АҚШ билігінің 10-қаңтарда Ресейге қарсы салған санкциясының салдарынан Ресейдің құны 3,5 млрд долларға жуық мұнайы порттарға кіре алмауда. Халықаралық энергетикалық агенттіктің жазуынша санкциялар Ресейдің көлеңкелі бағытта мұнай тасуына үлкен соққы жасады. Мәскеуге тиесілі деген 65 танкер порттарға кіре алмай, ашық теңізде якорь тастауға мәжбүр болған.
Bloomberg-тың жазуынша 4 млн баррель мұнайды тиеген 5 танкер Қытайдың Шаньдун аймағына жақын су айлақтарында тұр. Бұл Қиыр Шығыстан ESPO және Sokol мұнай сұрыптарын әкеле жатқан танкерлер саналады. Әдетте аталған мұнай сұрыптарын Қытайдың мұнай өңдеу зауыттары қолданады. Жеті танкер Сингапур жағалауына жақын маңға тоқтаса, ондаған танкер Қиыр Шығыс пен Балтық теңізінде якорь тастаған.
Санкциядан кейін Ресейдің 2,5 аптада өндіретін мұнайы ашық теңіздегі танкерлерде қалып қойған. Ресей танкерлері күндігіне 3 млн баррель мұнай тасыған. Сарапшылардың айтуы бойынша 53 млн баррель мұнай тиеген танкерлер ашық теңізде сатып алушыларға өнімді жеткізе алмай, қаңтарылып тұр.
Lloyd’s List Intelligence зерттеушілерінің жазуынша көлеңкелі флоттың көлемі 670 танкерді құрайды. Қазіргі сәтте сол танкерлердің 10 пайызға жуығы ашық теңізде тоқтауға мәжбүр болған. Санкциялық тізімге қаңтар айында 183 ресейлік танкер енгізілген. Осылайша санкция арқалаған ресейлік танкерлер саны жалпы негізде 300-ден асты.
Мамандар санкция салдарынан Ресейдің көлеңкелі флот арқылы мұнай тасуы 30 пайызға азаятынын болжауда. Бұл әлемдегі мұнай бағасының орта есеппен 5-7 долларға өсуіне ықпал етпек.
Mezgil.kz