Израиль мен ХАМАС арасында келісім жасауға қатысты келіссөздер жалғасуда. Катарда өткен келіссөздер барысында тараптар келісімді үш кезеңге бөліп, іске асыруды ойластыруда. Құжаттың соңғы нұсқасы ХАМАС пен Израильге берілді.
Израиль тарапы келісімнің алғашқы аптасында ХАМАС қолындағы 99 тұтқынның 34-ін босату керектігін айтты. Бірінші болып әйелдер, балалар, науқастар тұтқыннан босатылуы қажет. Израиль өз кезегінде палестиндік тұтқындарды босатуға дайын. Олардың нақты саны бекітілген жоқ, бірқатар ақпарат көздері олардың саны 1300-ден асуы ықтимал екенін жазды. ХАМАС Газада қаза тапқан Яхья Синвардың мүрдесін беруді сұрады. Алайда Израиль БАҚ-тары Синвардың денесін ХАМАС-қа беру туралы мәселе құжатта жоғын айтты және мүрдені беруге ниетті еместігін жеткізді.
Израиль әскері келісімнің алғашқы кезеңінде Газада қалады. «Филадельфия дәлізі» деп аталатын аумақты бақылауда ұстап, Газа маңында құрылған буферлі зоналарда әскерін топтастыратын болады. Газаның солтүстігіне босқындардың қайтып оралуы үшін Израильдің бірқатар әскери бөлімшелері Нецарим ауданынан шығарылады.
Келісімнің бірінші кезеңі 40-42 күнге созылуы тиіс. Аталған аралықта ұрыс қимылдары тоқтатылады. Израиль әскері ХАМАС-тың келісімді бұзуына қатысты дәлелдер, қару тасу фактілерін анықтайтын болса соққы жасайтынын ескертті.
Келісімнің екінші кезеңі іске асуы үшін бірінші кезеңдегі шарттар орындалуы тиіс. Екінші кезеңде тұтқын алмасу жалғасады. Израиль өз тарапынан түрмедегі палестиндік тұтқындарды шығаруы қажет. Тұтқыннан 7-қазанда шабуылға қатысқан «Нухба» жасағының өкілдері босатылмайды. Тұтқындар не Газаға, не Иордан өзенінің Батыс жағалауына жіберілуі мүмкін. Келісім жасасқанға дейін тұтқын алмасу бойынша шарттар өзгеруі ықтимал. Израиль тұтқыннан босатылған палестиндіктердің қандай да бір қарулы топқа қайта мүше болмауы тиістігін айтты.
Тараптар келісімді бекіте алса, Газаға гуманитарлық көмек кіргізу көлемі еселеп артпақ. Гуманитарлық жүкті жеткізу бойынша да логистикалық мүмкіндіктер саны артады. Жүк теңіз, әуе және құрлық арқылы жеткізілетін болады.
Келісімнің екінші және үшінші кезеңіне қатысты нақты келіссөздер ұрыс қимылдарын тоқтатқаннан кейін, араға 16 күн салып басталады. Сарапшылар қазіргі сәтте Израиль мен ХАМАС келісімді бекітуге әзір екенін айтты. Келісім Трампты ұлықтау рәсіміне дейін, яғни бір аптаның ішінде бекітілуі қажет. Ақпарат көздері жауласушы тараптар 17-қаңтарда келісімге қол қоятынын жазуда.
Келісім толық іске асса, Газаның тағдырына қатысты нақты келіссөздер басталмақ. Ол бойынша Газадағы бейбіт келісімнің іске асуын қандай әскери құрылымдар қадағалайтыны, Газаны қалпына келтіру миссиясы қалай іске асатыны, бітімгерлік күштері мен ХАМАС-тың тағдыры талқыланады. Израиль ХАМАС-тың толық ұйым ретінде жойылуын басты шарттың бірі етуде. Ол бойынша ХАМАС ұйымы таратылып, тірі қалған көсемдері Катарға шығарылуы ықтимал. Ал Газаны бақылау Иордан өзенінің Батысындағы Палестинаға берілуі мүмкін.
Mezgil.kz