Путиннің имиджіне жойқын соққы: Зымыран төпелеген Курскі

Украина бүгін Курскі облысындағы Рыльскі дейтін қалашықты аямады. Бұл өзі шағын ғана қалашық. 15 мыңға жуық жан саны тіркелген. Бірақ, стратегиялық маңызды нүктелердің бірі. Украина шекарасында орналасқан. Украинадан төтелей Курскі АЭС-іне баратын екі үлкен жолдың бірі осы Рыльскіні басып өтеді (Е38 трассасы). Рылскі Курчатовтағы АЭС-тен 30 шақырым жерде ғана орналасқан.

1734706137647655.jpg

(Суреттер: 1tv.ru, wikipedia.org)

Рыльскі ауданының басшылығы: «Украина тарапынан кемі 15 зымыран соққысы жасалды. Зардап шеккендер бар. Зымырандар бірінің ізін бірі баса атылды. ATACMS-тар», - деді.

Кеше Ресейбасы Путин Курск облысында қиянкескі ұрыс болып жатқанын растап, украин әскерінің аймақтан қашан шығарылатынын нақты айтудан бас тартқан. Путинге біреу: «Курскіні қашан азат етесіңдер?» деп сауал қойды. Сонда Путин: «Нақты датасын айтқым келмейді. Бірақ, Украина әскерін Курскіден ығыстырып шығарамыз, бұл анық. Жоспарымыз бар. Бірақ, мынадай күні деп айта алмаймыз. Бұлай жасалмайды. Бірақ, Украинаны ығыстырамыз, күмәнсіз. Сосын барып, шығынын есептейміз», - дейді.

Украина әскері Курскі облысының аумағына 2024 жылдың 6 тамызында кірген еді. Ресей Украина тарабынан мұндай шабуылдың болатынын мүлде күтпесе керек. Украина Курскі облысының Суджа ауданында шекараны бойлай орналасқан 100-ге жуық елдімекенді бірнеше күннің ішінде бағындырды. Содан бері Украина әскері Курскіден кеткен жоқ.

Ресейбасы Путин осы күнге дейін Курскідегі шайқастар туралы жария пікір білдіруден жалтарып келген. Өйткені Курскіге Украинаның басып кіруі - Путиннің жеке имиджіне жасалған жойқын соққы, үлкен стратегиялық сәтсіздіктерінің бірі. Ресейдің ресми ақпаратынша, күні-бүгінге дейін Курскіден 112 мыңнан астам адам босып кеткен.

Путин кеше: «Украина не үшін Курскіге кіргені белгісіз. Ешқандай мақсатсыз операция», - деп сөйледі.

Ал оның алдында Украина әскерінің Бас қолбасшысы, генерал Сырский Курскі операциясын «мақсатты әрі қажетті операция» деп атаған. Сырскийдің сөзінше, Украинаның Курскіге әскер кіргізуі Ресейдің Харьков пен Сум облыстарына жоспарлаған шабуылын тежеген.

Кеше Путин Курскі үшін ауры шайқастар жүріп жатқанын мойындап сөйледі. Естеріңізге сала кетейік, қазір Ресейдің әскери-саяси басшылығы Курскіні қорғауға Солтүстік Корей сарбаздарын жұмылдырған. Алайда, Украинаның әскери басшылығы Курскіді топ-тобымен қырылып қалған КХДР сарбаздары туралы мәлімдеді.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар