Қазақстандағы және әлемдегі ахуал: Президент Үкіметке қандай тапсырмалар жүктеді?

Бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Жиында Үкімет басшысы Олжас Бектенов бастаған Үкімет мүшелері арнайы баяндамалар жасады. Ал Президент Олжас Бектенов басқаратын Үкіметке бірқатар тыпсырмалар жүктеді. 

1738052732962757.jpg

(Суреттер: Ақорда телеграм арнасынан алынды)

ПРЕЗИДЕНТ: БЫЛТЫРҒЫ НӘТИЖЕЛЕР ЖАМАН ЕМЕС...

Алғашқы сөзді Мемлекет басшысы бастады. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бүгін біз Үкіметтің кеңейтілген отырысында өте өзекті мәселелерге тоқталамыз. Себеп – бәрімізге белгілі. Қазір дүние жүзі түбегейлі өзгеріске ұшырап жатыр. Жаһандық үдерістер, ең алдымен, еліміздің экономикалық ахуалына әсерін тигізетіні анық. Жаппай цифрландыру дәуірі, яғни жаңа технологиялық кезең басталды. Күллі әлем мүлдем басқа жағдайда өмір сүреді. Біз соған міндетті түрде дайын болуымыз керек. Жаңа технологиялық ахуалға сақадай сай тұруымыз қажет. Бұл – еліміздің бәсекеге қабілетін арттырып, тұрақты дамуына жол ашатын аса маңызды фактор. Үкімет пен әкімдердің жұмысы қаншалықты тиімді екенін алдымен экономиканың даму көрсеткіштері мен азаматтардың тұрмыс сапасына қарай бағалаймыз. Осы жұмыстың нәтижесі былтыр қандай болды? Негізгі міндеттер орындалды ма? Бүгін осы сұрақтарға тоқталамыз және жақын арада шешімін табуға тиіс өзекті мәселелерді талқылаймыз», - деді.

Әрі қарай: «Былтыр біраз қиындық болғаны рас. Экономиканың дамуына көптеген жағымсыз факторлар ықпал етті. Дегенмен, біз ахуалды ушықтырмай, бақылауда ұстай алдық. Жалпы нәтиже жаман емес деуге болады. Өткен жылды оң көрсеткіштермен аяқтадық. Алайда жайбарақат отыруға болмайды, шешімін табуы қажет түйткілдер әлі де көп. Мұны сарапшылар да, азаматтар да жақсы біледі», - деді Президент.

ПРЕЗИДЕНТ: ЭКОНОМИКАМЫЗ ҰЛТТЫҚ ҚОРҒА ТӘУЕЛДІ БОЛЫП ОТЫР!

Президент еліміздің экономикасын әртараптандыру міндеті тиісті деңгейде орындалмағанын айтты: «Экономикамыз Ұлттық қордың қаржысына аса тәуелді болып тұр. Бірақ, осы жерде атап өтуіміз керек, Ұлттық қор — бұл мемлекеттік экономиканың ажырамас бөлігі. Бизнестің инвестициялық белсендігі әлі де болса төмен деңгейде. Бұл олқылықтарды биылдан қалдырмай дереу жою қажет. Үкімет нақты шаралар қабылдауы тиіс», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

ХАЛЫҚТЫ ҰЛТТЫҚ ВАЛЮТА БАҒАМЫ АЛАҢДАТАДЫ!

«Халықты ең алдымен ұлттық валюта бағамының құбылмалылығы алаңдатады. Сарапшылар АҚШ долларының нығаюы мен валютаның тұрақтылығын қамтамасыз ету есебінен теңге бағамына қысым жасауды күтуде, жалпы инфляцияны тежеу аса маңызды жұмыс. Олай болмаса, қазір негізгі жұмысты Үкіметпен тығыз байланыста жасау керек. «Біз тәуелсіз», деген бұрынғы көзқарастар енді жұмыс істемейді, өйткені жағдай әдеттен тыс», - деді Тоқаев.

«САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНА» МӘСЕЛЕСІ МАЙШАММЕН ҚАРАЛАДЫ

«Самұрық-Қазына» қорының алдында тұрған ең маңызды міндет – қорды реформалау. Бұл бағыттағы жұмыс ойдағыдай жүріп жатыр деп айту қиын. Әрине, нәтиже бар, бірақ әлі де атқарылатын жұмыстар көп. Қордың қызметі ақпан айында арнайы талқыланады», -деді Президент.

ҮКІМЕТТІҢ ЕСЕБІ: БЫЛТЫРҒЫ ЖЫЛҒЫ КӨРСЕТКІШТЕР ҚАНДАЙ?

*Өңірлер бөлінісінде өткен жылдың қорытындысы бойынша ең жоғары экономикалық өсім Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Түркістан, Қызылорда облыстары мен Астана және Шымкент қалаларында тіркелді. Негізгі көрсеткіштердің төмен динамикасы Ұлытау, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл облыстарында қалыптасты;

*29 ірі зауыт салынды. Олардың қатарында Қостанай облысында шойын құю, Алматы облысында вольфрам және жылу оқшаулағыш материалдар өндіретін, Шымкентте бағалы металдарды өңдеу, Қарағанды облысында катодты мыс, автомобиль шиналары мен тұрмыстық техника шығаратын және басқа да кәсіпорындарды атап көрсетуге болады. Саран қаласында заманауи өндірістердің іске қосылуы оған моноқалалар санатынан шығуға мүмкіндік берді;

*Алғаш рет елімізде 19 млн шаршы метр тұрғын үй салынды. 397 денсаулық сақтау, 298 білім беру нысаны бой көтерді. 11 мың орынға арналған 40 студенттік жатақхана пайдалануға берілді. Жүк тасымалының көлемі өткен жылы 10%-ға өсіп, шамамен 1 млрд тоннаға жетті. Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша контейнерлік тасымалдау 2,7 есеге ұлғайды. Құрылыс және жөндеу жұмыстарымен 12 мың шақырым автомобиль жолдары және 2 мың 800 шақырым теміржол қамтылды. Алматы, Қызылорда және Шымкент әуежайларында үш жаңа терминал пайдалануға берілді;

*Егіншілер суармалы сумен толық көлемде қамтамасыз етілді. Арал теңізіне 2 млрд 600 млн. текше метр су жіберілді. Бұл орташа жылдық көрсеткіштен едәуір жоғары. Жалпы ұзындығы 400 шақырымнан асатын 80 су арнасын жаңғырту жұмыстары аяқталды. Су үнемдеу технологияларымен қамтылған егіс алқабы 1,5 есеге артып, 470 мың гектарға дейін жеткізілді;

*Инвестициялық штаб істің мүддесін назарға алып, бюрократиялық мәселелерге қарамастан, елге қажетті жобаларды дер кезінде бастауға мүмкіндік беретін шешімдерді қабылдауда. Әрі қарай ол іскерлік ахуалды жақсарту үшін нақты проблемалық кейстер негізінде заңнамалық өзгерістерді әзірлейді. Қазіргі таңда 97 түзету бойынша осындай жұмыс жүріп жатыр.

АЭС ҚҰРЫСЫЛЫ ҺӘМ ҚҰН САЛЫҒЫН КӨТЕРУ: ОЛЖАС БЕКТЕНОВ НЕ ДЕЙДІ?

Онан соң Үкімет басшысы Олжас Бектенов сөз алып, бірқатар мәселелерге тоқталды. Олжас Бектенов баяндамасынан басты тезистер:

*Қосылған құн салығын көтеру керек Алдын ала мәліметтер бойынша, елімізде қосылған құн салығы қазіргі 12 пайыздан 20 пайызға көтерілуі мүмкін.

*2024 жылдың қорытындысы бойынша экономикалық өсім 4,8 пайыз болды.

*Қазақстанда азаматтар үшін мемлекеттік қызметті ұсыну кезінде виртуалды көмекші пайда болады.

*Жақын арада Алматы облысында АЭС құрылысы бойынша келісім жасалады. Сондай-ақ, екінші және үшінші атом электр станцияларын салудың ықтимал орындарын анықтау үшін аймақтық талдау аяқталуда.

*Елімізде сланцты мұнай өндіріле бастайды. Оның өндірілуі мұнай-газ саласына қосымша инвестиция тартуға мүмкіндік береді.

*Үкімет жанар-жағармай материалдары мен газ бағасын, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен теміржол көлігі саласындағы тарифтерді кезең-кезеңімен ырықтандыруды бастады. Біз бағаның күрт өсуіне жол бермейміз. Нарықтық баға белгілеуге бірқалыпты көшу осы салаларға қажетті инвестицияларды тартуға және жанар-жағармай тапшылығы қаупінен арылуға көмектеседі.

*Қазақстандық өндірушілерден сатып алынатын өнім түрлерінің тізімі үш есеге, яғни 4,5 мыңға дейін ұлғайтылды. Реттелетін сатып алулар шеңберінде құны 1 трлн. Болатын оффтейк-келісімшарттар жасалды.

*Бізде «даму бюджетінің» көлемі жеткіліксіз. Дамыған елдерде ол барлық мемлекеттік шығыстың 25%-ына жетеді. Ал бізде – 8%. Яғни, 26 трлн теңгеге жуық республикалық бюджеттің небәрі 2 трлн теңгесі ғана дамуға жұмсалады. Қалғанының барлығы – ауқымды бөлігін әлеуметтік шығыстар құрайтын ағымдағы бюджет.

*Экономикалық дамудың негізі болатын электр және жылу энергетикасы, су шаруашылығы, газ тасымалдау жүйелері, жол, инженерлік желілер мен инфрақұрылым салаларына жеткілікті қаражат бөлінбей келеді. Даму институттары да қаржыландырумен толық қамтамасыз етілмей отыр.

*Салық-бюджет жүйесін сауықтыру үшін кешенді шараларды жүзеге асыру қажет. Қазіргі салық жүйесі мемлекетке қажетті инвестиция көлемін қамтамасыз ете алмайды. Сондай-ақ ол кәсіпкерлерге қатысты да әділетсіз салық жүйесі ретінде қалыптасып отыр. Негізгі салық жүктемесі еңбекақы төлеу қорына, яғни тауардың өзіндік құнына түседі. Кәсіпкер тауар сөреге түспей тұрып, салықтың ауқымды бөлігін төлеуге мәжбүр болады. Үкімет салықты еңбекақыдан сатылымға қайта бөлуді қолдап отыр. Бұл біздің кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, олар үшін қажетті қаржылық қор жасақтауға жол ашады. Еңбекақы төлеу қорына түсетін жүктеменің азаюы бизнеске жұмысшылардың жалақысын көбейтуге мүмкіндік береді.

АСТАНА ӘКІМІ: ЛРТ ҚЫРКҮЙЕКТЕ АШЫЛАДЫ!

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек ЛРТ құрылысы туралы баяндады. Ол 2024 жылдың желтоқсанында Астанада көлік жүйесін дамытудың кешенді бағдарламасы бекітілгенін атап өтті.

Автотрафиктің өсуі аясында қоғамдық көлікті дамытуға, жолдардың өткізу қабілетін арттыруға, жаңа көпірлер салуға, тұрақ орындарының жұмысын жақсартуға баса назар аударылды,

«Күн сайын қалалық маршрутқа 1600-ден астам автобус шығады. Екі жылда қоғамдық транспорт паркі 45 пайызға жаңарды. Сіздің қолдауыңыздың арқасында ЛРТ жобасы мәреге таяп қалды. Жазда құрылыс жұмыстары толықтай аяқталады. Қыркүйекте алғашқы пойыздар келеді, содан кейін сынақтан өткізу басталады. Қалада заманауи жайлы экологиялық келбетті қалыптастыру бойынша белсенді жұмыс жалғасып жатыр», - деді қала әкімі.

Мемлекет басшысы Астана қаласы әкімінің жұмысына оң баға беріп, қаладағы кептеліс мәселесін шешуді тапсырды.

ТОҚАЕВТЫҢ ТҮЙІНІ:

«Сырттағы ахуал күрделі болса да, елімізде жақсы нәтижелер бар. Ел экономикасы өсіп жатыр. Бірақ шешімін таппаған түйткілдер әлі де көп. Қазіргі таңдағы басты мәселе мынадай. Әлем экономикасында болып жатқан тарифтік тартыстар мен санкциялық текетірестер қалыпты жағдайға айналды. Бұл үдерістің салдары жойқын болуы мүмкін. Климатқа байланысты ұстанымдар да үлкен өзгеріске ұшырайтын болды. Мұндай жағдайда «жасыл энергетиканы» дамыту тәсілдерін қайта қарауға тура келеді. Бір жағынан, дәстүрлі қуат көздеріне деген сұраныс сақталады. Екінші жағынан, бұл мұнай, газ және көмір бағасының тұрақсыздығына әкеп соқтырады. Қаржы саласында криптовалюталар мен басқа да цифрлық активтер кеңінен қолданыла бастады. Жасанды интеллектіні дамыту алдыңғы қатарға шықты, соған байланысты технологиясы дамыған алып елдер арасында бәсеке қыза түспек. Жаңа дәуірдің сын-қатерлері аз емес. Оны еңсеру үшін бізге тиісті стратегия керек», - деді Мемлекет басшысы.

