The Atlantic басылымы Иранның ішкі саясатындағы қайшылықтар жайлы жазды. Иранның бұрынғы президенті Хасан Рухани ішкі саяси тартысқа жиі түсуде. Рухани 2013-2021 жылдары Иранның президенті болды.
2015 жылы Хасан Рухани ядролық бағдарлама бойынша Еуропа елдерімен және Обама әкімшілігімен келісім жасай білді. Алайда 2018 жылы Трамп аталған келісімнен шығып кетті. 2017-2021 жылдары Иранда 62 мәрте ірілі-ұсақты бас көтеру болып, жүздеген адам көз жұмды. Алайда наразылық акциясын қатаң басу бұйрығын Рухани емес, аятоллаға бағынатын Иран әскері мен күштік құрылымдары іске асырды. 2021 жылы Руханидің орнына Ибрахим Раиси президенттік тақты иемденді.
Сарапшылар сол кезеңдерден бері жалғасып келе жатқан Хаменеи мен Хасан Рухани арасындағы қайшылықтар жайлы жазды. Рухани реформа жасауға талпынды, алайда әр кез оның талпынысын Хаменеи жақтастары басып отырды. 2024 жылы Руханиге «Сарапшылар Ассамблеясына» кандидат ретінде өзін ұсыну құқығы берілмеді. Ассамблея Иранның болашақ көсемін анықтау құзіретіне ие органның бірі саналады.
2024 жыл Иран үшін сәтсіз болды. Таяу Шығыста Тегеран бірқатар жақтастарынан айырылды. Сирияда режим ауысты, «Хезболла» көсемдері мен ХАМАС басшыларының көбі өлтірілді. «Хезболла» Израильмен болған екі айға созылған соғыста шығынға ұшырады.
Рухани жақтастары Иранның сыртқы саясаттағы сәтсіздіктеріне Хаменеи командасын айыптайтын ұрандарды тарата бастады. Хаменеи президент Масуд Пезешкианға ішкі саясатта шектеулі реформа жасауға рұқсат етті. Хаменеи мемлекеттік билікті толық бақылауда ұстаса да, оған деген наразылық артуда дейді сарапшылар. Бұл экономикалық, саяси және әлеуметтік жағдаймен тікелей байланысты.
Иран билігі заңсыз ақшаны заңдастыру тетіктерінен бас тартып, халықаралық талаптарды орындайтынын айтуда. Қазіргі сәтте Солтүстік Корея, Мьянма және Иран FATF-тың қара тізіміне қосылған. The Atlantic басылымының жазуынша Иранның кей саясаткері FATF-тың талаптарын орындауды Батыс алдындағы капитуляция деп санайды. Бұл мәселеде Рухани «әлеммен жүйелі байланыс» орнатуға шақырып, бір айдың ішінде бірнеше үндеу жасады. Рухани санкцияны алып тастау бағытында әрекет етуге шақырған, ал оның үндеуін көпшілік қолдаған.
Руханиді сарапшылар 2017 жылы өмірден өткен Али Акбар Хашеми Рафсанджанидің саяси мұрагері ретінде санайды. Рафсанджани 1989-1997 жылдары Иранның президенті болды. Ол өмірінің соңғы жылдарында Хаменеимен саяси қайшылыққа түсті.
«Президенттік кезеңінде Хасан Рухани Франция және Италия басшыларымен кездесіп, келіссөз жүргізді. Оның билігі Boeing ұшақтарын сатып алуға талпынған еді. Рухани Батыспен келісімдер жасап, санкциялық қысымды әлсіретуге талпынды. Ол Батыспен байланыс жасау арқылы Хаменеидің шексіз билігін де шектеу тетіктерін табуға тырысты. Бұл Рухани мен Хаменеи арасында көрінбейтін қайшылықтарды арттырды. Қазіргі сәтте сыртқы саясаттағы сәтсіздіктеріне байланысты сын астында қалған Хаменеи билігін Рухани жақтастарына шайқап алу мүмкіндігі туды», - дейді The Atlantic басылымы.
Сарапшылар «Хаменеи биліктен кетсе немесе өмірден өтсе, оның орнын кім басады» деген сұрақ аясында Иранның ішкі саясатында кландық таластың басталғанын жазуда. Хаменеи 86 жасқа келді. Денсаулығы жиі сыр беруде. Ал өзінен кейін «Иранның жоғары көсемі» кім болатынына қатысты нақты шешімін жария етпеді.
Рухани бұл орынды алуға ниетті дейді сарапшылар. «Ол тәжірибелі саясаткер. Хаменеи билігіне қарсы үндеулер жасап, батылдығымен көзге түсті және президенттік кезеңінде Ислам революциясының сақшылар корпусының бірнеше шешімін бұғаттап тастады. Ядролық бағдарлама бойынша келіссөз өткізді және дипломат ретінде қабілеті көрінді. Оны болашақ аятолла ретінде көргісі келетіндер саны көп», - дейді The Atlantic.
Сарапшылар Иранның ішкі қайшылығы Трамптың билігі тұсында күшейетінін болжауда.
Mezgil.kz