда АҚШ-тың ғалымдары түрлі инфекцияны тарататын масаларды жасап жатқанын айтып, оларды «жауынгер масалар» деп атады.

 

Бір баяндамасында Кириллов: «Украинаның географиялық орналасуы өте ерекше. Украина арқылы жан-жануардың, жәндіктердің миграциясы өтеді. Украина мен АҚШ миграция жасайтын 145 түрлі биологиялық типті зерттеп, олардың Ресей жері арқылы ұшатын түрлерін биологиялық қару ретінде қолдануды қарастыруда. Оның ішінде кемі екі түрлі құсты таңдап алғаны белгілі болды. Р-781 жобасы арқылы биологиялық қару ретінде жарқанаттарды қолдануды ойластыруда. Жарқанаттар түрлі инфекция таратушы саналады», - деген еді.

 

Кирилловтың мәлімдемелерінен кейін Ресей БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында шұғыл жиын өткізуді ұсынды. Арнайы қарарды дауыс беруге шығарды. Алайда құжатты БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелерінен тек Ресей мен Қытай қолдаса, тұрақсыз мүшелері дауыс беруден бас тартты. Осылайша құжат қабылданбады.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар