Кеше Ұлыбритания мен Украина басшылары екі ел арасындағы жүз жылдық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Құжат екіжақты қарым-қатынастарды барлық салаларда дамытуды көздейді: қорғаныс, экономика, мәдениет, ғылым және т.б.
(Суреттер: ВВС, dw.com сайттарынан алынды)
ЖҮЗ ЖЫЛДЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ: ҰЛЫБРИТАНИЯНЫҢ КИЕВКЕ КӨМЕГІ ҚАНДАЙ?
Киевке сапарлап барған Ұлыбритания премьері Кир Стармер Украинаға көрсетілетін бірсыпыра көмектер туралы мәлім етті. Оның ішінде: Ұлыбритания Украинаға 150 артиллериялық қару мен жаңа «Grateful» мобильді әуе қорғаныс жүйесін беретіні, Украинаның экономикалық жаңаруы үшін 40 миллион фунт стерлингтің көмек бағдарламасы әзірленетіні, Ресейдің бұғатталған активтерінен Украинаға 3 миллиард доллар берілетіні айтылды.
ҰЛЫБРИТАНИЯ УКРАИНАҒА ӘСКЕРИ БАЗА ОРНАЛАСТЫРА МА?
Әңгіменің дәмді жері бұл да емес. Басты әңгіме – Ұлыбритания мен Украина арасында қол қойылған «жүз жылдық ынтымақтастық» туралы келісім! Декларацияда ақ қағазға қара сиямен: «Ұлыбритания Украинаға өз әскери базалары мен қорғаныс инфрақұрылымын орналастыру мүмкіндігін қарастырады», - деп жазылған.
Аталған құжаттан бірнеше сөздәлел келтірейік:
– Ұлыбритания Украинамен ортақ әскери қажеттіліктерді анықтау, бірге өндіре алатын мүмкіндіктер мен технологиялар спектрін кеңейту бойынша жұмыс істейтін болады;
– Декларацияға қатысушылар әскери базаларды, логистикалық қоймаларды, резервтік әскери жабдықтар мен әскери резервтік қорларды қоса алғанда, Украинада қорғаныс инфрақұрылымын өрістету және қолдау нұсқаларын зерделейді. Бұл объектілер елеулі әскери қауіп төнген жағдайда өздерінің қорғаныс мүмкіндіктерін нығайту үшін пайдаланылуы мүмкін.
Мәскеу жақтың бұлқан-талқан болып жатқаны да осы декларация. Осы сөйлем. Әрине, Ұлыбритания тарабы: «Бұл болашақтағы әлеуетті жоспар. Украинада соғыс аяқталмайынша, Ұлыбритания әскер кіргізу немесе әскери база орналастыруды жоспарлап отырған жоқ», - десе де, Кремль әл-әхірлен алаңдаушылық танытуда.
КРЕМЛЬ НЕ ДЕЙДІ?
Бүгін Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков: «Ұлыбритания – НАТО-ға мүше мемлекет. Оның әскери инструкторларының Ресей шекарасына жақын жүруі бізді алаңдатпай қоймайды. «Жүз жылдық ынтымақтастық» келісімі – Украинаға НАТО-ға қосылуға кепілдік бермейді! Кремль аталған құжаттағы Лондон мен Киевтің Азов теңізінде әріптестігі туралы тармақтарға наразылық білдіреді. Себебі – Азов теңізі Ресейдің ішкі территориясы. Халықтың үлкен қолдауына ие Путин мен майданда алға жылжып келе жатқан Ресей бұған да ықпал етпей қоймайды», - деді.
ФРАНЦУЗ ӘСКЕРЛЕРІ УКРАИНАҒА КІРУГЕ ДАЙЫНДАЛУДА
Француз әскерлері Украинаға кіруге дайындалуда! «Intelligence Online» басылымы жуырда осылай деп мақала жариялады. Онда: «Франция Украина аумағына өз әскерлерін ықтималды түрде жіберу бойынша дайындық жасап, әскери оқу-жаттығулар өткізді», - деп жазылған.
Франция 2024 жылдың күзінде 10 күнге созылған «Persée» оқу-жаттығуын өткізген. Оған 3200-ге жуық әскери қатысқан. Маневрлер барысында Ресей әскерлерінің Беларусь аумағынан Украинаға кіруіне қарсы даярлықтар пысықталған. Оқу-жаттығу үшін Киевтің солтүстігіндегі Днепр өзенінің айрығына ұқсас аумақ таңдалған.
Басылым: «Егер мәліметтер шын болса, онда әңгіме Франция әскерін Украинаның солтүстік шекарасында орналастыру туралы болып отыр. Бұл Киевке ол жақтан өз бөлімшелерін алып, басқа жаққа ротациялауына мүмкіндік береді», - деп жазады.
Францияның әскери және саяси ортасында Украинаға әскери бөлімдер немесе әскери инструкторлар жіберу туралы сөз былтырдан бері талқыланып келеді. Алайды, ол бойынша әлі нақты шешім қабылданбаған.
Ал Украина президенті Зеленский: «Трамп шынымен соғысты аяқтағысы келеді. Ол Ресейге қысым көрсетуге қабілетті басшы. Ресей Америка мен Қытайдан қорқатынына сенімдімін. Біртұтас Еуропадан қорқады. Еуроодақ армиясының Украина әскерінсіз мүмкіндігі жоқ. Біз Трамппен Украина үшін нақты қауіпсіздік кепілдіктерін келісуіміз керек және ол Путинді осы соғысты тоқтату үшін дипломатиямен айналысуға мәжбүрлеуі керек!», - деп мәлімдеді.
Тақырыпқа тұздық: Енді санаулы күндерден соң президенттік өкілеттігі аяқталатын АҚШ президенті Жо Байден Украинадағы соғыс тақырыбына қатысты: «Путин бәрінен де Украинада жаңа ядролық қару пайда бола ма деп қорқады. Себебі, солай болған жағдайда ол зымырандар ертең-ақ, Мәскеуді бетке алып ұшарын ол біледі», - деді.
Mezgil.kz