Батыстық санкция Ресей олигархтарының Ресей аумағынан тыс жердегі жылжымайтын мүлкін, ұшақтары мен яхталарын тәркілеп, банктық есепшоттарын бұғаттауда. Бұл туралы Moscow Times ауқымды зерттеуін жариялады.
Санкцияға дейін Ресей олигархтарының әлем елдерінде 70-тен астам яхтасы болды. Қазіргі таңда аталған яхталардың 60 пайыздан астамы санкция аясында тәркіленді. Санкциядан бас сауғалаған яхталардың көпшілігі БАӘ порттарында тұр. БАӘ порттарында Андрей Мельниченконың «A motor yacht» ұзын элиталық қайығы, Виктор Рашниковтың «Ocean Victory» яхтасы, Сергей Галицкийдің «Quantum Blue» яхтасы, Адрей Скоч әулетіне тиесілі «Madam GU» яхтасы, Леонид Михельсонның «Pacific» және Владимир Потаниннің «Nirvana» яхталары тұр.
Санкцияға байланысты тәркіленуден қашқан яхталардың бірқатары Түркия жағалауында байқалған. Оның ішінде Роман Абрамовичке тиесілі 162 метрлік «Eclipse» яхтасы, Искандер Махмұдовқа тиесілі «Predator» яхтасы, Андрей Костинға тиесілі «Sea Rhapsody» яхтасы және Максим Шубаревқа тиесілі «Setl Group» яхтасы бар.
Ресей президентіне тиесілі яхталардың бірқатары Ресейге жеткізілген. «Досье» зерттеу орталығының хабарлауынша Владимир Путиннің 9 яхтасы бар. Оның ішіндегі ең үлкен 140 метрлік «Scheherazade» яхтасы. Ресми құжат бойынша яхта Эдуард Худайнатов атынан тіркелген. Аталған яхта Италия порттарында анықталып, тәркіленді. Батыстық басылымдар Путиннің «Грейсфул», «Виктория», «Чайка», «Орион» яхталары Ресейге бейтарап су көздері арқылы жүзіп келгенін жазды. Дмитрий Медведевке тиесілі «Вселенная» және «Фотинья» яхталары санкцияға байланысты Ресей аумағынан шыға алмауда.
Ресейлік олигархтар санкцияға байланысты яхталарын арзан бағада үшінші жыл қатарынан сатуда. Әдетте ресейлік олигархтардың яхталарын АҚШ және Еуропа азаматтары сатып алады. Соңғы бір жыл ішінде ондаған ресейлік олигарх яхталарын арзан бағада сатқан. Мысалы Зияд Манасир Роберт Фридландқа 90 метрлік «Dar» яхтасын сатқан. 2024 жылы Александр Джапаридзе «Come Together» яхтасын сатуға шығарған.
Владимир Стржалковский 2023 жылы 65 метрлік «Ragnar» кемесін сатқан. Кемені АҚШ-тың танымал миллиардері Рой Кэрролл сатып алған. Құны 85 млн доллар. «Лукойлдың» негізін қалаушылардың бірі саналатын Вагит Алекперов «Genesis» яхтасын 80 млн долларға сатты.
АҚШ пен Еуроодақ билігі Ресеймен байланысы бар жиырмаға жуық яхтаны тәркіледі. Италияда Мельниченконың 143 метрлік «Sailing Yacht А» желкенді яхтасы, Мордашовтың 58 метрлік «Lady M» және Геннадий Тимченконың 40 метрлік «Lena» яхтасы санкция құрбаны болды. Испанияда Игорь Сечиннің 135 метрлік «Crescent» яхтасы, Сергей Чемезовтың «Valerie» яхтасы, «Рособоронэкспорт» басшысы Александр Михеевтің 48 метрлік «Lady Anastasia» яхтасы тәркіленді. Германияда Әлішер Усмановтың 156 метрлік «Dilbar», Фархад Ахмедовтың 115 метрлік «Luna», Францияда Сечиннің 85 метрлік «Amore Vero», Алексей Кузьмичевтің «La Petite Ourse» және La Grande Ourse яхталары тәркіленіп, санкцияға ұшырады.
Тәркіленген яхталардың бірқатары Украинаға берілуі мүмкін. Виктор Медведчуктың 104 метрлік «Royal Romance» яхтасын Хорватия тәркілеп, Киевке берді. Нидерланды билігі Ресеймен байланысы бар кәсіпкерлерден 14 яхта тәркілегенін айтты. Аталған кемелердің бірқатары жақын аралықта Украина берілмек. ЕО Түркия мен БАӘ-ні ресейлік байлардың яхталарын жасырмай, санкциялық режимді сақтауға шақырды. Cонымен бірге Оңтүстік Шығыс Азия елдері мен Мальдив аралдары да ресейлік яхталарды жасыратын аймаққа айналуда.
Mezgil.kz