Соғысты зерттеу институты (ISW) сарапшылары Ресейдің Беларусь мемлекетін аннексиялауы мүмкін екенін айтты. Сарапшылардың пікірінше Кремль қазірдің өзінде де-факто бұл саясатты іске асыруда. Мәскеу үшін Беларусь жері НАТО-ның шығыс шебіне қауіп төндіру, бопса жасау және үрей туындату үшін қажет. Ресей Беларусь жерінің географиялық, экономикалық және адами ресурсын өзінің қалауынша қолдану үшін, оны түрлі салада отарлау саясатын жалғастыратын болады дейді институт баяндамасында. Бұл туралы The Moscow Times басылымы жазды.
(Сурет euronews.com сайтынан)
ISW сарапшылары «Ресейдің Беларусьты үнсіз басып алуы» атты баяндамасын жария етті. Баяндама 108 беттен тұрады. Институт жария еткен баяндамада Ресейдің қазіргі ұстанымы жалғасатын болса, Мәскеу Беларусьты алдағы онжылдықта толық отарлауы ықтимал екені айтылған. Ресей Беларусьты өзіне қосып алып, оның экономикалық, саяси, әскери суверенитетінен айыру жоспарын ондаған жылдар бойы іске асыруда. «Беларусьты өзіне қосып алу іске асса, Ресей екінші жаһан соғысынан кейін қандай да бір мемлекетті толық отарлап, халықаралық құқықты ысыра отырып стратегиялық жоспарын іске асырғанына куә боламыз» делінген баяндамада.
Сарапшылар Кремльдің Беларусьты аннексиялауы Украина соғысының нәтижесіне байланысты емес дейді. Тіпті Украина жеңіске жетсе де, Ресей Беларусьты қосу әрекетін жалғастыра беретін болады. Баяндамада Беларусь жері Ресейге соғыстан кейінгі экономикалық қиындықты еңсеру үшін, адами ресурсын толтыру және НАТО-ға қарсы әрекет етіп, болашақта болуы ықтимал қақтығысқа дайындалу мақсатында қажет екені айтылған. Ресей Балтық елдері мен Польшаға қарсы гибридті операцияларды іске асыру үшін Беларусьты толық отарлауға мәжбүр дейді мамандар. Ресейдің бұл стратегиясы Путин биліктен кетсе де жалғасатын болады деп топшылайды ISW.
Cарапшылар Кремльдің Беларусьты отарлауының алғашқы көріністері айқын байқалатынын айтты. Украинадағы соғысты сылтау еткен Ресей билігі Беларусь жеріне ядролық қаруын орналастыру мүмкіндігін алды. Қаруды қадағалау және қолдануға бұйрық беру тікелей Ресейдің рұқсатымен іске аспақ. 2022 жылы Ресей билігі Беларусь жерінен Украинаға шабуыл жасады. Артынша Беларусь жеріне Ресейдің мыңдаған әскері топтастырылып, әскери госпитальдар Ресей әскеріне қызмет көрсетті.
2020 жылдан кейін Мәскеу мен Минск арасындағы байланыс күшейді. 2020 жылы Беларусьтағы президенттік сайлаудан кейін жаппай наразылықтар басталды. Лукашенко билігін сақтап қалуға Мәскеу жәрдемдесті. Минск Батыспен араздасып, Мәскеумен жақындаса түсті және сыртқы саясатта көпвекторлы ұстанымнан айырылып, Ресейге тәуелділігі артты.
ISW былай деп жазады: «Мәскеу Беларусь үшін күресте жеңіске жетті. Минск бұрын қазіргідей Мәскеуге тәуелді емес еді. Ол 2020 жылға дейін сан қилы саясат ұстануға тырысты. Тіпті ЕО және НАТО-мен байланысын арттыру әрекеттерін жасады. Лукашенко 2021 жылға дейін Қырымды Ресейдің аумағы деп танудан бас тартып келді. Алайда қазіргі таңда Лукашенконың ұстанымы өзгеруде, ол ресейшіл болуға мәжбүр. Бұл тұрғыдан Мәскеу жеңіске жетті», - дейді.
Сарапшылардың айтуынша Беларусьтың Ресеймен байланысы бірқатар қауіптерді арттыра түседі. НАТО-ның шекарасында ресейлік әскери қауіптің артуына әкеледі, Ресейдің Сувалк дәлізіне төндіретін қаупін еселейді, Украина билігі үшін әскерге қаржыны көбірек шығындауға әкеліп соғады.
ISW баяндаманың қорытынды бөлімінде Путиннен кейін келетін тұлғаның саяси ұстанымы қандай екеніне қарамастан Ресейдің Беларусьты отарлау әрекеті жалғасатынын жазды.
Mezgil.kz