Қираған техника мен сарбаздарда есеп жоқ: Курскі Путин билігінің ақыры ма?

Украина Ресейдің Курскі облысының аумағына өткен жылдың тамызында әскер кіргізген еді. Украина әскері Курск облысының біраз аумағын басып алған.  Кейін Ресей әскері басып алған аумақтың шамамен жартысына жуығын (40%-ын) қайтарды, алайда қазірге дейін Украина күштері Суджа мен оның төңірегіндегі бірсыпыра елдімекенді өз бақылауында ұстап отыр.

1736252212456778.jpg

КУРСКІДЕГІ ШАЙҚАСТАР ҚАЛАЙ ӨРБУДЕ: ISW КАРТАСЫ...

Жақында Соғысты зерттеу институты (ISW) Курскідегі ахуалдар бойынша баяндама жасады. ISW 5-6 қаңтардағы геолокациялық кадрларды сараптай келе, Украина Курскі облысында алға жылжап келеді деп тұжырымдайды. Ол бойынша: Украина әскері Суджа ауданының оңтүстік-шығысында, Бердин елдімекенінің оңтүстігінде, Руское Поперечное елдімекенінің орталығында және Новосотницкі елдімекенінің орталығында едәуір алға жылжыған.

Аталған аумақтарда қиянкескі шайқастар болғанын осыған дейін Ресей Қорғаныс министрлігі растап, «z» блогерлер Украина әскерінің шабуылына тойтарыс берілгенін хабарлаған.

ISW зерттеушілері: «5 қаңтардағы карта бойынша, Ресей Малая Локния елдімекенінен солтүстікке қарай жылжуда. Ресей Курскідегі шабуылдарды тойтару үшін Запорож облысындағы әскерінен бөліп, 177-ші теңіз-жаяу әскерінің полкін әкелген болуы мүмкін», - деп жазады.

ЗЕЛЕНСКИЙ: БІЗ СОҒЫСТЫ РЕСЕЙДІҢ ӨЗ ЖЕРІНЕ ДЕЙІН ЖЕТКІЗДІК!

Кеше Курскідегі шайқастар туралы Украина президенті Зеленский арнайы мәлімдеме жасады.

«Ресей Курскі шайқастарында 38 мың сарбазынан айырылды. Оның 15 мыңы қаза тапқандар. Курскі операциясының басталғанына 5 айдан асып барады. Украина осы уақыт ішінде Курскідегі буферлік аумақты сақтап қана қоймай, Ресейдің әскери потенциалын белсенді түрде жойып жатыр. Ресей Курскіні қорғау үшін майданның басқа шептерінен әскерін сол жаққа апарып жатыр. Солтүстік Корейдің сарбаздары да сонда жіберілген. Ең бастысы – қазір Ресей Курскідегі әскерін біздің жерге, соның ішінде Донецкіге, Сумға, Харьков пен Запорожға соғысуға жібере алмайды. Біздің ержүрек жауынгерлеріміз осылайшы басқыншы Ресей әскерін өз жерлеріне, соғысты өз территорияларына кері қайтарып жатыр», - деді Украина Президенті.

РЕСЕЙ КУРСКІДЕ ҚАНША ӘСКЕРІНЕН, ҚАНША ТЕХНИКАСЫНАН АЙЫРЫЛДЫ?

Украина Қарулы Күштерінің Бас штабы да 5 айдан бергі Курскідегі соғыстың аралық есептерін жариялады.

«Ресей Курскіні қорғауға Әуе-десанттық күштердің, теңіз-жаяу әскердің және арнайы жасақтың ең мықтыларын жіберді.  Мәскеу едел-жедел Солтүстік Корейден көмек сұрауға мәжбүр болды. Солтүстік Корей 12 мыңға жуық әскер жіберді. Олардың 4 мыңының көзі жойылды. Ресейдің жалпы адам шығыны 38 мыңды құрайды. Оның 15 мыңы қаза тапқандар.

Ресей Курскіде 104 танкінен, 575 бронды көлігінен, 1104 әскер көлігінен, 330 артиллериялық кешенінен, 12 ДАРК-тан (РСЗО), 12 ӘҚК-тен (ПВО), 1 ұшағынан, 3 тікұшағынан, 859 дронынан, 32 арнайы техникасынан айырылды.

Украина әскері Курскі операциясы кезінде Ресейдің 860 сарбазын тұтқынға алды. Курскі операциясы үшін Украинаның 2 мыңға жуық әскери қызметкері наградалармен марапатталды», - делінген Укриана ҚК Бас штабының мәліметінде.

БРИТАНИ ПОЛКОВНИГІ: ПУТИН БИЛІГІНІҢ АҚЫРЫ КУРСКІДЕН БАСТАЛАДЫ...

Жуырда «The Telegraph» басылымы: «Курскі 2025 жылы Путин үшін билігінің ақыры болуы мүмкін», - деген мақала жариялады. Мақала авторы – Британ армиясының доғарыстағы полковнигі, әскери аналитик Хемиш де Бреттон-Гордон.

Ол өз мақаласында: «Путин Рождествоға дейін (Ресей жұрты Рождествоны 7 қаңтарда атап өтеді) Курскіне толықтай қайтаратынын айтқан. Көріп отырғанымыздай, Укарина керісінше Курскіде күш алып келеді. Бұл Путин диктатурасы үшін тағы бір психологиялық соққы болды.

1943 жыл Гитлер үшін қаншалықты тағдыршешті болса, 2025 жыл Путин үшін де сондай тағдыршешті жыл болуы мүмкін. Бұл дегеніңіз – 2025 жылы Путин билігінің ақыры осы Курскіден басталады деген болжамды тудырады.

Украина соңғы күндерде Курскіде қарқынды шабуылдар жасауда. Болжалды түрде Ресейдің 801-ші теңіз-жаяу әскері ауқымды соққы алған болуы мүмкін», - деп жазады.

АЛДАҒЫ АПТАЛАР УКРАИНА ҮШІН ТАҒДЫРШЕШТІ БОЛМАҚ!

Ал The «Washington Post» гәзеті: «Украина жалпы Ресеймен соғыста қаза тапқандар мен жаралыларды қосқанда 400 мың сарбазынан айырылды. Бұл сандардың өзі азайтылған нұсқада. Украинаның әскер шығыны бұдан көп болуы мүмкін», - деп жазады.

Аталған басылым алдағы бірнеше аптада Украинаның тағдыры шелілмек деген тезисті талқыға ұсынады.

«Алдағы бірнеше апта Украина үшін тағдыршешті болмақ. Украина өз шекарасында дербес мемлекет болып қала ма, жоқ па деген мәселе анықталады. Украинаға, оның халқына мемлекет болып қалуы үшін толықтай қауіпсіздік кепілдігі беріле ме, әлде Путин едел-жедел келіссөздер арқылы жеңіске жеткеніне масайрап, алашапқын бола ма, сол анықталатын апталар болмақ», - деп жазады.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар