Кешелі-бері Ресейдің көптеген өңірлерінен тыныштық кетті. Украинаның оқ тұмсықты темір құстары кең ауқымды шабуылдар жасады. Жалпы картина: Өрт, жарылыстар мен жабылған әуежайлар... Бүгін солардың бірсыпырасына шолу ұсынамыз...
(Сурет: rbc.ua)
ҚАЗАНДАҒЫ ӨРТ: «ЛЮТЫЙ» ҰШЫП ЖЕТКЕНДЕ, МИННИХАНОВТАН МАЗА КЕТЕДІ...
14 қаңтарға қараған түні Украинаның соққылаушы дрондары Татарстан астанасының маңына ұшып жетті. Қазанға жасалған шабуылдан газ цистернасы өртенді. Татарстан райысы Рустам Минниханов: «Қазанға шабуыл жасалды. Содан шыққан өрт жедел сөндірілді. Зардап шеккендер мен айтарлықтай қирандылар жоқ. Қаланың барлық кәсіпорындары қалыпты режимде жұмыс істеуде», - деді бұл туралы.
Белгілі болғаны: Соққылаушы дрон «Казаньоргсинтез» химиялық зауытының жанындағы сұйытылған газ базасына соққы жасаған. Соққы – «Лютый» дронымен жасалған. Бұл дрон түріктің әйдік «Байрактарының» егіз қозысы саналады. Алыс қашықтыққа ұшады (1000 шақырымға дейін). 50 келіге дейін жарылғыш зат алып жүруге қабілетті.
Ал соққы жасалған нысан («Казаньоргсинтез» химзауыты) – поликарбонаттар, сэвилен және металлоценалық полиэтилен шығаратын ресейлік жалғыз өндіруші болып табылады.
НИЖНЕКАМСКІ ӘУЕЖАЙЫ: БІР АШЫЛЫП, БІР ЖАБЫЛЫП...
Ал Росавиация Татарстанның Нижнекамск қаласындағы Бегишево халықаралық әуежайында ұшақтарды қабылдау мен жөнелтуге уақытша шектеулер енгізілгенін мәлім етті.
Украинаның соққылаушы дрондары көбіне-көп Ресейдің стратегиялық әскери және инфрақұрылымдық нысандарына ғана соққы жасауда. Солардың ішінде: Мұнай өңдеу зауыттары (МӨЗ), мұнай мен жағармай қоймалары, әскери өндірістік нысандар мен әскери нысандар, әскери әуе айлақтары т.б. Осы есеппен, Украина өз аумағына соққылаушы дрондар зауытын орналастырған Татарстанға шабуылдарды дүркін-дүркін ұйымдастырып келеді. Десе де, өткен түнде Украинаның соққылаушы дрондарымен арпалысқан жалғыз Татарстан емес. Бірсыпырасы мінекей:
Бүгін Украина дрондары Татарстанға екінші мәрте шабуыл жасады. Екінші шабуыл таңда болды. Жалпы Украина түнде 200-ден астам дронмен («PD-2», «Бобёр», «Лютый», «UJ-22») Брянск, Тула, Саратов, Самара, Орлов, Курск, Белгород, Воронеж, Татарстан, Краснодар аймақтарын шабуылдаған.
РЕСЕЙДІҢ 12 ӨҢІРІНЕ ШАБУЫЛ: БҮЛІНГЕН КӘСІПОРЫНДАР МЕН ЖАБЫЛҒАН ӘУЕЖАЙЛАР...
Украина Қарулы Күштері өткен түні Ресейдің 12 өңіріне соққылаушы дрондармен шабуыл жасаған. Ростов облысында – 14, Орлов облысында – 17, Тула облысында – 16, Самара облысында – 15, Курскі облысында – 4, Белгород облысында – 3, Брянскі облысында – 3, Краснодар облысында – 2, Волгоград облысында – 1, Воронеж облысында – 1 дронның атып түсірілгені туралы Ресей тарабы мәлімдеді.
Саратов облысында Украинаның дрондарынан 2 өнеркәсіптік кәсіпорын бүлінді. Бұл ақпаратты облыс губернаторы Роман Бусаргин растап: «Бүгін Саратов пен Энгельс ҰҰА жаппай шабуылына ұшырады. ӘШҚ құралдарымен көптеген дрондар жойылды. Шабуыл нәтижесінде Саратов пен Энгельстегі 2 өнеркәсіптік кәсіпорынға нұқсан келді», - деді. Жергілікті басшысық нақты қандай нысандардың бүлінгенін нақтыламаған.
Дронның шабуылы барысында Қазан, Калуга, Саратов, Тамбов, Ульяновск және Пенза әуежайлары өз жұмыстарын тоқтатты.
ТУЛА: ӨРТЕНГЕН КӨЛІКТЕР ПЕН ҚИРАҒАН ҒИМАРАТТАР...
Ресейдің Туласы да Украинаның соққылаушы дрондарының ауқымды шабуылына ұшырады. Тула облысында 60 мыңнан аса адамы бар Алексин деген шағын қалашық бар. Сол қалашыққа ең кемі 16 соққылаушы дрон ұшып жеткен. Бірнеше автокөлік өртеніп, тағы бірнеше шаруашылық құрылыс нысаны бүлінген. Кейбір тұрғын үйлердің терезе-әйнектері қираған.
БРЯНСКІГЕ СОҚҚЫ: КСРО-ДАН ҚАЛҒАН МҰРАНЫҢ КӨЗІ ЖОЙЫЛДЫ МА?
Ресейдің Брянскі облысының басшысығы: «Украина Брянскі облысының аумағына құрамдастырылған зымырандық соққы жасады. Шабуылға америкалық ATACMS зымырандары пайдаланылды», - деп мәлімдеді.
Белгілі болғаны: Соққының көздеген нысаны – Сельцо қаласында орналасқан КСРО-ның 50 жылдығы атындағы Брянск химия зауыты. Сондай-ақ, Брянск маңындағы оқ-дәрілер қоймасы да соққыға ұшыраған.
Брянск химия зауыты - дүркін атыстың реактивті жүйелеріне арналған снарядтар мен артиллериялық оқ-дәрілердің әр түрлерін қоса алғанда, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттар өндіретін ресейлік жетекші кәсіпорындардың бірі болып саналады.
Ресейлік БАҚ-тар Брянск қаласындағы «Кремний» зауытының аумағында да зымыран сынықтары құлағанын жазады. Микроэлектроника шығаратын «Кремний» зауыты да ресейлік ӘӨК-мен жанама байланысты өндіріс орны.
Түйін: ВВС дерегі: Украина 2024 жылы Ресей жеріндегі МӨЗ-дерге соққылаушы дрондардың көмегімен 81 мәрте дөп соққы жасаған. Соққылардың дені Ресейдің оңтүстік аймақтарындағы мұнайлы нысандарға жасалған. Жалпы соққылардың 20%-ы Краснодар аймағына, 8-і Ростов облысына, 6-сы Белгород облысына, 5-і Орловқа, тағы 5-і Волгоград облыстарына жасалған. Ең кемі 64 соққының нәтижесінде ауқымды өрт болған.
Mezgil.kz