The New York Times: Ресей посткеңестік елдердегі ықпалын жоғалтуда!

Жуырда «The New York Times» басылымы: «Ресей посткеңестік елдердегі ықпалын жоғалтуда. Әзербайжанмен қақтығыс осының басын ашып берді», - деп жазады. Біз аталған мақаланы ықшамдап, Mezgil.kz оқырмандарының талқысына ұсынғанды жөн санадық.

1736332195152548.jpg

«NYT» (The New York Times): «Әзербайжан президенті Әлиевтің атып түсірілген әзербайжан ұшағы үшін жауапкершіліктен жалтаруға тырысқан Ресейді тағы да айыптады. Бұл бұрынғы КСРО елдеріне Ресей ықпалының жоғалғанын көрсетіп, Кремльмен арадағы қарсылықты күшейте түскенін білдіреді», - деп жазады.

Әлиев: «Ұшақты Ресей атып түсірді», - деп әзербайжан тілінде емес, орыс тілінде, яғни Ресей тілінде сөйледі. Сарапшылар мұны: «Әлиев Әзербайжан ұстанымын Мәскеудің құлағына жеткізу үшін солай істеді», - деп бағалайды.

Ақтаудағы ұшақ апатынан кейін Әзербайжандағы саяси орта өкілдері Әлиев пен Путин арасындағы тығыз қарым-қатынастарға қарамастан, Ресейге тым қатты шүйлікті.

Бакудегі Халықаралық қатынастарды талдау орталығының төрағасы Фарид Шафиев «NYT-ке»: «Ресейдің «империялық тентектігі» апаттың мән-жайын жасыруға тырысуынан анық көрініп тұр. Олар ескі әдеттеріне басып, бұрынғы кеңестік елдердің барлығына төбеден қарайды», - деп пікір білдіреді.

Әлиев жуырда: «Ұшақ апатына кінәлілер жазалануы тиіс! Бұл апаттан Әзербайжан азаматтарының қаза болуына Ресей Федерациясының өкілдері кінәлі деп сеніммен айта аламын. Біз әділдікті талап етеміз, кінәлілердің жазалануын талап етеміз, толық ашықтық пен адами мінез-құлықты талап етеміз», - деді.

Ал Ресей билігінің ешбір өкілі Әлиевтің мәлімдемесіне «ләм-мим» деп жауап қатқан жоқ.

Фарид Шафиев: «Мәскеудің бұлай тым-тырыс жатуы - оның посткеңестік әлемдегі өз үстемдігіне деген астамшыл сенімділігін көрсетуі мүмкін. Бірақ бұл сенімнің мүлде ағат екендігін Сириядағы ресейшіл режимнің аяғының көктен келуі көрсетіп берді. Қазіргі уақытта олар өздерін бұрынғы ескі әдетімен ірі қағанат (держава) санай отырып, өздерін жағалары жайлаудағыдай сезінулері мүмкін, бірақ уақыт өте келе бұл ахуал мүлдем өзгеруі мүмкін», - дейді.

«The New York Times» басылымы: «Ресейдің бұрынғы КСРО-ның әр түкпірінде өз ықпалын жоғалтқан. Армения ендігі жерде Ресейден өз қауіпсіздігінің кепілі деп санамай, Батыс пен Ираннан қолдау сұрап отыр. Орталық Азияда Қытай күш алып келеді, себебі осы аймақтағы бұрынғы кеңестік республикалар Ресейді әлсіреген және Украинадағы соғысқа бейілі ауған деп есептейді. Ал өткен аптада ғана оккупацияланған Приднестровьеде тағы бір жарықшақ пайда болды. Ресейден газ жеткізудің тоқтатылуы Ресейдің өңірдегі өзінің тас қамалын сақтап қалу қабілетіне күмән келтірді. Өз кезегінде, Әлиев қазба отынды сатудан табыс тауып, Арменияны жеңгеннен кейін өзіне деген сенімділігін арттыра отырып, ұшақ апатының салдарын Путинге тәуелділіктен арылу үшін пайдаланады», - деп жазады.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар