Президент Әлиев Қазақстан жайлы: Нағыз дос, шынайы бауыр ел!

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Қазақстан халқы мен президентіне алғыс айтты.


photo_147691.jpg

 

«Апат болған жерге қазақстандық құтқарушылар жедел арада жетіп, ұшақтан адамдарды алып шығып жатқаны жайлы ақпаратты алдық. Олар өз өмірлерін қатерге тікті. Себебі тағы бір жарылыстың боларын немесе болмасын білмеді. Ұшақтың бір бөлігі жанып жатты, екінші бөлігі де өртенуі мүмкін еді. Бірақ соған қарамастан, олар нағыз ерен ерліктің үлгісін көрсетті.

 

Дәрігерлердің жұмысына тоқталғым келеді. Зардап шеккен жолаушылар тез арада ауруханаларға жеткізілді. Ол үшін де мен президент Тоқаевқа алғысымды айттым. Қазақстандағы бауырларымыз бен қарындастарымыздың қиын сәттегі қолдауы Әзербайжан ұлтының жүрегінде сақталады. Қарапайым азаматтар Ақтаудағы елшілікке келіп, гүл шоқтарын қойып, қайғыны бөлісіп жатты. Міне, нағыз дос, шынайы бауыр болу деген осы.

 

Мен президент Тоқаевқа бұл мәселені зерттеуге қатысты Әзербайжанның позициясын айттым. Біз халықаралық сараптама өткізуді қалаймыз және бұл мәселені Мемлекетаралық авиациялық комитеттің қарауына бере алмайтынымызды жеткіздім. Бұл позициям түсіністікпен қабыл алынды.

 

Әлбетте біздің мемлекеттік органдар, комиссия мүшелері, прокуратура және басқалары Қазақстанмен байланыста. Қазақстан тарапы да өз кезегінде комиссия құрған. Олар да бұл апаттың шын себебін анықтауға барын салып жатыр.

 

Мен президент Тоқаевқа көңіл айттым. Ұшақ апатында Қазақстанның алты азаматы көз жұмды. Қазақстан президенті де көңіл айтып, қолдау білдірді. Бұл оқиғаның қаншалықты қайғылы екеніне қарамастан, бұл біз үшін бір сынақ іспеттес. Осы жағдайда әр тарап өзін қалай көрсететінін анықтайтын сынақ.

 

Бұл трагедияға қарамастан, Қазақстан тарапы да осындай ойда екеніне қуаныштымын. Біздің достығымыз бен бауырластығымыз бұл сынақтан кейін тіпті күшейе түспек», - дейді ол.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар