Ресей құрамындағы Башқұртстанның Тәуелсіздігі үшін күресіп жүрген Руслан Ғаббасов деген азамат бар. Ол жетекшілік ететін «Башқұрт Ұлттық қозғалысы» комитиеті жуырда «Мықтылар дәуірі» деген атпен мақала жариялады. Онда «Башқұрттар Тәуелсіздікке ұмтылған жағдайда кімдерге арқа сүйемек» деген сауалға жауап іздеп, жаһандық геосаяси картада күш алып келе жатқан маңызды геосаяси одақтардың бірі – «Түркі мемлекеттері ұйымы» төңірегінде ой бөліседі. Біз аталған мақаланы қазақ тіліне аударып, оқырман талқысына ұсынғанды жөн санадық...
(Суреттер: bashnd.org сайтынан алынды)
РУСЛАН ҒАББАСОВ: МЫҚТЫЛАР ДӘУІРІ
Әлемнің көз алдымызда өзгеріп жатқаны, күштілердің уақыты туғанын баршаға мәлім етуде. Жұрт таныған Халықаралық заңдар керексіз болып қалып, оларды ешкімде өзге ілмейтін болды не болмаса белінен бірақ басады. Бұның ақыры аумақтық басып алуларға, аумақтарды аннексиялауға, сондай-ақ БҰҰ немесе Халықаралық Қылмыстық Соттың қаулыларын орындамауға әкеп соғуда.
Біздің көзімізді бақырайтып қойып, арсыз талап-тілектерді желеу етіп, көршілес мемлекеттердің аумағында орныққан шекараларды қайта бөлісу жүріп жатыр. Демек, әлем одан әрі адам танығысыздай ұсқынсыз кейіпте өзгеретін болады.
Бұл башқұрттар үшін жақсы ма әлде жаман ма?
Менің ойымша, осындай бейуақыттық орын алып отырған шақта біз де қол қусырып отырмай, бұрынғы халықаралық заңдардың тұрақтылығы жалғасатын, мемлекеттің тұтастығы – ұлттардың өзін-өзі анықтау құқығынан басым болатын кезеңге байланып қалмай, Тәуелсіздікке ие болу мүмкіндігі көп замананың келгенін ұғынуға тиіспіз!
Қазір бабаларымыз аңсаған Тәуелсіздікке қол жеткізу үшін өте ыңғайлы уақыт туды.
Бір жағынан Ресей әлсіреді және одан әрі де күш-қуатты құрдымға кетіп, мүлдем әлсірей түседі. Оның әлемді кәрімен тітіреткен қарулы күштері іс жүзінде жойылып, экономикасы дағдарысқа ұшырап, ресейлік адам әлеуеті өз күшін сарықты. Ендігәрі біздің басымызға Ресей күшті болып, бұданда жақсырақ өмір сүре бастайды деген ешқандай ой мүлдем келмейтін болды.
Екінші жағынан, «бір жамандықтың мың жақсылығы бар» дегендей, бүгіндері кең орын алып отырған Путиннің тұрғылықты халықтарға қатысты ашық шовинистік ішкі саясаты салдарынан, ұлттық республикалар түптеп келгенде құқықсыз колонияларға айналуының ақыр-соңы ұлттық-азаттық қозғалыстарының өмірге келуіне түрткі болды.
Башқұрттар бірінші кезекте өз Тәуелсіздігіне қол жеткізуге тырысқан шағында кімге сенім арта алады?
Әрине, біз үшін бүгін таңда ең бірінші одақтас – Украина. Оның басты себебі Украина – Ресей үшін жау болып табылады. «Менің дұшпанымның жауы - менің досым» деген нақылға сүйену осыдан келіп шыққан.
Сондай-ақ, біз Түркі мемлекеттерінің ұйымын, атап айтқанда, Түркия бел алып, еңсе көтеріп күшейіп келе жатқанын көріп отырмыз.
Түркия – әлемдік көшбасшыға айналып келеді. Оның бұл әлемдік беделінің артында бірнеше ірі геосаяси жеңістері (Кавказ және Сүрия) тұр. Түркия армиясының күшейе түскенін – әлемдегі ең үздік «Bayraktar» және «ANKA» соққылаушы дрондарын, «Алтай» танктерін және «KAAN» бесінші буын ұшақтарын шығарғанынан аңғарамыз. Түркия жеке бір өзі ғана қаруланып қана қоймай, түркі елдерінің армияларын да қаруландыра алатын дәрежеге қол жеткізді.
Біз үшін ең жақын түркі елі – бауырлас Қазақстан да күшейе түсуде. Ол экономикалық тұрғыдан нығайып, халқы сан жағынан өсіп келеді. Біз қазақ халқының башқұрттарды, сондай-ақ Ресейдің басқа да түркі халықтарын Тәуелсіздікке ұмтылуда қалай қолдайтынын үнемі жүрекпен сезіп, көзбен көріп отырмыз.
Ақиқатына келер болсақ, таяу болашақта әлем туыстық, ұқсас мәдениет, дін, менталитет бойынша бір-біріне біріккен ірі геосаяси одақтарға бөлінетін болады. Осындай маңызды геосаяси одақтардың бірі – Түркі мемлекеттері ұйымы болып табылады.
Ресей дағдарыс дәуіріне аяқ басқан кезде, бізге қандас одақтастарымыз көмектеседі деген үміт оты көңіліміздің түпкірінде ұялап, құлдық қамытынан құтылғысы келген башқұрттар туысқан елдерден көмек сұрай аламыз. Тіпті Мәскеу немесе оның жандайшабы болып табылатын көршілес орыс өңірлері біздің азаттыққа талпынысымызды күштеп басып тастауға әрекет жасаса, онда бас бостандығы үшін арыстандай алпарысқан башқұрттарды қорғау үшін – Башқұртстан Республикасының аумағына өздерінің әскери контингенттерін әкелу үшін түркі бауырларымыздан көмек сұраймыз деп үміттенемін. Бізде халық ретінде аман қалудың жалғыз ғана мүмкіндігі бар – ол шовинистік орыс әлемінен ат құйрықты кесісіп, мүлдем ірге ажырату. Одан басқада жол да, амал да жоқ.
Mezgil.kz