1–қаңтарда Украина аумағы арқылы Ресей газын транзиттеуді тоқтатылды. Украина Ресеймен газды тасымалдау келісімін тоқтататынын желтоқсанда айтқан болатын. Молдоваға газ Украина аумағы арқылы келеді. Алайда транзиттің тоқтауынан кейін, Молдова газсыз қалды.
Молдова билігі мен ресейлік «Газпром» компаниясы арасында да дау бар. «Газпром» Кишиневтың миллиондаған доллар қарызды төлемегенін айтуда. Ресми дерек бойынша Молдова билігі «Газпромға» 709 млн еуро қарыз. Молдова қарызды төлеуге ниетті еместігін айтты.
Ресей газынсыз қалған Молдова энергетикалық дағдарысқа ұшырады. Молдовадағы ең ірі электр өндіру станциясының бірі Приднестровье аймағында орналасқан. Приднестровье бүлікшілері ресейлік газдың тоқтатылуына байланысты Молдоваға энергия беруді де тоқтатты. Алайда Кишинев тығырықтан шығу жолын іздеуде және Румыниядан энергия сатып алуды үш есеге арттырды. Румыния Молдоваға энергияны жеңілдікпен сатуда. Ал Румыниядан алған энергияны Кишинев Приднестровье аймағына беруге ниетті емес.
Бүлікші Приднестровье аймағы өз тарихындағы ең ірі энергетикалық дағдарысқа ұшырауда. Мектептер мен балабақшаларда жылу жүйесі өшірілген, каникул мерзімі ұзартылды. Тұрғын үйлерге жылу мен су беру шектеулі негізде іске асуда. Бағдаршамдар өшіріліп, жол ережесін жол полиция қызметкерлері реттеуге тырысуда. «Тирастеплоэнерго» жергілікті тұрғындарды жылуды үнемдеуге, қалың көрпе сатып алуға және күндіз жылу жүйесін қолданбауға шақырды.
Приднестровье билігі уақытша жылыну орындарын ашты. Көшеде ыстық тамақ таратуда. Халыққа отын таратылып, көмір берілуде. Билік өкілдері көмір қоры қаңтардың соңына дейін ғана жететінін айтуда.
«Новости Приднестровья» порталы Приднестровьенің оңтүстігінде газ қоры 20-қаңтарға дейін, ал солтүстігінде газ қоры 10-қаңтарға дейін жететінін жазды. Соңғы жылдары «Газпром» Приднестровьеге күніне 5,7 млн куб метр газ жеткізіп тұрды. Ал Тирасполь ол газдан энергия өндіріп, оны Кишиневке сатумен болды. Приднестровье аймағының заңсыз басшылары энергия тапшылығын ГЭС көмегімен реттеуге тырысуда, алайда бұл тапшылықты өтей алмайды дейді мамандар.
Кишинев жағдайдың қиындауына байланысты қол ұшын созуға дайын екенін айтты. Дей-тұра Приднестровьенің заңсыз билігі «Молдованың көмек қолын созғаны өтірік» дейді.
Сарапшылар Приднестровье аймағы үшін дағдарыстың күшейе түсетінін болжауда. Украина мен Ресей арасындағы соғысқа байланысты Мәскеу Приднестровьеге тікелей көмек көрсету мүмкіндігінен айырылды. Ал Молдова билігі ЕО-мен байланысын күшейтіп, Румыниядан энергия алуда. Сарапшылар жан-жақты құрсауда қалған бүлікшіл Приднестровье жақын аралықта Молдоваға қайта оралуы мүмкін деп болжам жасауда.
Mezgil.kz