АҚШ-тағы ұлықтау рәсімі: Трамп Қазақстанға бет бұра ма?

Бүгін АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Доналд Трамптың инаугурациясы өтіп, қызметіне кірісетін күн. Ол АҚШ-тың 47-ші президенті. Және ақырғы 120 жыл ішінде алдыңғы мерзімі аяқталғаннан кейін төрт жылдан соң қызметіне қайта кіріскен алғашқы президент.

1737370028210539.jpg

ТРАМПТЫҢ ҰЛЫҚТАУ РӘСІМІ

Трамптың инаугурациясына ұзын-саны 250 мың билет сатылыпты. Бірақ, инаугурацияны ең көп дегенде 600 адам ғана көзбе-көз көре алады. Және салтанатты рәсімде 92 шақырылған қонақ болады. Қалған жұрт инаугурацияны «Capital One Arena» стадионынан тамашалайды.

Инаугурация рәсімі – бұл жаңа мемлекет басшысының қызметіне кірісуінің салтанатты рәсімі. АҚШ-та ол 20 қаңтарда, президенттік сайлау аяқталғаннан кейін 11 аптадан соң өткізіледі. Ұлықтау уақыты 1993 жылы Конституцияға 20-шы түзетуді қабылдаған сәттен бастап өзгеріссіз қалды.

Салтанатты рәсім Капитолий төбесіндегі конгресс ғимаратында өтеді. Доналд Трамп пен оның вице-президенті Жей Ди Вэнс ант береді. Сол сәттен бастап олардың өкілеттік мерзімі есептеле бастайды. Ұлықтау рәсімінен кейін президент пен вице-президент Капитолийдің Шығыс қасбеті маңында әскерлерді тексеріп, содан кейін Ақ үйге бет алатын салтанатты шеруді басқарады. Ұлықтау рәсімін американдық ірі телеарналар: ABC, CBS, CNN, Fox News, NBC және т.б. тікелей эфирде көрсетеді. Трансляция Ақ үйдің сайтында да қолжетімді болады.

Сонымен бүгін АҚШ президентінің инаугурациясы: Трамптың өзі Ақ үйге барып, бұрынғы мемлекет басшысы Жо Байденмен және оның отбасымен дәстүрлі шай ішеді. Бұл іс-шара биліктің бейбіт жолмен берілуін білдіреді.

ТРАМПТЫҢ ИНАУГУРАЦИЯСЫНА КІМДЕР ҚАТЫСАДЫ?

Трамптың инаугурациясына АҚШ-тың бұрынғы президенттерінен Билл Клинтон, Жорж Буш және Барак Обама шақырылған. Жо Байден Капитолийге Камала Харриспен бірге келмек.

Шетелдік көшбасшылардан: Италия премьер-министрі Жоржа Мелони, Аргентина президенті Хавиер Милей немесе Эквадор көшбасшысы Даниэл Нобоа күтілуде.

Қытайдың атынан вице-президент Хан Чжэн қатысады. Айтпақшы, бұл рәсімге Қытай төрағасы Ши ресми шақырылған. Бірақ, ол өзі бара алмайтын болды. Ал Үндістаннан Сыртқы істер министрі Субраманям Жайшанкар қатысады.

Қазақстан атынан Трамптың ұлықтау рәсіміне АҚШ-тағы Төтенше және Өкілетті елші Ержан Ашықбаев қатысады.

Көпшіліктің назары миллиардерлер: Илон Маск, Жефф Безос және Марк Цукербергке аумақ. Өйткені, Трамп технологиялық компаниялардың басшыларына сенім артып, оларға бизнеске қатысты үлкен жеңілдіктер жасауға уәде берген. Ал Маск мемлекеттік бюджетті үнемдеу және үкіметті реформалау ісінде оның ең жақын көмекшісі болатыны белгілі.

БАЙДЕННІҢ СОҢҒЫ СОҚҚЫСЫ: РЕСЕЙ МҰНАЙЫН НОКДАУНҒА ЖІБЕРДІ

Байден әкімшілігінің соңғы соққысы – Ресейдің мұнай секторына қарсы ауқымды санкциялар енгізді. Оның ішінде мұнай тасымалдайтын көлеңкелі флот, сақтандыру компаниялары, жеке тұлғалар мен кемелерге қызмет көрсету орталықтары, мұнай өңдеу зауыттары санкция астында қалды. Мұнай тиеп шыққан танкерлер жарияланған жаңа санкцияларға байланысты Қытай және Үндістан порттарына кіре алмай, ашық мұхитта аңтарылып, қаңтарылып қалды.

Ендігі әрі Ресейдің мұнай секторына қарсы ауқымды санкциялардың тағдыры АҚШ-тың сайланған президенті Доналд Трамптың шешіміне байланысты болады.

ТРАМП ҚАЗАҚСТАНҒА БЕТ БҰРА МА? «ЖЕКСОН-ВЭНИК ШЕКТЕУІ» АЛЫНА МА?

Әлгінде (қаңтардың 15-і күні) Капитолийде өткен Сенат тыңдауларында Орталық Азия елдерінен, соның ішінде Қазақстаннан шектеулерді алып тастау мүмкіндігі туралы тақырып көтерілді. Кездесуде АҚШ-тың болашақ мемлекеттік хатшысы Марк Рубио Америка парламентіндегі әріптестерімен сөйлесіп, «АҚШ Қазақстан үшін «Жексон-Вэник» заңының күшін жою мүмкін», - деп сөйледі. Рубионың сөзінше, бұл – «өткеннің қалдығы».

Аталған жиында әртүрлі тақырыптар талқыланған. Соның ішінде: Ресейге қарсы санкциялар, Украинадағы соғыс, Қытаймен қарым-қатынастар және т.б.

Сенатор Стив Дэйнс көтерген сұрақтардың бірі – Қазақстанға қатысты «Жексон-Вэник» заңына түзету жасау туралы болған.

Дэйнс өз фракциясының мақсаттарының бірі – Қазақстан және Өзбекстанмен қарым-қатынасты қалыпқа келтіру үшін бұл заңның күшін жою екенін айтты. Жауап ретінде Рубио бұл заңды «өткеннің абсурдты жәдігері» деп атады және оны «Орталық Азия елдеріне қысым көрсету үшін пайдаланудың енді мәні жоқ» деген пікірін білдірді.

Ол Қазақстанды бөлек атап өтті. Рубио түзетудің күшін жою тек заңнамалық өзгерістер арқылы мүмкін екенін атап өтті. Ол басқа сенаторлардың қолдауына үміт артатынын жеткізді.

«Жексон-Вэник заңы» – адам құқықтарын бұзатын елдермен сауданы шектейтін АҚШ Сауда заңына 1974 жылы енгізілген түзету. Конгрессмендер Генри Жексон мен Чарльз Ваник ұсынған. Қазақстан АҚШ-қа осы түзетудің күшін жою туралы ұсыныспен бірнеше рет жүгінген. Бірақ осы уақытқа дейін бұл мәселе шешімін таппай келген.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар