Көптеген әскери және саяси сарапшылар үшінші жылға жалғасып жатқан Ресей мен Украина арасындағы соғыстың белсенді ұрыс қимылдары 2025 жылы аяқталуы мүмкін екенін айтуда. АҚШ-та жаңа сайланған президент Доналд Трамптың билікке кірісуі (2025 жылдың 20 қаңтары) – Ресей мен Украина арасында келіссөздердің бастауы болатыны осыған дейін айтылған еді.
(Суреттер: tsn.ua сайтынан алынды)
Ал бүгін Украина Ресейдің Курскі облысында ауқымды шабуыл бастап, қиянкескі шайқастар жалғасуда. Бұл 2025 жылдың алғашқы ауқымды ұрыстарының бірі.
КУРСКІДЕГІ АУҚЫМДЫ ШАБУЫЛ: ҚАНҚАСАП ШАЙҚАСТАР КАРТАСЫ
Украинаның Курскіде шабуылға шыққаны жайлы орыс-украин ақпараттары: «Украина әскері Курск облысында Большое Солдатское елдімекеніне қарай шабуылға шығуда. Шабуыл алдында алқапты минадан тазартқан. Шабуылды бронды техникалар қолдауда, ал дрондардан қорғану үшін қуатты РЭБ-терді қолдануда», - деп жазады.
Ресей әскері Курскінің батыс бағытында қарымта шабуылға шығып, танктер, бронды техникалар қолданылуда.
Украина президенті кеңсесінің жетекшісі Андрей Ермак Курскіде шабуыл басталғанын растап: «Курщина, жақсы жаңалық: Ресей өзіне лайық нәрсені алады», - деп жазды. Алайда Ермак, Украинаның бұл шабуылына қатысты егжей-тегжейлі ақпарат бермеді.
Ал Ресей Қорғаныс министрлігі: «5 қаңтарда Мәскеу уақытымен 9.00 шамасында Украина әскері «Ресей әскерінің Курск бағытындағы шабуылын тоқтату» мақсатында қарсы шабуыл жасады», - деп хабарлады.
Украина Қарулы Күштерінің Бас штабы: «Курскі аумағында бүгіннің өзінде 42 бетпе-бет ұрыс тіркелді. Олардың 12-і әлі жалғасып жатыр», - деп қысқа қайырды.
Әлеуметтік желілер мен БАҚ-тарда тарап жатқан ақпараттарға сүйенсек, қос тараптан ондаған техника талқандалып, 1 мыңға жуық сарбаз қаза тапқан. Бұл нақты расталмаған дерек.
УКРАИНА КУРСКІ АЭС-ІН БАСЫП АЛМАҚ ПА?
Ресейдің әскери тілшілері: «Украина Курскіде ауқымды шабуылдар жасауда. Суджа жақтан Большое Солдатское елдімекеніне қарай екпіндеп шабуылдауда. Батыс шепте Новоиванковкаға, шығыс шепте Бардинаға қысымды арттырды», - деп жазуда.
Ресейлік әскери сарапшылар: «Украинаның бұл шабуылдары назарды бұруға бағытталған шабуылдар немесе «осал тұсты анықтау тактикасы». Украина өте жақын арада негізгі соққыны басқа бағытта жасауы мүмкін. Украина әлі негізгі күшін іске қосқан жоқ. Украина бұл шабуыл арқылы Ресейдің Запорож облысындағы шабуылдарын тоқтатуды көздейді», - деп болжайды.
Әртүрлі дереккөздеріндегі мәліметтерден: Қазір қиянкескі шайқастар Махновка, Дмитрюков, Большое Солдатское, Бердин, Малая Локня, Теткино елдімекендерінде жалғасуда.
Курскіде Украина әскеріне «Вагнер» ЖӘК-тен қалған сарқыншақ бөлімдер – «Аида» және «Питерский» әскери топтары қарсы күресуде.
Ресейлік әскери блогерлер: «Украина Курчатов қаласындағы Курск атом электр стансасын басып алмақшы» деген болжам жасауда. Ал Киев бұған дейін Курскі АЭС-ін басып алу жоспары жоқ екенін айтқан.
Бүгін «Курскі АЭС-і штаттық режимде жмыс жасап тұрғанын, оған қарсы ешқандай шабуыл болмағанын» ресми түрде хабарлады АЭС басшылығы.
Осыған дейін Батыстың әскери сарапшылары: «Украина Сум, Запорож және Харьков бағытында 30 мыңға жуық әскерді топтастырып, шабуылды дайындап жатыр», - деп жазған болатын.
Украина әскері Ресейдің Курскі облысының аумағына 2024 жылдың 6 тамызында әскер кіргізіп, Курск облысының біраз аумағын басып алған. Кейін Ресей әскері басып алған аумақтың шамамен жартысына жуығын (40%-ын) қайтарды, алайда қазірге дейін Украина күштері Суджа мен шамамен 500 шаршы шақырым жерді бақылауда ұстап тұр.
СОҚҚЫ АСТЫНДА ҚАЛҒАН БЕЛГОРОД ОБЛЫСЫ...
Тақырыпқа тұздық: Украина әскері бүгін Курскімен қатар Ресейдің Укаринамен шекаралас орналасқан Белгород облысына да ауқымды шабуылдар жасады. Қаза тапқандар мен жараланғандар бар.
Белгород облысындағы шабуылға ұшыраған елдімекендер: Волоконовскі ауданы, Екатериновка елдімекені, Валуйскі ауылдық округі, Борки, Долгое елдімекендері, Чремошное-Никольское автожолы, Крутой Лог елдімекені.
Түйін: Украина Курскі облысына нақты қанша әскермен шабуыл бастады, бұл шабуыл ұзақ мерзімді операция ма, әлде қарсылас әскерінің тамырын басып көру тактикасы ма, ол жағы белгісіз. Десе де, Украинаның бүгінгі шабуылы – 2025 жылғы алғашқы ауқымды шабуылдардың бірі болды. Әскери сарапшылар Ресей мен Украина әскері ақпанның соңына дейін соғысып, артынша келіссөз басталатынын болжауда.
Mezgil.kz