FT-ның саяси-экономикалық болжамы: 2025 жылы адамзатты не күтіп тұр?

The Financial Times басылымы 2025 жылы адамзатты не күтіп тұрғанына қатысты саяси болжамын жасады. Басылымның 2024 жылға жасаған болжамының 90 пайызы орындалған. Украинадағы соғыс, Таяу Шығыстағы қақтығыстар мен әлемнің саяси-экономикалық тынысына қатысты жасалған болжамдардың маңыздыларын назарларыңызға ұсынамыз.


Конец света: страшные предсказания Ванги на 2025 год | Euronews

(Сурет euronews.com сайтынан алынды)

 

Трамп жаппай сауда және салық соғысын бастайды ма? Иа. АҚШ президенті 2025 жылдан бастап Канада мен Мексикаға, артынша Қытай мен ЕО тауарларына баж салығын ұлғайтады. Бұл аталған мемлекеттер тарапынан АҚШ тауарына деген салықты ұлғайтып, әлемнің экономикалық тынысына әсер етеді.

 

Украина мен Ресей арасында бейбіт бітім жасала ма? Иа. АҚШ президенті Ресейге санкциялық қысымды күшейтуі де мүмкін. Бұл Мәскеуді келіссөз үстеліне отырғызу үшін жасалуы ықтимал амалдың бірі. Киевтің одақтастары Трампты Украина үшін НАТО-ның есігін тарс жаппауға көндіруге тырысады және «Украинаны НАТО-ға қабылдамаймыз» деген Трамптың ұстанымы, «Украинаны НАТО-ға қабылдау шегеріледі» деген ұстанымға ауысып кетуі ғажап емес. Украина президенті Зеленский соғысты де-факто тоқтатуға келіскенімен, Ресей оккупациясындағы аймақтар де-юре мойындалмайды. Украинаға ЕО мен АҚШ тарапынан қауіпсіздік кепілдігі берілуі мүмкін.

 

Эммануэль Макрон Францияның президенті лауазымында қала ма? Иа. Макронның ішкі саясаттағы қолдауы азайып, сыртқы саясаттағы кей қадамдары сәтсіз болса да, әсіресе Африкадағы жақтастарын жоғалтуына қарамастан, ол президенттік тақта қалады. Макронның президенттік мерзімінің бітуіне 30 айға жуық мерзім қалды.

 

Қытайда көмірқышқыл газбен ауаны ластау деңгейі азая ма? Жоқ. 2024 жылы Қытайда көмірқышқыл газдың ауаға бөлінуі 2023 жылмен деңгейлес болды. Бұл құрылыс саласындағы дағдарыс және күн энергиясы мен электркөліктерін қолданумен байланысты еді. Алайда 2025 жылы Қытай төрағасы Си Цзиньпин экономиканы күшейту үшін жаңа нұсқаулықтар беруде. Бұл көбіне энергетика саласымен байланысты, сәйкесінше зауыттардың көмірқышқыл газды ауаға бөлу үлесі артады.

 

АҚШ пен Израиль Иранның ядролық нысандарына соққы жасайды ма? Жоқ. Алайда Израиль үкіметінде маневр жасау еркіндігі артады. Премьер-министр Биньямин Нетаньяху Тегеранға ядролық қару жасап шығуына мүмкіндік бермейтінін айтумен келеді. Бір жылға созылған қақтығыста Иран одақтастарынан айырылып, проксилері талқандалып, әлсіз күйге түсті. Ал Трамптың билікке келуімен Израиль тіпті қуатты болмақ. Трамп Таяу Шығыста үлкен соғыстың тұтануына мүдделі емес. Алайда Иранның ядролық бағдарламасы алға жылжитын болса, Трамптың ұстанымы өзгеруі мүмкін.

 

Биткоин 200 000 долларға жете ме? Иа. Биткоин 2024 жылы 100 мың долларға жетіп, тарихи рекорд орнатты. Трамптың командасы крипто нарықты қолдайтынын айтумен келеді. Бұл биткоинның құнын еселеп арттыруы мүмкін.

 

Үндістан Жапонияны ЖІӨ бойынша басып оза ма? Жоқ. 2025 жылы Үндістан Жапонияны ЖІӨ бойынша басып озуы екіталай, алайда 2026 жылы Токио Делиге жол беруі әбден мүмкін.

 

Судандағы азамат соғысы жалғаса ма? Иа. Судандағы азамат соғысы жалғасады. Қазірдің өзінде қақтығысқа БАӘ мен Ресей жанама негізде қатысуда. Абдель Фаттах аль-Бурхан мен Мохамед Хамдан Дагало әскерінің арасындағы қарулы қақтығыс ондаған мың адамның өмірін жалмап, миллиондаған адамды босқын етті. Судандағы қақтығысты тоқтатуға әлемдік қауымдастық аз күш салуда, ал тараптардың келісім жасауға ниеті жоқ.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар