АҚШ-тың 47-ші президенті Дональд Трамп Гренландияны қосып алу жоспарының шынайы екенін тағы бір мәрте мәлімдеді. Трамп өзінің ұлы мен АҚШ-тың өзге де өкілдері Гренландияға аттанып, бірнеше аймағын аралайтынын айтты.
Truth Social әлеуметтік желісінде Трамп жазба қалдырды. «Мен Гренландия тұрғындарының нағыз «MAGA» екенін білемін (MAGA – «Америкаға ұлы кезеңді қайтарайық» деген ұран). Менің ұлым және өзге де өкілдер Гренландияға аттанып, оның ең керемет жерлерін аралап көретін болады. Гренландия – ғажап мекен, егер ол бізге қосылса біздің ұлы халқымыздың бір бөлігіне айналып, шексіз игіліктерге ие болмақ. Біз оны қорғайтын боламыз және қатыгез әлемнен сақтаймыз. Солай боларына сенемін. Гренландияны қайта ұлы етейік», - дейді АҚШ президенті.
Осыған дейін The Hill басылымы Гренландияны АҚШ-қа қосу НАТО-ны әлсіретіп, тіпті құрдымға жіберуі мүмкін екенін айтқан болатын. Басылымның болжамынша Трамптың әрекеті өзге аймақтардағы қақтығыстарды арттыруы мүмкін. Мысалы «Қытай Тайуанға басып кіріп, Трамптан үлгі алдық деп ақталар еді» дейді мақала авторлары. Сарапшылар Трамптың Гренландия мен Канадаға сөзбен соқтығуы НАТО-ның ішіндегі ішкі бірлікті әлсіретеді деп санайды.
Дания патшасы Фредерик Х Трамптың түрлі құқайынан кейін Гренландияның қауіпсіздігін күшейтіп, мемлекеттік елтаңбаны өзгерту шешімін қабылдады. Ол жаңа елтаңбада Гренландия мен Фарер аралдарын айқын көрсетіп, сыртқы агрессияға қарсы тұратынын аңғартты.
Данияның елтаңбасы соңғы 5 ғасырда ауқымды өзгеріске ұшыраған емес. Елтаңбада Кальмар униясының біріккен үш патшалығының тәжі қалқанда белгіленіп келді. Кальмар униясына Дания, Норвегия және Швеция қосылған еді. Ендігі таңда қалқандағы ақ аю мен күміс түстес қошқардың суреті айқын бейнеленіп, ұлғайтылды. Бұл Гренландия мен Фарер аралдарын білдіреді.
Дональд Трамптың ұлы Гренландияға сейсенбі күні бармақ. Ол Гренландия билігімен кездесу өткізеді және кәсіпкерлермен арнайы таңғы ас ішпек. Дональд Трамп Гренландияны Даниядан сатып алуға ниет білдіруде, алайда Дания премьері бұл идеяны «абсурд» деп атады. Трамптың пікірінше Гренландия АҚШ үшін ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан аса маңызды аймақ саналады.
АҚШ президенті Трамп Канада мен Панамаға да соқтығысуда. Ол Канаданы 51-ші штат болып қосылуға шақырса, Панамадан «Панама каналын» тартып алуы мүмкін екенін айтумен келеді.
Mezgil.kz