«Жаңа Ялта» келісімі: Украинасыз келіссөз – ең қауіпті келіссөз!

Батыс сарапшылары: «Трамп, Путин мен Ши төраға «жаңа Ялта» келісімін жоспарлауда», - деп жазады. Ол бойынша АҚШ, Ресей мен Қытай басшылары өзара «жаңа Ялта» келісіміне отырып, соғыстан кейінгі әлемдік құрылым туралы жаңа шарт жасауды көздейді. Бірақ, мұның түбі жақсылыққа апармайды. Аталған үштіктің арасында төтелей қақтығысқа (соғысқа) алып келуі мүмкін.

1738575207909280.jpg

«Bloomberg» шолушылары: «Қырғи-қабақ соғыс кезінде америкалық және кеңестік көшбасшылар қарама-қарсы идеологияны ұстанған еді. Алғашқылары бостандық пен капитализмді (немесе «либерализм»), екіншілері - марксизм-ленинизмнің түрлі реңктерін жандарын сала қорғады. Ескере кететіні: Жаһанды үрейде ұстаған бұл қорқынышты жағдай айтарлықтай тұрақты болып шықты. Қырғи-қабақ соғыс қанша ызғарлы болса да, ақыр соңында бейбіт жолмен шешілді», - дейді.

ПУТИН, ТРАМП ПЕН ШИ ЖӘНЕ СТАЛИН, РУЗВЕЛЬТ ПЕН ЧЕРЧИЛЛЬ

«Bloomberg-тің» жазуынша, Путин, Трамп пен Ши төраға әлемді ықпал ету салаларына бөлу жөнінде мәміле жасасуға болады деп үміттенеді. Және көз алдымызда орын алып отырған саяси ахуал – 1945 жылы «Ялта конференциясы» кезінде АҚШ президенті Рузвельт, КСРО көшбасшысы Сталин және Ұлыбритания премьері Черчилль арасында болған жағдайды еске түсіреді.

«Ол кезде АҚШ лидері Рузвельт КСРО басшысы Сталин империалистік агрессияға тыйым салатын жаңа тәртіпті мақұлдайды және Біріккен Ұлттар Ұйымын құруға келіседі деп үміттенді. Ол бұған қол жеткізді, бірақ тек қағаз жүзінде ғана. Іс жүзінде Рузвельт пен Черчилль өзара келісімге келіп, нәтижесінде Сталин Орталық және Шығыс Еуропаны өзіне бағындырды», - деп жазады «Bloomberg».

Әрі қарай «Bloomberg»: «Егер Трамп Қытай және Ресей көшбасшыларымен қандай да бір мәміле жасаса, бұл империалистердің арасындағы пактіге ұқсайды. Егер олар ортақ олжаны бөлу туралы өзара келіспесе, бұл осы елдер арасындағы соғысқа бастап әкелуі мүмкін. Бірақ кез келген жағдайда бұл олардың арасында қалған шағын елдердің өліміне бастап алып келеді», - деп жазады.

Батыс сарапшыларының пікірінше, Трамптың жеке басы, болмысы Путин мен Ши төрағаға қатты ұқсайды. Себебі, үшеуі де – «идеология тұтқынындағы» «империалистер» болып табылады.

«Bloomberg» сарапшылары қазіргі жағдайды Бірінші дүниежүзілік соғыс алдындағы жағдаймен салыстырады. «Дәл қазіргі кезең – қырғи-қабақ соғысқа қайта оралу кезеңі емес. Әлдеқайда қауіпті кезеңге аяқ басу кезеңі», - деген АҚШ-тың бұрынғы мемхатшысы Кондолиза Раистың пікірін сөзмысал еткен басылым: «Таяу уақытқа дейін Азиядағы Шидің және Шығыс Еуропадағы Путиннің неоимпериализм жолында ешкім байбына бара қоймаған аса үлкен кедергі кесе көлденең тұрды. Ол асу бермес тау қорған – АҚШ болды.

ТРАМП ПУТИН МЕН ШИГЕ СӨЗІН ӨТКІЗЕ АЛА МА?

АҚШ осы уақытқа дейін өздерін еркіндіктің шамшырағы немесе әділеттілік туын көтеруші ретінде танытып келді. Өзін ерекше саяси-экономикалық дәстүрге ие деп көрсетті. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін АҚШ ережелерге негізделген либералды халықаралық тәртіпті, ұлы державалардың империализмін ең азында теория бойынша тежеп, шағын елдерге гүлденуге мүмкіндік беретін жүйені қолдады», - делінген материалда.

«Bloomberg» сарапшыларының пікірінше, АҚШ-тың бұл ұстанымын Жорж Буш пен Кондолиза Раистың Ирақ пен Ауғаныстандағы соғыстары бұзды. Енді сол соқпаққа екінші мәрте ант қабылдаған АҚШ президенті Трамп түскелі отыр.

«Трамп Данияға шүйлікті. Себебі Гренландияны АҚШ құрамына қосықысы келеді. Одан Панама каналына әпербақандық жасауға көшті. Тіпті, Канаданы АҚШ-тың 51-ші штаты рерінде көргісі келетінін ашық жариялады. Ал Путин мен Шиге «Украинадағы соғыс бойынша келісім жасайтын уақыт жетті деп айқайлаудан басқа ештеңе айта алмады», - деп жазады басылым.

