Иран ядролық қаруды жылдам әрі қарапайым түрде жасап шығудың бірнеше жоспарын әзірлеуде. Бұл туралы The New York Times басылымы АҚШ-тың барлау қызметіндегі бірнеше қызметкерге сілтеме жасап жазды. Ақпарат Израиль премьері Биньямин Нетаньяхудың АҚШ-қа сапары барысында жарияланды. Трамп пен Нетаньяху кездесу барысында Иранның Таяу Шығыстағы саясаты мен оған қарсы әрекеттер жиынтығын талқылайды деп күтілуде.
NYT ақпараты бойынша Иранның ядролық сала ғалымдары жылдам әрі қарапайым негізде қаруды жасаудың әдістерін іздеу үстінде. Тегеран Трамп билігімен келіссөз жүргізу мүмкіндігін де жоққа шығармайды.
Иранның ядролық қаруды жылдам жасауға қатысты тың жоспары Байден әкімшілігі тұсында анықталды. Байден әкімшілігі Тегеранның жоспарын Трамп билігіне табыстаған.
АҚШ барлау қызметінің жаңа ақпараттарына қарамастан, Трамп билігі Иранның жылдам арада ядролық қаруды жасап шығатынына күмәнмен қарайды. 2015 жылы Трамп Иранмен жасасқан ядролық бағдарламаға қатысты келісімнен шықты. Тегеран уранды байытуды күшейтті және ядролық жанармай қорын жасақтауда. АҚШ барлау қызметі Иранның қазіргі сәтте кемі 4 ядролық оқтұмсық жасауға жақын қалғанын айтуда.
Бұған дейін The Telegraph басылымы Иранның ядролық қаруды алып ұшуға қабылетті зымыран жасап жатқанын жазған болатын. Иран билігі алыс қашықтыққа соққы жасайтын және ядролық оқтұмсықты алып ұшуға қабілетті зымыран жасауда дейді басылым. Зымыран 2900 шақырымды еңсере алады және Еуропа елдері мен Израиль аумағына жетуге қабілетті болмақ. Бұл туралы The Telegraph басылымы Албания мен Францияда қызмет ететін Иранның ұлттық қарсыласу кеңесінің (NCRI) ақпаратына сүйене отырып жазды. Аталған оппозициялық кеңес Иран билігіне қарсы әрекет етеді және Еуропа барлаушыларына Иранның ЕО аумағындағы тыңшылары жайлы бірнеше мәрте нақты ақпарат берген болатын. Аталған зымыран Солтүстік Корея мамандарымен бірлесе отырып жасалуда. Зымыранды жасау ғарышты игеру жобасы ретінде бүркемеленген дейді сарапшылар.
АҚШ президенті мен Израиль премьері кездесу барысында Иранның ядролық бағдарламасын да талқылайды. Нетаньяху әкімшілігі Иранның ядролық нысандарына соққы жасау арқылы Тегеранды тоқтату керектігін айтумен келеді. Алайда АҚШ билігі Байден тұсында Израильдің ұсынысын ысырып тастады.
«Трамп билігі тұсында Израильге толық карт-бланш берілуі мүмкін. Трамп Байденге қарағанда Иранға қатаң позиция ұстанатынын айтты. Санкцияларды күшейтіп, қысымды арттыратынын жасырмады. Ендігі таңда Израильге қажетті қаруды беріп, Иранның ядролық нысандарын жоюға келісуі мүмкін. Иран 2024 жылы үлкен әскери соққы алды. Оның Сириядағы жақтастары құлады, «Хезболла» әлсіреді, ал ХАМАС қансырап жатыр. Израиль Иран аумағына соққы жасап, әуе қорғаныс жүйесінің басым бөлігін жойды және кибершабуылды күшейтті. Израиль үшін Иранның ядролық нысандарына сәтті соққы жасау мүмкіндігі туып тұр», - дейді әскери сарапшы Блейд Осмес.
Сарапшылар Израиль мен АҚШ-тың Иранға қатысты ортақ көзқарасы екі ел басшысының кездесуінен кейін қалыптасатынын айтуда.
Mezgil.kz