Әрі қарай: «Мен реформалардың нақты бағыты мен оны жүзеге асыру жолдары туралы осыған дейін де айттым. Үкімет ел экономикасын тұралап қалудан сақтап, орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін күрделі шешімдер қабылдауы керек және ең бастысы сол шешімдерді іске асыруға тиіс. Бұл – жоғары білікті әрі жауапкершілік алуға дайын мемлекеттік қызметшілердің қолынан келетін жұмыс. Әлемдік тәжірибеге қарасақ, мемлекеттік аппараттың тиімділігі осындай күрделі кезеңдерде айқын көрінеді. Үкімет қаншалықты қиын болса да, жаппай үнемдеуге көшіп, бюджет қаржысын тек қана аса өзекті мәселелерді шешуге жұмсауы керек. Көрпеге қарай көсілетін уақыт келді. Орынсыз шығынды тоқтатып, аяғымызды тартып басу қажет», - деді Президент.

ҮКІМЕТКЕ ЖҮКТЕЛГЕН МІНДЕТТЕР ҚАНДАЙ?

Жиын соңында президент Тоқаев баяндама жасап, Олжас Бектенов тізгінін ұстаған Үкіметке бірсыпыра тапсырмалар жүктеді. Біз сол жүктелген тапсырмаларды тізбелеп ұсынамыз:

БІРІНШІ – ЭКОНОМИКАНЫ ӘРТАРАПТАНДЫРУ

«Былтыр өңдеу өнеркәсібі саласында 180 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Жобалардың жалпы құны – 1,3 триллион теңге. Соның нәтижесінде осы саладағы өсім 6 пайызға жуықтады. Бұл – соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Осы жақсы үрдісті біржола орнықтырып, сақтап қалу керек. Тағы бір аса маңызды мәселе – экономикаға инвестиция тарту. БҰҰ мәліметтеріне сәйкес, Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша айтарлықтай табысқа қол жеткізген. Дегенмен тоқмейілсуге негіз жоқ. Инвесторлардың мәселесін шұғыл шешу үшін Инвестиция штабы құрылды. Соның арқасында бюрократиялық кедергілер мен құқықтық қарама-қайшылықтар жойылып, кейбір жобаларды тезірек жүзеге асыруға жол ашылды. Алайда басты мақсат – «жекелеген» проблемаларды ғана шешпей, елдегі тұтас инвестициялық ахуалды жақсарту. Инвестициялық жобаларды әзірлеу барысында ведомствоаралық үйлестіруге әлі де көп уақыт кетеді. Үкімет басы артық бюрократиядан арылып, жедел жұмыс істеуі керек. Мемлекеттік қызметшілердің құлықсыздығы және жауапкершілік алудан тайсалуы келісу рәсімдері мен шешім қабылдаудың тым ұзаққа созылуына себеп болып отыр. Мұны ашық айтқан абзал», - деді Тоқаев.

БАСҚА ЖОЛ ЖОҚ: ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУДЫ КҮШЕЙТУ КЕРЕК!

«Үкімет инвестиция саласындағы жұмысты күшейтуі қажет. Басқа жол жоқ. Әйтпесе, инвестиция нарығындағы бәсекелестік қызып тұрған кезеңде заман ағымынан кеш қаламыз. Бізге сапалы инвестиция қажет екені анық. Озық технологияға негізделген және сыртқы нарыққа арналған жобаларды әдетте шетел инвесторлары ұсынады. Былтырғы 9 айда елімізге 12,7 миллиард доллар тікелей шетел инвестициясы тартылды. Бұл 2023 жылдың дәл сондай кезеңімен салыстырғанда 36 пайызға кем. Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Алматы қаласында тікелей шетел инвестициясын тарту қарқыны төмендеген. Ал жеке инвестицияның азаюы бюджет есебінен өтеліп жатыр. Бірақ мұндай шарамен ұзаққа бара алмаймыз. Қазір бюджет тапшылығы бар екенін білесіздер. Сондықтан сапалы инвестиция әкелетін жауапкершілігі жоғары инвесторларға қосымша жеңілдіктер беру мәселесін қарастырған жөн», - деді президент Тоқаев.

«Мұндай саясат менің ел экономикасын ырықтандыру туралы стратегияма толық сай келеді. Бұл – маңызды сәт. Үкімет инвесторды іздеуге, қолдауға және қорғауға қатысты жұмыстың бәрін жүйелі жүргізетін біртұтас экожүйе құруы қажет. Бұл жұмыс барлық деңгейде, яғни аймақта, орталықта және шетелде бірдей атқарылуы керек. Осы орайда шетелдік және отандық инвесторларға қатысты ұстаным бірдей болуы қажет. Мемлекеттің қолдауына ие болған компанияларға тиісті талап қойылуы керек. Олар жұмыс орындарын сақтауға, өндірісті жаңғыртуға тиіс. Сонымен бірге экология талаптарын мүлтіксіз орындауға міндетті», - деді Мемлекет басшысы.

«Ірі өнеркәсіп жобаларын іске қосу жұмыстары баяу жүріп жатыр. Мұны активтерді қазынаға қайтару ісімен қатар жүргізу қажет. Мен бұл жөнінде ірі бизнес өкілдерімен кездесулерде айтқанмын. Қазақстанда орта буынға жататын көшбасшы компаниялар шоғырын қалыптастыру міндеті әлі де өзекті. Үкімет биылғы маусым айының соңына дейін келешегі зор әрбір орта кәсіпорынның жұмыс жоспарын әзірлеуге тиіс. Еліміздің сирек кездесетін металл кенішін, соның ішінде әлемде сұраныс артып келе жатқан литийді өндіру мен өңдеу әлеуеті өте үлкен. Демек біз осы салаға инвестиция мен озық технологияларды тартуымыз қажет. Бұл ретте шетелдік инвесторларға да, отандық бизнесмендерге де басымдық берген жөн. Қазақстан нарығына геологиялық барлаумен айналысатын ірі шетелдік компаниялар келді», - деді Президент.

ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУ: РЕФОРМА ЖАЛҒАСУЫ ТИІС!

«Жер қойнауын пайдалану құқығын ашық әрі қарапайым тәртіппен бөлетін Бірыңғай платформа іске қосылды. Парламент сессиясының соңына дейін бұл жұмыстың заңнамалық негізін қамтамасыз ету керек. Жер қойнауын пайдалану саласындағы реформа еш кедергіге қарамастан жалғасуға тиіс. Бұл – принципті ұстаным. Үкімет мұны қатаң түрде сақтауы қажет!

Ірі кен орындарының өнімін бөлу жөніндегі келісімді іске асыру нәтижесінде Қазақстан жаһандық нарыққа қуат көзін сенімді жеткізушіге айналды. Бұл жобалар еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосады. Сонымен қатар қомақты инвестициялар ұзақмерзімді жоспарлауды талап етеді. Сондықтан Үкімет өнімді бөлу жөніндегі келісімдерді елімізге анағұрлым тиімді әрі жаңа шарттармен ұзарту үшін келіссөздерді жандандыруы қажет. Бұдан бөлек, игерілуі технологиялық тұрғыдан күрделі бірқатар мұнай кен орындарын, сондай-ақ айтарлықтай қоры бар тақтатас мұнай кеніштерін экономикалық айналымға енгізген жөн. Мұндай жобалардың коммерциялық тартымдылығын арттыру үшін Үкімет мемлекеттік қолдау шараларын қарастыруы керек.

Тағы да қайталап айтамын: қазіргі жаңа геосаяси және экономикалық жағдайда индустрияға болсын, ауыл шаруашылығына болсын, жалпы ел экономикасына жеке инвестиция тарту – Үкіметтің басты міндеті. Бұл стратегия еліміздің ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүддесіне сай келеді. Сондықтан мұнда отаншылдықты желеу еткен жалған ұрандар орынсыз деп күмәнсіз айтуға болады. Сонда ғана Қазақстан өз экономикасына қосымша инвестиция тартады, ресурстық әлеуетін арттырады, жаңа өндірістік кәсіпорындардың пайда болуына жағдай жасайды. Қоғам менің ұстанымымды білсін деп мұны әдейі айтып отырмын», - деді Тоқаев.

ӘЛЕМ БІЗДІ «ОРТА ДЕРЖАВА» РЕТІНДЕ ТАНИДЫ...

«Былтыр энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға арналған ұлттық жоба қабылданды. Бұл жоба аясында өнеркәсіп саласын дамыту үшін жаңа өнімдер шығару да қолға алынбақ. Отандық кәсіпорындар негізгі сұраныстың 40 пайызын ғана өтей алады. Үкімет жергілікті зауыттармен офтейк-келісім жасау арқылы құрал-жабдық өндірісін жолға қоюға тиіс.

Әлем Қазақстанға зор сенім артады, бізді «орта держава» ретінде таниды. Алайда бұл жоғары мәртебе тек сыртқы саясаттағы нақты нәтижелермен ғана емес, экономика, инвестиция, ғылым және технология салаларындағы жетістіктермен де бекітілуге тиіс. Қазіргі геосаяси жағдай көршілермен (Орталық Азия және ЕАЭО елдерімен) ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруді қажет етеді. Бұл аймақтың және Қазақстанның бәсекеге қабілетін күшейтеді. Үкімет өнеркәсіп, көлік және логистика, ІТ сектор, агроөнеркәсіп кешені және басқа да салалардағы өзара тиімді байланыстар бойынша нақты шаралар әзірлеуі керек. Бұдан бөлек, Қытай, Ресей, АҚШ, ЕО, Таяу Шығыс, Азия елдерімен және басқа да мемлекеттермен ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысын айрықша назарда ұстаған дұрыс», - деді президент Тоқаев.

ТУРИЗМ САЛАСЫ АҚСАП ТҰР...

«Келесі кезек күттірмейтін мәселе. Туризм экономиканың өсуіне жаңаша серпін беретін сала болуы қажет. Бұл бағытта біз артта қалып барамыз, жұмыс мардымсыз жүріп жатыр. Еліміздің әр аймағында көрікті жерлер бар. Шетелден және ел ішінен келген туристер біздің қайталанбас қорықтарымызды аралап көргісі келеді. Бірақ белсенді және ауқымды туризмді дамыту үшін жағдайымыз жеткілікті емес. Сондықтан жеке инвесторларды да тарта отырып, қажетті инфрақұрылым салу жұмысын дереу бастау қажет. Туризм саласының инвестициялық әлеуетін күшейтуге арналған кез келген бастамаға қарсы шығатын адамдардың жетегінде кетпеу керек. Маңғыстауда әйгілі Бозжыраға байланысты сондай жағдай болғанын білесіздер. Үкімет пен жергілікті мекеме өкілдері іскерлік ахуалды жақсарту үшін неғұрлым батыл шаралар қабылдауға тиіс. Мен экономикаға инвестиция тарту мәселесін бекерден-бекер басты орынға қойып отырған жоқпын. Мұның да стратегиялық маңызы зор. Экономикамыздың болашағы мен еліміздің әлем картасындағы орны, ең алдымен, осыған байланысты», - деді Мемлекет басшысы.

ЕКІНШІ – ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ

«Үкіметтің және жергілікті атқарушы органдардың күш-жігерімен біз энергетикалық және коммуналдық саладағы ауыр дағдарысты еңсердік. Енді Үкімет мұндай жағдайға жол бермеуге тиіс. Жылу стансаларындағы апаттар елімізге абырой әпермейді, беделіне нұқсан келтіреді және бұл мемлекеттік қызметшілердің жауапсыздығы мен біліксіздігін көрсетеді. Аймақтарда коммуналдық шаруашылықтағы басшылық орындарда кәсіби мамандар емес, заңгерлер мен басқа да гуманитарлық сала өкілдері отыр. Энергетикалық және коммуналдық нысандардың жұмысын жаңа стандарттарға жедел түрде көшіру керек. Үкімет жаңа тариф саясатын жүзеге асыруды жалғастыруға тиіс. Тарифтер нарық талаптарына сай болмаса, электр энергиясымен, жылумен және сумен үздіксіз қамтамасыз ету мүмкін емес. ТМД елдерінің бәрінде дерлік электр энергиясының, газдың және мұнай өнімдерінің бағасы Қазақстанға қарағанда қымбат. Бұл экономика балансының бұзылып, шатқаяқтауына әкеп соғады. Ақиқаты осы, оның несін жасырамыз?! Көршілес елдерге контрабандалық жолмен жанар-жағармай тасылатынын жұрттың бәрі көріп отыр. Өз кезегінде бұл қылмыстың етек алуына негіз болады», - деді Президент.

БҮКІЛ ОРТАЛЫҚ АЗИЯДА СУ ТАПШЫЛЫҒЫ КҮШЕЙІП ТҰР

«Біз қоғамда ресурстарды үнемдеп пайдалану мәдениетін қалыптастыру маңызды екенін талай жылдан бері айтып келеміз. Бірақ азаматтарға үндеу тастау жеткіліксіз. Бұдан бөлек, ресурстарды тұтынудың әлеуметтік нормаларын енгізу қажет. Үлгі етуге болатын жақсы мысалдар бар. Мысалы, дәл осындай ұстаным ай сайын суды сегіз пайызға жуық үнемдеуге мүмкіндік берді. Бұл – аса маңызды. Себебі Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азияда су тапшылығы күшейіп тұр. Сондықтан суды үнемдейтін технологияларды пайдалану мәселесі өте өзекті. Көрші Қытай елінде әлемдік деңгейдегі озық технологиялар бар, олар тәжірибесін бөлісуге дайын. Бірақ біздің жақ – құлықсыз, оның үстіне батыл шешімдер жоқ. Үкіметке осы шаруамен белсенді айналысып, 1 маусымға қарай жұмыс барысы туралы есеп беруді тапсырамын», - деді Мемлекет басшысы.

«Тағы бір мәселе – мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмектің нақты иесіне жетуі. Көмек шын мұқтаж адамдарға берілуге тиіс екені қаншама рет айтылды. Қазақстан – шын мәнінде әлеуметтік мемлекет. Бірақ бұл – азаматтарымыздың, әсіресе, өскелең ұрпақтың еңбек етуге ынтасын азайтып, оларды масылдыққа үйрету деген сөз емес. Қазақстанға көрші елдерден жүз мыңдаған еңбек мигранты жұмыс іздеп келіп жатыр. Олардың бұл әрекетін құрметке лайық деуге болады. Себебі олар отбасына нәпақа табу үшін жұмыс істегісі келеді. Үкімет әлеуметтік көмек мәселесіне келгенде тым сақтық танытуда. Десек те, нақты ұсыныстар мен оны шешу жолдарын қарау қажет. Тағы бір маңызды міндет – тұрғын үй қорын басқару жүйесін жаппай реформалау. Қала құрылысын жоспарлаудан бастап, нысандарды пайдалануға беруге дейінгі барлық үдерісті цифрлық форматқа толық көшіру қажет. Бірыңғай ақпарат жүйесін жыл соңына дейін әзірлеу керек. Біз былтыр тұрғын үй құрылысы бойынша рекордтық көрсеткішке қол жеткіздік (19 млн. шаршы метр). Бұл – өте жақсы. Бірақ тұрғын үйдің санына емес, сапасына және оның қолжетімді болуына баса назар аударған жөн», - деді Президент.

ТРАНСКАСПИЙ БАҒЫТЫ ҺӘМ ТРАНЗИТТІК ӘЛЕУЕТТІ АРТТЫРУ МАҢЫЗДЫ

«Енді көлік-логистика инфрақұрылымына тоқталайық. Транзит – жүк тасымалына қатысты халықаралық бәсекедегі біздің орасан зор артықшылығымыз. Мұны толықтай әрі тиімді пайдалануымыз керек. Қазақстан арқылы өтетін темір жол дәлізін дамыту жұмысын тездету қажет. Бұл жоба Транскаспий бағдарының негізгі бөлігі болмақ. Осы бағыттағы маңызды жобалардың біразы қазір жүзеге асырылып жатыр. Алдын ала қамданып, жұмысты тоқтатпай, жалғастыра беру керек. «Мойынты – Қызылжар» бағытында жаңа темір жол құрылысын бастауды тапсырамын. Сондай-ақ Қызылжар бекетінен Ақтау портына дейінгі күре жолдың қозғалысы аса көп учаскелерін жаңғырту керек. «Алтынкөл – Жетіген» темір жолын да кеңейту қажет. Бұл Қытай мен Орталық Азия арасындағы көлік дәлізінің әлеуетін едәуір арттырады. Бұдан бөлек, темір жол тасымалын цифрландыру жобаларын уақтылы аяқтау маңызды. Мультимодальды көлік тораптарын дамытуға баса мән берген жөн. Сол арқылы тасымалдың барлық түрін өзара кіріктіруге мүмкіндік туады. Биыл және келесі жылы осы бағытта ауқымды жұмыстар атқарылуға тиіс», - деді Тоқаев.

«Жаһандық электронды сауда-саттық көлемінің артуы біз үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Сондықтан ел экономикасын дамытуға зор ықпал ететін осы үрдісті толық пайдалану керек. Қазақстанға озық логистика жүйесі қажет. Қазіргі халықаралық нарықтың ерекшеліктерін ескерсек, бұл стратегиялық сипатқа ие міндет саналады. Автокөлік тасымалына арналған «жасыл дәліздің» тиімді қызметін қамтамасыз ету маңызды. Бұған дейін жоспарланған жолдарды салу және жөндеу жұмысын уақтылы аяқтау керек. Біз автокөлік тасымалының әлеуетін толығымен пайдаланып отырған жоқпыз. Заманауи технологияларды енгізбейінше, логистиканы табысты дамыту мүмкін емес. Сондықтан қоймаларды автоматтандыру, маршруттарды цифрландыру, көлік ағынын басқару ісінде жасанды интеллектіні қолдану Үкімет жұмысының басым бағыттары болуға тиіс», - деді Президент.

ШҰҒЫЛ АТҚАРАТЫН ШАРУА – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘУЕ ХАБТАРЫН ҚҰРУ!

«Шұғыл атқаратын шаруаның бірі – еліміздің аумағында халықаралық әуе хабын құру. Ірі әуежайларымызды бәсекеге қабілетті халықаралық хабқа айналдыру үшін тез арада батыл шешімдер қабылдау қажет. Алдымызда жүк және жолаушылар терминалдары, логистикалық орталықтары және заманауи сервистері бар толыққанды экожүйе құру міндеті тұр. Жүк тасымалының барлық рәсімін жеңілдетіп, авиаотынға қолжетімді баға қою керек. Кейінгі мәселе өте өзекті. Өйткені біздің әуежайлардағы, атап айтқанда, Астана әуежайындағы авиакеросиннің бағасы тым қымбат. Үкімет Бәсекелестікті қорғау ведомствосымен бірге аталған міндетті алғашқы жартыжылдықта орындауы керек. Қазір әлемде әуемен жүк тасымалдау нарығы 140 миллиард долларға бағаланып отыр. Бұл – орасан зор мүмкіндік. Алайда бірде-бір қазақстандық авиакомпания аталған салада толық жұмыс істемейді», - деді Тоқаев.

ҮШІНШІ - ЦИФРЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯНЫ ЖАН-ЖАҚТЫ ЕНГІЗУ

«Қазақстан цифрландыру ісінде, әсіресе, мемлекеттік қызмет көрсету саласын цифрландыру жолында едәуір жетістікке жетті. Бірақ бұл – алдағы үлкен жұмыстың басы ғана. Толыққанды цифрлық экожүйе жасау үшін оның іргесі берік болуға тиіс, яғни, сапалы мәліметтер мен оны қорғайтын сенімді жүйе қажет. Жасанды интеллект технологиясын қарқынды дамыту керек. Жыл соңына дейін оның кейбір тұстарын Электронды үкімет жүйесіне енгізу қажет. Бұл технологияны «Smart City» жобаларында кеңінен қолдану мәселесіне айрықша назар аударған жөн. Адам капиталын дамытуды және жоғары оқу орындарын білім беруден ғылыми-зерттеу тәсілдеріне көшіруді көздейтін «AI-Sana» жасанды интеллектіні оқыту бағдарламасының маңызы артып келеді. Үкімет цифрландыру мен жасанды интеллектіні қолданудың біртұтас жүйесін құруға тиіс. Үкіметке мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларға жасанды интеллект технологиясын енгізу жұмысын қолға алуды тапсырамын.

Жаппай цифрландыру мемлекеттің азаматтармен және бизнес өкілдерімен қарым-қатынасын айтарлықтай жеңілдетеді. Сондай-ақ бюрократияны және сыбайлас жемқорлық қатерлерін азайтады. Бұл – түсінікті. Алайда таяқтың екі ұшы бар, цифрландыру дамыған сайын алаяқтық көбейіп барады. Қоғамдық пікірге теріс ықпал ету, биліктің беделін түсіру және ел ішінде алауыздық тудыру үшін жалған мәлімет таратып, ақпараттық шабуыл жасау белең алуда. Мұндай әрекеттер азаматтардың қауіпсіздігіне және елдегі тұрақтылыққа үлкен қатер төндіреді. Сондықтан интернет-платформаларда арандатушылық сипаттағы ақпарат таратқаны үшін жауапкершілікке тартуды заңмен бекіту мәселесін ойластыру керек. Бірақ киберқауіпсіздікті күшейту шаралары цифрландыру үдерісіне тосқауыл болмауға тиіс. Қоғамда мемлекеттің азаматтарды кибералаяқтардан қорғау үшін қабылдап жатқан шаралары нәтижесіз деген қасаң пікір қалыптасып келеді. Статистика да көңіл көншітпейді. Жыл сайын 20 мыңнан астам интернет-алаяқтық фактісі тіркеледі. Қылмыстың 80 пайызға жуығы әшкереленбейді. Сондықтан Үкімет құқық қорғау органдарымен және қаржы саласын реттеушілермен бірге азаматтардың жеке деректерін қорғауды мейлінше қамтамасыз етуі керек», - деді Мемлекет басшысы.

ТӨРТІНШІ - ЭНЕРГЕТИКАНЫ ДАМЫТУ ЖӘНЕ ЯДРОЛЫҚ КЛАСТЕР ҚҰРУ!

«Еліміз өзін өзі электр энергиясымен толық қамтамасыз етіп, 15-20 пайыз шамасында резерв қалыптастыруға тиіс. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған міндет. Сондықтан алдағы екі жылда кемінде 3 гигаваттық жаңа қуат көздерін іске қосу қажет. Бұл – алдыңғы жылдардың көрсеткішінен 2,5 еседей артық меже. Біздің көміртегі бейтараптығына қол жеткізу туралы стратегиялық бағдарымыз өзгермейді. Алайда оны жүзеге асыруға барынша байыппен, салмақты түрде қараған жөн. Біз қолда бар табиғи байлықтарымыз бен мүмкіндіктерімізді ұтымды пайдалануымыз қажет. Сондықтан әлдеқашан ескірген технологиялар бойынша салынған ЖЭС-терді инновациялық көмір стансалары алмастыруы керек. Қытай мен Оңтүстік Кореяда зиянды шығарындылары аз, жаңа буын көмір стансалары табысты жұмыс істеп тұр. Өкінішке қарай, кезінде Балқашта көмір электр стансасы салынбай қалды. Соның кесірінен біз мықты қуат көзінен айрылып қалдық. Ал ондай станса бізге қазіргі таңда артық болмайтын еді», - деді Президент.

«Энергия тапшылығы артып келеді. Сондықтан алғашқы Атом электр стансасының құрылысын тездету қажет. Жалпы елімізде ядролық кластер құру ісін қолға алу керек. Бұл еліміздің болашақта ойдағыдай дамуына қатысты аса маңызды міндет. Үкіметке «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, атом саласын дамытудың ұзақ мерзімге арналған жоспарын әзірлеуді тапсырдым. Нақты нәтиже керек. Жан-жақты талдау жүргізіп, атом электр стансаларын салуға барынша қолайлы жерлерді, сондай-ақ заманауи және қауіпсіз технологияларды анықтау қажет. Үкімет пен Парламент екінші ядролық стансаны қай аймақта салу қажет екені жөнінде маған ұсыныс беруі керек. Бірақ атап өткім келеді: елімізге ядролық қуат керек, онсыз Қазақстан келешекте ойдағыдай дами алмайды. Қуат дегеніміз – бүкіл экономиканың дамуы деген сөз. Екіншіден, қуат жеткілікті болса, барлық аймақтар гүлденіп, өркендей түседі, халықтың тұрмысы жақсарады. Бұл – айдан анық», - деді Президент.

«Үкімет 2027 жылы Батыс аймақтағы электр желісін еліміздің Бірыңғай электрэнергетикалық жүйесімен біріктіруі керек. Сондай-ақ Оңтүстік аймақтағы электр желілерін күшейту жобасын жеделдеткен жөн. Оңтүстік өңірлердегі энергия тапшылығын жою үшін «жасыл» энергетика саласында ірі жобалар мен бу-газ қондырғылары іске қосылды. Сондықтан 2026 жылы «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырына қарасты екінші тармақтың алғашқы кезеңін аяқтауымыз керек. Жалпы газ саласын дамыту елдің орнықты әлеуметтік-экономикалық өрлеуінің негізгі факторына айналып келеді. Былтыр 9 өңірдегі 107 елді мекенге газ жеткізіліп, 300 мың халықтың тұрмысы жеңілдеді. «Шеврон» корпорациясымен бірге жаңа газ кеніштерін игеру жұмыстары басталып, Ақтөбе облысындағы Жәлібек учаскесін геологиялық барлау жөнінде ынтымақтастық орнады. Алайда Жаңаөзен мен Қашағандағы газ өңдеу зауыттарының, сондай-ақ Түркістан облысындағы бу-газ қондырғысы базасында жұмыс істейтін электр стансасының құрылысы ойдағыдай жүріп жатқан жоқ. Аталған жобалар межелі мерзімде аяқталуға тиіс», - деді Мемлекет басшысы.

БЕСІНШІ - АГРОӨНЕРКӘСІП КЕШЕНІНІҢ ӘЛЕУЕТІН АРТТЫРУ ҚАЖЕТ!

«Былтыр экономиканың басқа салаларына қарағанда ауыл шаруашылығы даму қарқыны бойынша алға шықты. Бұған көктемгі егіс науқанына берілетін арзан несие көлемін едәуір арттырудың арқасында қол жеткіздік. Биыл осы науқанға кемінде 700 миллиард теңге бөлу керек. Арзан несиені малшыларға және ауыл шаруашылығы өнімін өңдеушілерге берген жөн. Тиімділігі төмен субсидиялау тәсілінен жеңілдікпен несие беру тәсіліне көшу қажет. Мен бұл мәселе жөнінде осыған дейін де айттым. Осы міндетті орындау керек. Былтыр диқандарымыз мол астық жинады. Бірақ бидай бағасы тым арзандап кетті. Шаруаларды қолдауға және ішкі нарықты тұрақтандыруға Азық-түлік корпорациясы атсалысты. Бірақ бұл – уақытша шешім. Көбірек табыс әкелетін дәнді-дақылға көшуді жалғастыру қажет. Сондай-ақ шикізатты сақтау және оны терең өңдеу мүмкіндіктерін арттыру маңызды. Өнімді шетелге шығаруға қолдау көрсету керек. Малдың жұқпалы ауруларына қатысты ахуалды, соның ішінде екпе егу мәселесін ерекше бақылауда ұстаған жөн. Мал шаруашылығының экспорттық әлеуеті осыған байланысты», - деді президент Тоқаев.

АЛТЫНШЫ - САЛЫҚ-БЮДЖЕТ САЯСАТЫН РЕФОРМАЛАУ КЕРЕК!

«Бүгін бұл тақырыпқа қатысты қосымша баяндаманы тыңдадық. Жаңа өндіріс орындарын ашу, инфрақұрылымды дамыту және үдерістерді цифрландыру үшін инвестор қаржысын тарту қажет екені түсінікті. Бір жағынан мемлекет те экономикаға салынатын инвестиция көлемін ұлғайта береді. Сондықтан Үкімет барлық қаржыны басты басымдықтарға сай бөлуі керек. Бұл – Үкімет пен әкімдер бұлжытпай орындауға тиіс негізгі бюджет қағидатының бірі. Елімізде жаңа әрі барынша қатаң бюджет ережелері қолданысқа енгізілгеніне екі жыл болды. Алайда, шын мәнінде, бұл жүйе жұмыс істеп тұрған жоқ. Неліктен олай болды? Оған Үкімет өзі жауап беруге тиіс. Үкімет ұсынған шаралар бюджетті Ұлттық қордан қосымша қаржы алмай-ақ толықтыруға мүмкіндік береді. Бірақ нақты есептеп, жанама факторлардың бәрін ескеру керек. Сол себепті жаңа Бюджет және Салық кодекстерін тыңғылықты әзірлеп, қысқа мерзімде қабылдау міндеті тұр. Мемлекет қаржысын барлық деңгейдегі бюджетке рационалды әрі әділ бөлудің маңызы зор. Тіпті ауылдық округтерге дейін қамтылуға тиіс. Жалпы сипаттағы трансферттерді есептеген кезде барлық диспропорцияны ескергеніміз жөн. Республикалық бюджеттен, ең алдымен, кенжелеп қалған белгілі бір өңірді жалпы елдің даму деңгейіне жақындататын жобалар қаржыландырылуға тиіс. Әйтсе де барша аймақтың мәселелері мен қажеттіліктері Үкіметтің жіті назарында болуы керек. Өңірлердің даму қарқыны бәсеңдеуіне және әлеуметтік-экономикалық жағдайдың нашарлауына мүлдем жол беруге болмайды», - деді Мемлекет басшысы.

«Мемлекеттік бюджеттің жоспарлануы мен орындалуы көбіне инфляция үдерістерін бақылау шараларының тиімділігіне байланысты. Ұлттық банк пен Үкіметке батыл әрі қалыптан тыс, бірақ сындарлы шешімдер қабылдауға тура келеді. Әлемдегі экономикалық конъюнктура тез өзгеріп жатқан кезеңде таптаурын жолмен жүруге болмайды. Ол заман келмеске кетті. Демек қабылданған шешімдер күрделі сын-қатерлерге сай болуға тиіс. Жолдауда цифрлық активтер айналымына қолданылатын тәсілдерді өзгерту қажет екенін айтқан едім. Қазір мұндай активтерді тек Астана халықаралық қаржы орталығындағы криптобиржа базасында ғана заңды түрде пайдалануға болады. Алайда, сарапшылардың бағалауынша, Орталықты сауда алаңы ретінде қазақстандық криптоинвесторлардың небары 5 пайызы пайдаланады. Қалғаны астыртын жұмыс істейді. Цифрлық активтердің заңды түрде қолдану аясын кеңейтуге арналған инфрақұрылымды жедел құру керек. Қаржы саласының реттеушілері тиісті заңнама базасын қалыптастыруды қолға алғаны жөн», - деді Президент.

ЖЕТІНШІ – МАҢЫЗДЫ  ЖОБАЛАРДЫ ҚАРЖЫ КӨЗДЕРІМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ КЕРЕК!

«Екінші деңгейдегі банктердің ресурстарын үкіметтік бағдарламаларға, атап айтқанда, ірі инфрақұрылымдық жобалардың құрылысы мен жаңғырту жұмысына тартуға болады және тарту керек деген мәселе көп айтылды. Мемлекет бөлетін қаражатты кезең-кезеңімен несие мөлшерлемесін субсидиялауға қарай бағыттау керек. Бұл қаржыландыру көлемін бірнеше есе ұлғайтып, банктердің ақшасын экономикалық айналымға қосуға мүмкіндік береді. 2017 жылдан бастап 2020 жылға дейін бірқатар ірі банкке мемлекет тарапынан, соның ішінде Ұлттық қор есебінен 15 жыл мерзімге қаржылай қолдау көрсетілгенін білесіздер. Бұл көмек банк акционерлері де ортақ жауапкершілікке ие болады деген талаппен берілді. Кейбір банктер өз шығындарын әлдеқашан өтеген. Бірақ мемлекеттің иелігіндегі қаржыны қайтаруға асықпайды. Тіпті оны жоғары пайызбен тәуекелі аз мемлекеттік қаржы құралдарына салып, кепілді табыс тауып отыр. Үкімет пен Ұлттық банкке шара қабылдауды тапсырамын. Бір нәрсені атап өткім келеді: банктер Үкіметтің, соның ішінде халықтың жауы емес. Бірақ диалог негізіндегі әділ серіктестік орнауға тиіс. Кезінде сіздерге көмектестік, енді сіздердің кезектеріңіз келді», - деді Тоқаев.

СЕГІЗІНШІ – ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ ІСІН РЕТТЕП, ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ, БІЛІМ БЕРУ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ САЛАСЫН ОДАН ӘРІ ДАМЫТУ ҚАЖЕТ!

«Мен мемлекеттің әлеуметтік бағдарламаларын мейлінше әділ қаржыландыру туралы тапсырма бердім. Үкімет бұл жұмысты бастады. Былтыр денсаулық сақтау саласының өзінде 140 миллиардтан астам теңге орынсыз шығын анықталып, тиімді жұмсалды. Демек жауапкершілікпен қараған кезде қосымша қаражат көзін де табуға болады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін реформалауды жалғастыру керек. Сонымен қатар бірқатар заңнамалық шара қабылдау қажет. Үкімет Парламентпен бірге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру туралы заң жобасын жедел пысықтауы керек. Құжат осы сессияның соңына дейін қабылдануға тиіс. «Ауылдағы денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту» ұлттық жобасы аясында екі жылдың ішінде халыққа алғашқы дәрігерлік көмек көрсететін 460 нысан пайдалануға берілді. Тағы 195 нысан жыл соңына дейін салынып бітеді. Алайда көпбейінді орталық аудандық ауруханаларды жаңғырту жұмысы ойдағыдай жүріп жатқан жоқ. Жоспар бойынша биыл 32 ауруханаға жөндеу жүргізілуге тиіс. Бірақ оның тең жартысының жобалық-сметалық құжаты енді ғана әзірленіп, сараптама жасалып жатыр. Бұл мекемелерді медициналық құралдармен жабдықтау мәселесі де шешімін тапқан жоқ. Үкімет пен әкімдер алғашқы көмек көрсету нысандарының барлығын жыл соңына дейін түгел іске қосуы керек. Ал көпбейінді орталық аудандық ауруханаларды жаңғырту жұмыстарын келесі жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырамын», - деді Президент.

«Мектепке дейінгі және орта білім беру саласында әділ бәсеке болуы қажет. Бюджет қаржысын үнемдеп, қаражаттың ашық жұмсалуын қамтамасыз ету маңызды. Бұған жол ашатын тәсілдерді енгізу жұмыстарын жалғастыру керек. Осы орайда мектепке дейінгі мекемелерді ваучерлік тәсілмен қаржыландыратын пилоттық жобаны атап өткен жөн. Мемлекеттік тапсырыс белгілі бір білім беру мекемесіне байланбайтын болды. Соның нәтижесінде, ата-аналар балабақшаны өздері таңдауға мүмкіндік алды. Енді бұл тәжірибені орта білім беру саласына енгізуге болады. Тұрғылықты жеріне қарамастан, әрбір баланың білім алуына қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің міндеті. Биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аяқталады. Барлық аймақта заман талабына сай тірек мектептер желісі құрылып жатыр. Менің тапсырмаммен үш жыл ішінде тағы 1300 мектеп жаңғыртудан өтеді. Бұдан бөлек, Үкімет заманауи мектептер салуға қолайлы жағдай жасап, орта білім беру саласына жеке инвестиция тартуы қажет», - деді Мемлекет басшысы.

ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАР ЖЫЛЫ: ЕҢБЕК АДАМЫНЫҢ БЕДЕЛІН АРТТЫРУ МАҢЫЗДЫ!

«Биыл – Жұмысшы мамандықтар жылы. Осыған орай, маңызды іс-шаралар мен жобалар жүзеге асырылмақ. Еңбек адамының абырой-беделін арттыру үшін нақты жұмыс жүргізіледі. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін түбегейлі жаңғырту ісін бастау керек. Жауапты мекеменің бәрі және ең бастысы, жеке сектор бұл іске белсене араласуға тиіс. Бизнес бұл салаға көбірек келуі үшін техникалық және кәсіптік білім беретін ұйымдарға арналған мемлекеттік тапсырыс көлемі артады. Оның мөлшері де біркелкі болады. Бұған биыл бюджеттен қосымша 22 миллиард теңге бөлінеді. Бұл ретте әкімдерге зор жауапкершілік жүктеледі. Олар кәсіпкерлермен бірлесіп, аймаққа қажетті мамандықтар тізімін анықтауы керек. Сондай-ақ сұранысқа ие кадрлар даярлау үшін колледждерге бағыт-бағдар беруі қажет. Ғылым және жоғары білім саласындағы реформалардың қарқыны мен сапасын сақтау маңызды. Білім беру тапсырысын оқу орындарының рейтингіне қарай бөлу жұмысы Үкіметтің бақылауында болуға тиіс. Соңғы жылдары мемлекет ғылымға бөлінетін қаражат көлемін едәуір арттырды. Әлі де арттыра береді. Бірақ бұл қаржы нақты мақсатқа сай жұмсалуы қажет. Бюджет қаржысын сапалы әрі сұранысқа ие зерттеулер жүргізетін университеттер, институттар мен ғалымдар ғана алуы керек», - деді Тоқаев.

«Алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін тұтас мемлекеттік аппарат тиімді жұмыс істеуі керек. Әкімдерді тікелей сайлаудың нәтижесінде мемлекеттік қызметшілердің жаңа санаты – сайланатын басшылар пайда болды. Бұл – екі жарым мыңнан астам басшы лауазымындағы қызметкер деген сөз. Олардың арасында бұрын мемлекеттік қызметте жұмыс істемеген азаматтар, соның ішінде жастар көп. Сол себепті сайланған әкімдер мен түрлі деңгейдегі басшыларды кешенді дайындықтан өткізу мәселесі өте өзекті болып тұр. Үкіметке Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп, «Әкімдер мектебі» оқыту жобасын іске қосуды тапсырамын. Бұл ретте осындай жұмысты жүргізіп жатқан «Аmanat» партиясының тәжірибесін ескерген жөн. Мемлекеттік аппараттың басты міндеті – азаматтарды толғандыратын өзекті мәселелерді шешу. Ол үшін, ең алдымен, азаматтармен ұдайы байланыста болу керек. Онсыз болмайды. Сондықтан халықтан келіп түсетін өтініштерге айрықша назар аудару қажет. Былтырдың өзінде Президент Әкімшілігіне 50 мыңнан астам өтініш келіп түскен, ал еліміздегі барлық мемлекеттік органдарға шамамен 4 миллион өтініш жолданған. Бұл көрсеткіш жылдан жылға көбеюде. Бір жағынан, бұл жұрттың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сенетінін көрсетеді. Алайда, сонымен бірге, бұл олардың өтініштері мен мәселелері мемлекеттік органдардың күнделікті жұмысы барысында шешімін таппай жатқанын аңғартады. Сондықтан олқылықтар мен кемшіліктерді жою үшін тиянақты жұмыс жүргізу қажет. Әдетте азаматтардың өтініштерінің артында адам тағдыры тұрады, сондықтан, бұл жерде барлық құзырлы органдар жұмыла жұмыс істеуге тиіс», - деді президент Тоқаев.

АЛДЫМЫЗДА АУҚЫМДЫ МІНДЕТТЕР ТҰР!

«Мен бүгін Үкімет жұмысының басты бағыттарын айқындап бердім. Бұл – ірі инфрақұрылым жобалары, цифрландыру және жасанды интеллект, ядролық энергетиканы дамыту, агроөнеркәсіп кешенін нығайту және инвестиция тарту мәселелері. Экономикамыз дамып жатыр. Бірақ оның қарқыны ойдағыдай емес. Алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Оны алдағы бес жылда орындауымыз керек. Бізге, ең алдымен, білікті және ел мүддесін ойлайтын отаншыл кадрлар керек. Дәл осындай мамандарды тауып, оларды басшылық лауазымдарға тағайындаймыз. Бүгін біз еліміздің 2024 жылғы даму нәтижесін қарадық. Қордаланған мәселелерді талқылап, алдағы міндеттерді айқындадық. Басты мақсат – азаматтардың әл-ауқатын арттыру. Алдағы жоспардың бәрін сапалы орындау қажет. Сөз соңында тағы да атап өткім келеді: бізге нақты нәтиже керек. Нәтиже болса ғана даму болады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар