Әзербайжан президенті Әлиев: Ресей кешірім сұрап, өтемақы төлеуі тиіс!

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев ұшақ апатына қатысты сұрақтарға жауап берді. Әлиев апатқа Ресей тарапын айыптай сөйледі.


Алиев призвал Россию наказать виновных в крушении самолета в Актау - РИА  Новости, 29.12.2024

 

«Ұшақ апатына қатысты соңғы себеп қара жәшікті оқығаннан кейін айтылатыны анық. Алайда қазір айтылып жатқан нұсқалар да фактілерге сүйене отырып айтылуда.

 

Ал фактілер не дейді? Фактілер біздің ұшақтың Ресей аумағында, Грозный қаласына жақын тұста сырттан зақым алғанын көрсетуде. Ұшақ басқару қабілетін жоғалтқан. Біздің ұшақтың басқару жүйесіне радиоэлектронды күрес жүйесінің (РЭБ) зиян келтіргенін білеміз”, - деді.

 

Ол ресейлік тарап үш күн бойы ақылға қонбайтын нұсқаларды айтып, қашқақтағанын мәлімдеді. Істің әділ шешілуіне сенім білдірді.

 

«Әлбетте, біздің ұшақты абайсызда атып алуы мүмкін. Ешқандай қасақана ойластырылған шабуыл емес. Сол себепті кінәні мойындап, Әзербайжаннан кешірім сұрап, дос ел ретінде мән-жайды қоғамға түсіндіру керек еді. Бұл жасалуға тиіс қадамдар еді. Өкінішке орай алғашқы үш күнде Ресей тарапы ақылға келмейтін сандырақ нұсқаларды айтудан басқа ештеңе істемеді», - дейді Әлиев.

 

Әзербайжан басшысы ұшақ апатына қатысты істі жан-жақты зерттейтінін айтты. «Қара жәшікті оқығаннан кейін, қазіргі таңда көкейімізде тұрған көп сұраққа жауап алып, нақты жағдайды көреміз. Мысалы, ұшақ неге Грозный қаласына қона алмады? Ұшақтың басқару жүйесіне радиоэлектронды күрес жүйесі қалай әсер етті? Ұшақтың жанындағы әуеде болған жарылыстар ұшаққа қалай әсер етті? Бұл фактілерді аңғармаған кейіп таныту нағыз абсурд, ақымақтық», - дейді ол.

 

Әзербайжан президенті Ресейге арнайы шарт қойғанын айтты.

 

«27-желтоқсан күні біз Ресей тарапына өз талаптарымызды жеткіздік. Ол қандай талап, шарттар? Біріншіден, Ресей Әзербайжаннан кешірім сұрауы тиіс. Екіншіден, ол өз кінәсін мойындауы қажет. Үшіншіден, қылмыстық жауапкершілік аясында барлық кінәлілер жазалануы керек. Төртіншіден, Әзербайжан еліне, жапа шеккен жолаушылар мен экипаж құрамына тиісті өтемақы төленуі қажет.

 

Бұл біздің шартымыз. Бұның алғашқысы кеше орындалды. Біздің қалған шарттарымыз да орындалады деп сенемін.

 

Бұл шартымыз әділетті. Бұл жерде ойдан шығарылған, әсірелеген ештеңе жоқ, барлығы да халықаралық тәжірибеге және адами қатынасқа сүйеніп жасалуда. Солай. Тағы қайталап айтамын, Әзербайжан қоғамына барлық ақпаратты жеткізіп отырамыз. Мен біздің талап, шарттарымыз орындалады деп сенемін», - дейді ол.

 

Әлиевтің пікірінен кейін Путин Әзербайжан президентіне хабарласып, ұшақ апатына қатысты мәселені тағы бір мәрте талқылаған.


Mezgil.kz

 



Ұқсас тақырыптар