«Bloomberg» өз мақаласын: «Бүгінде әлем Трамп, Путин және Ши арасындағы «жаңа Ялтаға» кез келген сияқты. Бұл құқықтың күші, ал мәжбүрлеу адал ойын деген ұғымнан басқа, ешқандай жоғары идеологиялық пайымға негізделмеген империалистер арасындағы пакті болады. Егер олар қанжығаларына бөктерген олжалары туралы келісімге келе алмаса, бұл олардың арасындағы соғысқа әкелуі мүмкін», - деп түйіндейді.

ЗЕЛЕНСКИЙ НЕГЕ ШАМДАНДЫ?

Украина басшысы Владимир Зеленский Трамппен кездесу қажеттігі туралы мәлімдеп, «Украинасыз Ресеймен келіссөздер жүргізуді қауіпті» деп атады.

Президент Зеленский: «Украинадағы соғыстың аяқталуы туралы келіссөздерге барлық тараптар қатысуы тиіс. Киевті бұл үдерістен шеткері қалдыруға еш болмайды! Олардың өзара қарым-қатынасы болуы мүмкін, бірақ Украина туралы бізсіз сөз айту – барлығына қауіпті», - деді.

УКРАИНАСЫЗ КЕЛІССӨЗ – ЕҢ ҚАУІПТІ КЕЛІССӨЗ!

Осылайша, Зеленский «АҚШ президенті Доналд Трамп Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Еуропадағы ірі қарулы қақтығысты реттеу бойынша Ресеймен «өте салмақты» келіссөздер жүргізіп жатыр» деген әңгімеге жауап берді.

Зеленский Трамп пен Путин келіссөзінен бұрын екеуара жеке кездесу өткізу керектігін айтады. «Бұл өте маңызды және бұл бүкіл Еуропаның қалауы. Әуелі біз Трамппен жолыққаннан кейін ғана Ресеймен қандай да бір келіссөздер форматына көшуге болады», - дейді Зеленский.

Украина тарабы қазір АҚШ-пен жалпы деңгейде ғана байланыста.  Мемлекет басшыларының жеке кездесулері жоспарланған.  Украина сондай-ақ, келіссөздер үстелінде АҚШ пен Ресейді ғана емес, Еуроодақты да көргісі келетінін айтты.

Зеленский Ресейдің соғысты тоқтату немесе Кремль жеңіліс ретінде қарастыратын нақты келіссөздерге мүдделі еместігіне сенім білдірді. Оның пікірінше, Трамп Путинді Ресей энергетикасы мен банк жүйесіне қарсы санкциялармен қорқытып, Украина әскерін қолдауды жалғастыра отырып, келіссөз жүргізуге мәжбүрлеуі мүмкін.

КЕЛЛОГТІҢ БЕЙБІТ ЖОСПАРЫ. СОҒЫС 100 КҮНДЕ ТОҚТАЙ МА?

Бұған дейін АҚШ президентінің Украина мен Ресей жөніндегі арнайы өкілі Кит Келлог: «Соғысты бейбіт реттеуге таяу 100 күнде қол жеткізілуі мүмкін», - деп мәлімдеген. Бірақ, ол келісім ұрысты уақытша тоқтата тұру ма, жоқ әлде біржолата келісім жасасу ма, ашық айтылмаған. Келлог ұрысты тоқтату үшін қос тарап – Ресей мен Украинаға қатар қысым жасалатынын ғана айтқан.

Ал АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Марко Рубио: «Мәскеу де, Киев те «жеңіске» үміт артпауға тиіс және қос тарап та бейбіт келісімге келу үшін құрбандыққа баруы тиіс. Ал соғыс ұрыс даласында емес, дипломатиялық жолмен аяқталады», - деген болатын.

УКРАИНА САЙЛАУ ӨТКІЗУДЕН БАС ТАРТАДЫ

Айтпақшы, осы Келлог биылғы жылдың аяғына дейін Украинада президенттік сайлау өткізу туралы сөз қозғаған. Оған Украина президенті әкімшілігі: «Біз Келлог мырзаның сұхбатын көріп шықтық. Онда президенттік сайлау туралы бірлі-жарым сөз ғана. Сондықтан, оның позициясын егжей-тегжейлі түсіне қоймадық.

Егер Келлогтың жоспары соғысты уақытша тоқтата тұрып, сайлау өткізу болса, бұл құрдымға бастар жоспар! Путинді бұлай келіссөзге әкеле алмайды», - дейді Украина тарабы.

ТРАМП УКРАИНАДАН АЙЫРЫЛМАУДЫҢ АМАЛЫН ЖАСАЙДЫ

Соңғы апталарда Трамп Ресейге соғысты тоқтату үшін «келісім жасасудан» бас тартқаны үшін мұнай бағасын құлдыратып, жоғары салықтар, баж салықтары және санкциялардан тұратын түрлі жазалармен қорқытатын мәлімдемелер жасады.

Ақ Үйдің жаңа әкімшілігі: «Трамп тарих оқулықтарына «Украинаны жоғалтқан адам» ретінде кіргісі келмейді», - десе, АҚШ-тың бұрынғы вице-президенті Майк Пенс: «Трамп өзін әлсіз деп санамау үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды және Путин Трампты «алған бетінен айныта алмайтынын» түсінеді», - дейді.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар