Трамптың билігі тұсында АҚШ пен Орталық Азияның сауда және экономикалық қатынасына кедергі келтіріп тұрған «Джексон-Веник құжатына» өзгеріс енгізілуі ықтимал. Бұл шешім АҚШ пен Орталық Азия арасындағы байланысты арттырып, С5+1 форматына жаңа серпін бермек дейді сарапшылар.
Аталған мәселені АҚШ-тың Сенатында Марко Рубио көтерді. Ал бүгін сол Марко Рубио АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы қызметіне тағайындалды. Рубионың кандидатурасын барлық сенаторлар қолдаған.
Сенаттағы тыңдалым барысында Марко Рубио, Стив Дэйнс және Гэри Питерс Орталық Азия елдерімен байланысты арттыру мәселесін талқылаған болатын. Талқылау барысында олар «Джексон–Вэник» құжатына өзгеріс енгізуді сұрады. Аталған құжат 1974 жылы КСРО-ға қарсы қабылданды және сауда қатынасына шектеулер қойды. Құжатты сенатор Генри Джексон мен Чарльз Вэник жасап шықты және «Сауда қатынасы туралы заңның» бір бөлшегі етті. КСРО ыдырағаннан кейін бірқатар мемлекеттер үшін құжаттың күші жойылды. Алайда Орталық Азия елдері үшін құжаттың күші әлі де сақталуда және сауда қатынасына кедергі келтіруде.
Сенатор Дэйнс Орталық Азияға АҚШ көбірек көңіл бөлуі тиіс деп санайды. «Біз сенатор Мерфимен бірге С5+1 форматын кеңейту бағытында жұмыс істеудеміз. Тіпті президент Трамппен бірлескен саммит ұйымдастыруға да үміттіміз. Ауғанстаннан АҚШ әскерін шығарғаннан кейін, Орталық Азия маңызды стратегиялық аймаққа айналды. Бізге Орталық Азиядан одақтастар қажет», - дейді сенатор.
Сенатор Марко Рубиоға Түркіменстандағы мол газ қорына назар аударуға шақырды. Ол Ашхабад өз газын Қытайға сатуда, ал түрлі шектеулерге байланысты басқа аймаққа шығару мүмкіндігі аз екенін айтып, стратегиялық аймақ үшін әріптестікті арттыруға шақырған.
Рубио Қазақстанның ДСҰ тарапынан тексерулерді сәтті өткенін айтты. Ол аталған «Джексон–Вэник» құжатына өзгертулер енгізу үшін бірқатар заңнамаларды қайта қарау керектігін айтты және ол үшін депутаттардан қолдау күтетінін жасырмады.
Марко Рубио былай дейді: «Бұл құжаттың күшін жою үшін заңнамалақ тұрғыдан біраз жұмыс істеу қажет болады. Менің білуімше, қазіргі таңда сенатор Мерфи Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстан үшін осы құжаттың күшін жою жұмысын іске асыруда. Менің ойымша бұл құжат - ескіліктің елесі. Кей сарапшылар бұл құжатты қолданып, Орталық Азия елдеріне адам құқығын жақсарту үшін қысым жасауға болады дейді. Менің ойымша бұл бос сөз. Бұл заң ескіріп кетті. АҚШ-тың Сауда министрлігі Қазақстанның экономикасын нарықтық деп таныды. Бірнеше жыл бұрын Қазақстан ДСҰ-ның министрлік конференциясын ұйымдастырды. Демек, аталған ел барлық талапқа сай деген сөз», - депті.
Астана мен Ташкент аталған құжаттың күшін жою үшін АҚШ-пен ұзақ жылдар бойы келіссөз жүргізуде. Вашингтон диалогқа ашық екенін айтумен келеді. Алайда әзірге бұл құжаттың күшін жоюға қатысты Конгрессте дауыс беру процесі өткен жоқ. Аталған құжат посткеңестік елдердің ішінде Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Түркіменстан және Тәжікстан үшін әлі күнге дейін күшін жойған жоқ.
Mezgil.kz