«Американың алтын ғасыры»: Трамп жаһандық саясатта не өзгертпек?

Кеше АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Доналд Трамп әлем жұрты алдында ант қабылдап, ресми түрде қызметіне кірісіп кетті. Аталған салтанатты жиында Доналд Трамп жаһандық саясатқа қатысты бірқатар мәлімдемелер жасады. Біз бүгін соларға шолу ұсынбақпыз...

1737462323509720.jpg

(Сурет: aa.com.tr)

БҮГІННЕН БАСТАП БӘРІ ӨЗГЕРЕДІ, ТЕЗ ӨЗГЕРЕДІ!

Әңгімесінің әлқиссасын: «Американың алтын ғасыры басталды. Бүгіннен бастап еліміз гүлденіп, дүние жүзінде қайта құрметке ие болады. Біз кез келген елдің қызғанышына айналамыз және өзімізді енді қайтып өзімізге пайдалануына ешқашан жол бермейміз. Трамп әкімшілігі әр жұмыс күнінде Американың мүдесін бірінші орынға қояды. Бүгіннен бастап бәрі өзгереді, тез өзгереді. Осы сәттен бастап Американың құлдырауы аяқталды. Біздің бостандығымыз бен ұлтымыздың тағдыры бұдан былай кері кетпейді. Біз Америка билігінің бірлігін, қабілетін және адалдығын дереу қалпына келтіреміз», - деді Трамп.

Ол бұрын жария еткен және бас тарта алмайтын жоспарларын растады және бұрынғы Жо Байденнің бірсыпыра жарлығын жоятын ондаған жарлыққа қол қойды.

ТРАМП АЛҒАШҚЫ ЖҰМЫС КҮНІ: АСА МАҢЫЗДЫ 100 ҚҰЖАТ  

Ақ үйдегі алғашқы жұмыс күнінде Трамп 100-ге жуық жарлыққа, прокламацияларға және басқа да нормативтік актілерге қол қоды. Салыстыру үшін: Жо Байден өзінің алғашқы жұмыс күнінде 17 атқарушы жарлыққа, прокламацияларға және басқа да құжаттарға қол қойған екен.

Трамптың президенттікке оралғаннан кейінгі алғашқы шешімдерінің бірсыпырасы:

1) Министрлер кабинетінің деңгейін қоса алғанда, әкімшілікке тағайындау туралы құжат;

2) АҚШ-тың Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан және Климат жөніндегі Париж келісімінен шығуы туралы құжат;

3) Байденнің президенттігі кезінде қабылданған 78 шешімнің күшін жою туралы құжат (соның ішінде Трамп Кубаға «лаңкестіктің демеушісі» мәртебесін берді);

4) Туу құқығы бойынша Америка азаматтығын алуға шектеулер;

5) Есірткі картельдеріне «террористік ұйым» мәртебесін беру;

6) 2021 жылғы қаңтарда Капитолийге шабуыл жасағаны үшін сотталған 1,5 мыңға жуық адамға кешірім жасау;

7) «Мексика шығанағын» «Америка шығанағы» деп қайта атау процесін бастауға өкім;

8) Заңсыз көшіп-қонушылардың келуін тоқтату мақсатында АҚШ-тың оңтүстік шекарасында төтенше жағдай режимін енгізу;

9) Кейбіз құпия ұсталуы тиіс ақпараттарды заңсыз ашқаны үшін Байден әкімшілігінің бұрынғы шенеуніктерін жауапқа тарту;

10) Америкалық компанияның әлеуметтік желінің жартысына иелік етуін көздейтін TikTok туралы атқарушы жарлық және сөз бостандығын қалпына келтіруді және «мемлекеттік цензураны болдырмауды» ұйғаратын директива.

Трамп инаугурация барысындағы сөзінде Ресей, Украина, Канада, Гренландия жайлы мүлде айтпады. Алайда Ақ үйде жарлықтарға қол қою барысында бірқатар сұрақтарға қысқа жауап берді.

УКРАИНАДАҒЫ СОҒЫС ТУРАЛЫ:

Трамп Украина мен Ресей арасындағы соғысты жылдам арада тоқтатуға ниетті екенін айтты және Украина президенті Владимир Зеленский Ресеймен бейбіт келісімге келуге дайын екенін хабарлады. Сонымен қатар, Украина қақтығысын реттеу мерзіміне байланысты Трамп Ресей көшбасшысы Владимир Путинмен кездесуге ниетті. АҚШ басшысының айтуынша, ол мұны мүмкіндігінше тезірек жасауға тырысады.

«Ол келісім жасауы тиіс. Путинді айтып отырмын. Менің ойымша ол келісім жасаспай, Ресейді құлдыратып жатыр. Менің ойымша Ресейді үлкен проблема күтіп тұр (келісім жасаспаса)», - дейді Трамп.

БРИКС ЕЛДЕРІ ТУРАЛЫ:

АҚШ президенті Доналд Трамп БРИКС елдеріне кемінде 100%-дық баж салығын салумен қорқытты. «Біз АҚШ-пен жұмыс істейтін бизнеске кем дегенде 100% баж салығын енгіземіз. БРИКС дегеніміз не екенін білесіз бе? Сіз менің не туралы айтып отырғанымды түсінесіз. Сондықтан бұл қауіп те емес. Шын мәнінде мен бұл туралы мәлімдегенмін», - деді Трамп.

РЕСЕЙ МЕН ҚЫТАЙ ОДАҒЫН БҰЗУ ТУРАЛЫ:

Трамтың БРИКС елдеріне шүйгуінің астарында Қытайға қатысты саясатының астары жатыр. «Мен оларды бөліп тастамақпын, мен оны шешемін деп ойлаймын. Мен оларды бөлемін. Байден әкімшілігі Ресейге, Қытайға, Иранға, Солтүстік Корейге және басқаларға топтасуға мүмкіндік берді. Бұл мүмкін емес еді. Біз оларға мұнай үшін бірігуге мүмкіндік бердік. Біз оларды біріктірдік. Байден оларды біріктірді. Бұл - ұят», - деді Трамп.

МЕКСИКА ТУРАЛЫ:

Трамп Мексика мен Канаданың тауарларына тарифтер енгізу туралы сайлауалды уәделерін жүзеге асыра бастады. АҚШ президенті Доналд Трамп өз әкімшілігінің 1 ақпаннан бастап Мексика мен Канадаға 25% баж салығын енгізетінін мәлімдеді. Ол бұл елдерден АҚШ-қа заңсыз мигранттар мен есірткілер келетінін тағы да атап өтті.

КАНАДА ТУРАЛЫ:

«Канада - өте қасақана бұзушы», - деді Трамп АҚШ-тың солтүстік шекарасы арқылы фентанил мен мигранттар ағынына шағымданып.

САУД АРАБИЯСЫ ТУРАЛЫ:

АҚШ президенті Доналд Трамп Сауд Арабиясы 2025 жылдың соңына қарай Израильмен қарым-қатынасты қалпына келтіру туралы «Авраам келісімдеріне» қол қоя алады деп мойындады. «Сауд Арабиясы биыл Авраам келісімдерінің қатысушысы болады деп ойлаймын», - деді ол.

ТҮРКИЯ ТУРАЛЫ:

Дональд Трамп Ердоғанмен жақсы қарым-қатынаста екенін айтып, оны соғыстан әлі шаршап шалдықпаған «ірі әскери күш» құрғаны үшін мақтады. «Ол өте мықты, қуатты армия құрды», - деді ол.

АҚШ пен Түркия НАТО бойынша одақтас болғанына қарамастан, Сириядағы соғыста көп жылдар бойы қақтығысып келеді.

ПАНАМА ТУРАЛЫ:

«Панама каналы - өте үлкен мәселе. Қытай бұл каналды бақылайды. Бұл дұрыс па? Бұл қате! Джимми Картер оны бергенде, Қытай үшін берген жоқ. Панама үшін берді!, - деді Трамп.

ДАНИЯ-ГРЕНЛАНДИЯ ТУРАЛЫ:

«Гренландия - керемет жер. Бізге ол қауіпсіздік үшін қажет. Дания жеңілдік жасайтынына сенімдімін. Олар үшін бұл аумақты ұстап тұру өте қымбат. Гренландиядағы адамдарға Дания ұнамайды», - деді Трамп.

ҚЫТАЙ ТУРАЛЫ:

«АҚШ-тың TikTok платформасының жартысына құқығы болуы тиіс», - деп мәлімдеді АҚШ көшбасшысы Доналд Трамп. Мемлекет басшысы сондай-ақ бұл тұғырнаманы бұғаттауды кемінде 75 күнге кейінге қалдыруға арналған атқару жарлығына қол қойды.

«Бізде TikTok-пен бірлескен кәсіпорын болады деп ойлаймын. Не болатынын көрейік. Бұл көптеген идеялардың бірі. Бізде 50% TikTok болады, ал TikTok өз бизнесін жалғастыруға рұқсат алады», - деді Трамп.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар