Путин: Ресей соғыспаса ішіміз пысады. Ресейді оқ даусымен ғана билеуге болады...

Бүгін Ресейпрезиденті Владимир Путин тікелей эфир өткізіп, ел-жұрттың сұрақтарына жауап беріп жатыр. Оған кім, қандай сұрақ қоятыны әлдеқашан жоспарланған дүние екені белгілі ғой. Бірақ, бұл Ресейдегі жылдағы дәстүр...

1734606753990938.jpg

(Сурет: wikipedia.org)

Путиндікі баяғы сол бәлду-бәлду. Соғысты айтады. Орыс қаруын мақтайды. Қайсыбіржылғы айтқанындай: «Біз жұмаққа барамыз. Қалғандары тозақта жанады. Өйткені, біз жақсымыз. Өзгелерді Құдай атқан», - дейді. Десе де оның сондай сөздері жұртқа қызық. «Бұл жолы Кремль қожайыны не дейді екен», - деп күтеді жұрт.

Бұл жолы да президент Путин біршама мәселенің басын шалуға қам қылды. Mezgil.kz редакциясы Ресей президентінің мәлімдемелеріне қатысты егжей-тегжейлі сараптаманы кейінірек ұсынамыз.

Ал әзірге, президент Путин айтқан бірсыпыра сөзге жеке тоқталғанды жөн санадық.

Ресей президенті Путин: «Орешникке» жетер қару жерде жоқ», - деп Батысты «жекпе-жекке шақырды». «Қаруларымызды сынайық. Кімдікі мықты екенін көрелік», - деді Путин.

Одан әрі: Украинадағы миллиондарды зар жылатқан, жүздеген мың адамның өмірін опат қылған, бүтіндей қалаларды жермен-жексен еткен сұм соғысты, қанқасапты – «движуха» деп атады. Мұны қазақшаға қалай деп қазақшалаймыз, ал?!

Сөзбе-сөз: «Бізде ылғи да осылай. Бізде тыныштық болса, ішіміз пысатын елміз. Қозғалыс керек. Ал оқ даусы ысқырып тұрса, өкінішті болса да, бізге үрейлі болады. Ресей сол кезде ғана алға жылжиды», - деді Путин.

Орысша сөзі: «У нас всегда так: когда спокойно, нам скучно. Хочется движухи. А когда пули свистят, к сожалению, тогда нам становится страшно, Россия движется вперед».

Путиннің мұнысы – мойындау. Ресей соғыссыз өмір сүре алмайтын ел екенін мойындау. Ресейдің арғы-бергі тарихы қан мен қасіретсіз, қылмыс пен қанқасап соғыссыз өтпегенін мойындау. Ресейдің соғысқұмар екенін, басқыншы екенін мойындау. Ресейдің халқын оқ даусының үрейімен ғана билеуге болатынын ашық мойындау. Ресейдің халқы соғыс жағдайында өмір сүруге бейімделген халық екенін мойындау.

Ал Украина президенті Зеленский кеше ғана Ресеймен келісімге келу жайлы былай деген: «Біз өзіміздің территориямызды бере алмаймыз. Украинаның Конституциясы оған қарсы. Қазіргі таңда Қырым мен Донбассты Ресей әскері бақылауда. Біздің ол аймақты қайтаруға дәп қазір әскери күшіміз жетпейді. Біз Путинді келіссөз үстеліне отырғызу үшін халықаралық қауымдастықтың дипломатиялық қысымына арқа сүйейміз. Әлемде бірде бір басшы Путинмен Украинаға қатысты мәселені Украинасыз талқылай алмайды. Біз ол мандатты ешкімге берген емеспіз. Бұл соғыстағы құрбан бізбіз», - дейді.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар