Израиль мен ХАМАС ұрысты тоқтату туралы келісімге қол қойды! Катарда кездескен екі тарап өкілдері 15 айдан асқан қырғын соғысты тоқтату туралы келісімге келген. Бұл ақпаратты Израиль, Катар, АҚШ басшылары ресми түрде мәлімдеді. Біз бүгін осы келісімнің бүге-шүгесіне тоқталмақпыз...
15 АЙДАН АСҚАН ҚЫРҒЫН СОҒЫС: КЕЛІСІМ ШАРТТАРЫ ҚАНДАЙ?
Израиль мен ХАМАС арасындағы ұрысты тоқтату туралы келісім туралы әуелі Израиль билігі хабарлады. Ал келіссөзге алаң ұсынған Катар премьеррі Мұхаммед бен Абдулрахман әл-Тани келісімнің кепілге алынғандар мен тұтқындарды босатып, «тұрақты тыныштықты» қалпына келтіретінін айтты. Сонымен:
(Сурет: Shutterstock.com)
Келісім үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – 6 аптаны құрайды. Бұл кезеңде ұрысты, атысты тоқтату режимі енгізіледі. Келіссөз барысындағы міндеттемелерді тараптар толық орындаса, ұрысты тоқтату режимі 19-қаңтарда басталуы мүмкін.
ХАМАС Израильдің 33 тұтқынын босатады (әйелдер түгел босатылады). Бұлардың ішінде жастары 50-ден асқан әскери қызметкерлер мен балалар да бар. Босатылған әрбір тұтқынға Израиль палестиналық 30 тұтқыннан босатады. Егер әскери қызметкер болса, 50 тұтқынға алмастырылады.
Израиль ұзын-саны 1977 палестиналық тұтқынды босатуы тиіс. Олардың 290-ы өмір бойы бас бостандығынан айырылғандар. Олар Палестина Автономиясының аумағына оралу құқығынан айырылады және өздерінің таңдауы бойынша Катар, Түркия немесе Алжирге жіберіледі.
Әр күн сайын Газа секторына гуманитарлық жүк тиелген 600 жүк көлігі кіргізіледі. Қазіргі сәтте кіргізілетін жүк көліктерінің саны 100-ге жуық. Бұл тармақ қазірдің өзінде орындала бастады дейді БАҚ. Яғни Газаға жүк көлігін кіргізу бүгінгі таңнан бастап екі есеге артқан.
Келісімнің бірінші кезеңінің 16-шы күні екінші кезеңнің жай-жапсарын талқылау басталады. Бірінші кезеңдегі шарттар толық орындалса, онда 6 аптаның ішінде екінші кезең басталады.
Екінші кезең – 40-42 күнді құрайды. Екінші кезеңде тараптар тұтқын алмасуды толық іске асыруы тиіс. ХАМАС өз қолындағы тұтқындарды береді, Израиль келісім аясындағы тұтқындарды босатады. Израиль әскері Газадан шығарылады және Газа маңындағы буферлік аймаққа орналастырылады. Мүрделер алмасу іске асады.
Үшінші кезеңде – тараптар Газаны қалпына келтіру бағдарламасын БҰҰ-да кең талқылау өтеді. Келісімнің бұзылмауын АҚШ, Мысыр және Катар қадағалайды. Өткізу бекеттері ашылады.
(Сурет: Anadolu Agency)
«ТЕМІР СЕМСЕРЛЕР СОҒЫСЫ»: ХАМАС ПЕН ИЗРАИЛЬ СОҒЫСЫНЫҢ ХРОНОЛОГИЯСЫ
ХАМАС-тың пайда болуын 1987 жылы палестиналық шейх Ахмед Ясиннің ХАМАС-ты Мысырдағы «Мұсылман ағайындарының» (террористік ұйым деп танылған) бір бөлігі ретінде құрған кезге жатқызады. Бүгінгі таңда Еуроодақ елдері, Израиль, АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Жапония ХАМАС-ты «террористік ұйым» деп таныған.
«Темір семсерлер соғысы» деп аталатын Газа секторындағы соғыс – Израиль мен палестиналық исламшыл ХАМАС тобы арасындағы қарулы қақтығыс.
Бұл соғыс 2023 жылы 7 қазанда ХАМАС пен басқа да қарулы топтар Израильге басып кіріп, шабуылдағаннан басталып кетті. Бұған жауап ретінде Израиль Газа секторында жер үсті операциясын бастады. Екі жақтан да айтарлықтай әскери, адами шығындар болды.
9 қазанға қарай Израиль өз аумағын бақылауды қалпына келтірді. 13 қазаннан бастап жауаптық рейдтерді бастады. Ал 27 қазанда толық ауқымды жерүсті операциясына кірісті. 2024 жылғы 29 мамырда Израиль секторды Мысырдан бөліп тұратын дәлізді бақылауға алды.
Израиль ХАМАС туннелдерінің бір бөлігін және олардың әскери инфрақұрылымының басқа да элементтерін жойды. ХАМАС бұрынғы зымырандық әлеуетінен және бірсыпыра әскери көшбасшылардан айырылды.
Негізінен 2023 жылғы қарашаның аяғындағы айырбас мәмілесінде ХАМАС тарапынан кепілге алынғандардың көпшілігі босатылды, құтқарылды немесе өлі табылды. 7 қазанда тұтқындалған 97 адам, соның ішінде қаза тапқандардың денелері әлі де ХАМАС-та.
(Сурет: Шауль Голан)
ИЗРАИЛЬДІҢ ӘСКЕР ЖӘНЕ АДАМ ШЫҒЫНЫ ҚАНША?
Бұл соғыста Израильдің 1650-ге жуық тұрғыны, соның ішінде 756 әскери және полиция қызметкері қаза тапты. Ресми түрде ЦАХАЛ баспасөз қызметі бір мыңға жуық жараланғандар туралы мәлімдеген.
Араб әлемі мен Иранда үлкен шу тудырған материал – израильдік журналист Ариэль Шимонның даулы жарияланымы болды. Ариэль Шимон өз елінде қуғынға ұшыраған журналист. Оның деректері Израильдің ресми мәліметінен бірнеше есе көп. Журналистің мәліметінше, осы күнге дейін қаза тапқандардың нақты саны: 3850 солдат пен офицер болған. Ал жараланғандар саны 7000-нан асқан. Олардың 3700-і мүгедек болған. Олардың ішінде 250-ден астам көру қабілетінен айырылған сарбаздар мен офицерлер.
Ұрыс кезінде барлық үлгідегі 500-ден астам жауынгерлік броньды машиналар (танктер, бронетранспортерлер, армиялық автомобильдер) және армиялық бульдозерлер толық немесе ішінара істен шыққан.
Ариэль Шимон: «Егер Америка Құрама Штаттарының қолдауы болмаса, Израильге қиын болар еді. Б.Нетаньяху үкіметі мен премьердің өзі қазіргі Палестина-Израиль қақтығысында ЦАХАЛ-дың жоғалуы туралы шынайы мәліметтерді Израиль қоғамынан әдейі жасыруда», - деп жазды.
(Сурет: Mohammed Salem / Reuters)
ГАЗА СЕКТОРЫНЫҢ ШЫҒЫНЫ ҚАНША?
ХАМАС-қа бағынысты Газаның денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтері бойынша, соғыс кезінде 41 272 палестиналық қаза тапты. Израильдік бағалау бойынша 17 000 палестиналық содырлар қаза тапты. Палестина денсаулық сақтау министрлігінің Газа секторындағы бөлімшесінің мәліметіне сәйкес, қаза тапқандар саны 22 835-ке жетті, жараланғандар саны 58 416-ға жетті.
ГАЗАДАҒЫ СОҒЫС: ҚОС ТАРАП ТА ҚОЛДАУСЫЗ ЕМЕС...
Бұл соғыста Газа секторындағы ғимараттар мен инфрақұрылымның едәуір бөлігі қирады. Газа секторындағы халықтың көпшілігі үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды. Бұны БҰҰ «күштеп көшіру» деп сынады. Газада қалғандар азық-түлiктiң жетiспеушiлiгiмен, аштықпен бетпе-бет келдi. Сол үшін де Оңтүстік Африка Халықаралық қылмыстық сотқа талап қойып, Израильді «геноцид жасады» деп айыптады. 7 ел Оңтүстік Африка тарапында талап арызға қосылуға өтінім берді.
Израиль: Шығыс Жерорта теңiзiне өзiнiң ӘТК-сiн жiберген АҚШ пен Ұлыбританияның және әскери көмек жеткiзушi Германияның әскери қолдауын пайдаланады.
ХАМАС: Өз кезегінде Иранның және онымен байланысты исламшыл топтардың қолдауына ие болды. Атап айтқанда: Хезболла (Ливан және Сирия) және Хуситтер (Йемен).
Хезболланың дүркін-дүркін соққылауы солтүстік Израиль тұрғындарын эвакуациялауға мәжбүрледі. Кейін Израильдің қарсы соғыс ашып, Ливандағы Хезболланы талқандады. Бұл оңтүстік Ливан тұрғындарын эвакуациялауға әкелді.
ХАМАС-ты қолдау және Израильге қысым көрсету мақсатында Қызыл теңіздегі кемелерге шабуыл жасайтын хуситтерге қарсы 20-дан астам елден тұратын коалицияның басшылығымен «Гүлдену сақшысы» әскери операциясы басталды. 2024 жылғы 23 қыркүйекте Израиль Ливандағы Хезболла содырларына қарсы «Солтүстік жебесі» операциясы туралы жариялады. Ол 27 қарашада екі айлық бітімгершілікпен аяқталды.
(Сурет: aa.com.tr)
ХАМАС ПЕН ХЕЗБОЛЛА КІМДЕРДЕН АЙЫРЫЛДЫ?
Израиль Газадағы соғыс кезінде ХАМАС көшбасшыларының бірсыпырасын дәл соққымен көздерін жойды. Израильдің арнайы қызметтері соғыс аяқталған кезде де бүкіл әлем бойынша лаңкестердің көшбасшыларын іздеуге және өлтіруге дайындалып жатқанын мәлімдеді.
ХАМАСТЫҢ КӨЗІ ЖОЙЫЛҒАН КӨШБАСШЫЛАРЫНЫҢ ТІЗІМІ
2023 жылдың қазан айында: Топ жетекшілерінің бірі – Айман Юнис өлтірілді. Онан соң ХАМАС экономика министрі Жабад Әбу Шаммала, ХАМАС Саяси бюросының мүшесі Закария Әбу Маамру, Газадағы әуе құрамасының командирі Мурад Әбу Мурад, «Нухба» арнайы бөлімшесі командирі Біләл әль-Кедра, ХАМАС ұлттық қауіпсіздік оңтүстік округінің командирі Муатазз Ид, Жоғарғы әскери кеңес мүшесі Айман Нофаль, ХАМАС артиллериялық күштері бастығының орынбасары Мұхаммед Қабдаш, ХАМАС барлау басқармасы басшысының орынбасары Шади Баруд, «Дарж Тафах» батальонының командирі Рафат Аббас, ХАМАС ӘТК-нің Газа секторындағы қолбасшысы Ретеб Әбу Сахибана, ӘҚҚ және дрондардың шабуылына жауапты ХАМАС әуе күштерінің басшысы Әбу Рақаба, ХАМАС ӘТК-нің орталық бөлімшесіндегі қолбасшысы Жамил Баба, «Ат-Туффах» батальонының танкіге қарсы бөлімшесінің басшысы Мұхаммед ас-Сафади, ХАМАС танкіге қарсы бөлімшесінде қызмет еткен Мумин әл-Хиджази, ХАМАС техникалық-өндірістік бөлімінің басшыларының бірі Мұхаммед Авадалла, ХАМАС солтүстік бригадасының «Бейт-Лахия» батальонының командирі Насима Әбу Аджине, «Накба» жасағына бұйрық берген деп болжанған батальондардың бірінің командирі Ибрагим Биари өлтірілді.
2023 жылдың қараша айында: ХАМАС танкке қарсы зымыран бөлімшесінің басшысы Мұхаммад Асар, ХАМАС батальон командирі Мұстафа Далула, Газадағы ХАМАС полициясының арнайы қауіпсіздік басқармасының бастығы Жамал Мұса, ХАМАС «Дейр әл-Балах» батальонының командирі Уайл Асафа, ХАМАС қару-жарақ және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Мохсен Әбу Зина, ХАМАС орталық бригадасының танкіге қарсы зымыран бөлімшесінің командирі Ибрагим Әбу-Мағсиб, ХАМАС Солтүстік бригадасының мергендік құрамаларының командирі Мохаммед Калут, ХАМАС орталық бригадасының танкіге қарсы зымыран бөлімшесінің командирі Ахмед Сиам, «Хан Жүніс» бригадасының танкіге қарсы зымыран кешенінің командирі Якуб Ашур, ХАМАС әскери барлау басшысы Мохаммед Хамис Дабабаш, «Изз ад-Дин әл-Касам» батальоны командирінің орынбасары Халил Хараз, ХАМАС әскери-теңіз күштерінің қолбасшысы Амара Әбу Жалалу, ХАМАС әскери кеңесінің мүшесі Ахмед әл-Гандур, ХАМАС зымыран бөлімшесінің басшысы Айман Сиам, Газа секторының солтүстігін жауынгерлік қамтамасыз ету басшысы Раафат Салман, «Солтүстік Газа» бригадасы командирінің орынбасары Ваэл Раджаб өлтірілді.
2023 жылдың желтоқсан айында: «Суджайия» батальонының командирі Васам Фархат, ХАМАС-тың бақылау мүмкіндіктеріне жауапты Абед әл-Азиз Рантиси, ХАМАС бақылау тобының аға оперативі Ахмед Аюш, ХАМАС-тың ақшалай операцияларына жауапты Субха әл-Фаруана, ХАМАС полициясының командирі Махди әл-Акад, Газаның солтүстік бөлігіндегі ХАМАС командирлерінің бірі Хамид әл-Халиди, ХАМАС үшін қару сатып алуға және өндіруге жауапты Хасан Атраш, «Нусейрат» батальонының командирі Исмаил Сарадж, Газаның солтүстік өңіріндегі «Ислам жихады» күштері қолбасшысының орынбасары Мамдух Лулу, Ливандағы ХАМАС жауынгерлік қанатының жоғары дәрежелі командирі Аззам әл-Акра өлтірілді.
2024 жылы: «Радван» күштері бөлімшесі командирінің орынбасары Виссам әл-Тавил, ХАМАС-тың жоғарғы лауазымды шенеунігі Ахмед Элиакуби, Иорданның батыс жағалауындағы ХАМАС көшбасшыларының бірі Вассем Хазем, ХАМАС әскери қанатының қолбасшысы Самир Фанди, Хезболла зымыран корпусының қолбасшысы Ибрагим Кубиси өлтірілді.
Израиль осы соғыста ХАМАС-тың аты аңызға айналған екі лидерінің көзін жойды. Олардың бірі – ХАМАС Саяси бюросының басшысы Исмаил Хания. Хания 2024 жылдың шілдесінде Иранда өлтірілді. Екіншісі – ХАМАС-тың әскербасы, қолбасшы Яхия Синвар. Ол ақырғы сәтке дейін Газа секторында қалып, соғысты.
(Коллаж: Mezgil.kz)
Израиль ХАМАС пен Хезболлаға қарсы соғыста көзін жойған тұлғалар қатарында мыналар бар:
1) Мұхаммед Дейф
ХАМАС-тың әскери лидерлерінің бірі болған салмақты тұлғалардың бірі осы – Мұхаммед Дейф еді. 2023 жылғы 7 қазанда Израильге жасалған шабуылды ұйымдастырған һәм орындаған әскери тұлғалардың бірі осы - Дейф еді. Ол да 2024 шілденің ортасында Газа секторындағы Хан-Жүніс аймағына жасалған шабуылдан қаза тапқаны айтылды. Израиль Дейфке 7 рет қастандық жасап, көзін жоймақ болған екен.
2) Марван Исса
Израиль ХАМАС әскери қолбасшысының орынбасары Марван Иссаның қаза тапқанын 2024 жылғы наурызда хабарлаған. Ол Дейф және Синвар секілді Израиль ең көп іздеген адамдардың бірі болған.
3) Салих әл-Арури
Арури ХАМАС-тың «Кассам бригадасы» әскери қанатының негізін қалаушы болған. Ол дрон соққысынан қаз тапқан.
4) Хасан Насралла
Израиль әскері 2024 жылғы қыркүйекте Бейруттың оңтүстік жағына соққы жасап, «Хезболла» лидері Хасан Насралланың көзін жойды. Насралланың қазасы «Хезболла» үшін орасан зор соққы болды. Ол «Хезболланы» 1992 жылдан бері басқарып келген.
5) Әли Караки
«Хезболланың» жоғары шенді командирлерінің бірі Әли Қараки де әуе соққысынан қаза тапқан. Онымен бірге 20-ға жуық әскери адам қаза тапқан.
6) Хашем Сафи ат-Дин
Насралланың орнына осы Сафи ат-Дин «Хезболла» лидері болып тағайындалған еді. Арада 2 апта өтті дегенде Израиль Сафи ат-Диннің де көзін жойды.
7) Ибрахим Акил
«Хезболла» ішіндегі ең беделді тұлғалардың бірі осы - Акил еді. Акил Бейруттың оңтүстігінде қаза тапты. Оның көзін жоюға АҚШ-тың өзі тікелей мүдделі болған. АҚШ оның басына 7 млн доллар сыйақы тағайындаған. Оған себеп: 1983 жылдың сәуірінде Бейруттағы АҚШ елшілігінде жарылыс болып, 63 адам қаза тапқан. Сол жылы қазанда АҚШ-тың теңіз жаяу әскерлерінің казармасында жарылыс болып, 241 адам қаза тапқан. Осы шабуылдарға тікелей жауапты адам – Ибрагим Акил болған.
8) Шүкір Фуад
«Хезболланың» бас командирі болды. 2024 жылғы шілденің 30-ы күні Бейруттің оңтүстігінде қаза тапты.
Шүкір Фуад 1982 жылғы Иран революциялық гвардиясының құрылуынан бері «Хезболланың» жетекші әскери қайраткерлерінің бірі болды. 2015 жылы АҚШ Шүкірге қарсы санкциялар енгізді. Себеп: 1983 жылғы әскери казармаларға жасалған шабуыл кезінде Шүкір Фуад та маңызды рөл атқарған.
Тақырыпқа тұздық: Израиль министрлер кабинеті Газа келісімін ХАМАС шарттарды растағаннан кейін талқылайды. Бұл туралы Израиль премьер-министрі Нетаньяху кеңсесі хабарлады. Сондай-ақ, ХАМАС келісімдерден бас тартып, «соңғы сәтте келісімге қол жеткізуге кедергі келтіретін дағдарыс тудырып отырғаны» айтылды.
Mezgil.kz