Үнсіз Мәскеу: Соғыста жоғалған ресейлік сарбаздың саны қанша?

Ресей мен Украина соғысында із-түссіз жоғалғандар саны артуда. «Медиазона» сайтының зерттеуі бойынша 2024 жылы ресейлік соттарға 20 мыңнан астам адамды жоғалғандар қатарына қосу үшін арыз келіп түскен. Арыз саны 2024 жылдың екінші жартысында еселеп артқан.


Пропавшие без вести на войне - куда обращаться родственникам и что делать |  РБК Украина

 

2024 жылы түскен арыздың саны 2023 жылмен салыстырғанда 2,5 есе көп. Сарапшылар жоғалғандардың санын нақты анықтау қиын екенін айтты. Себебі ресейлік соттар аталған істерді жабық қарастырады және ақпарат бермейді. «Медиазона» сайты Conflict Intelligence Team сараптамалық материалдарына талдау жасай отырып, арыздың көбі әскери бөлімше командирлерінен келіп түсетінін анықтады. Әскери бөлімше командирлері сарбаздың жоғалуы жайлы ақпарат бере отырып, жоғалған сарбаздың орнына басқа сарбаз алдыруға тырысады. Сарбаздың майдан даласында жоғалуына қатысты ақпаратты бекіту үшін көп жағдайда әке-шешесінің рұқсаты қажет емес. Салдарынан отбасы мүшелері тиісті өтемақыдан қағылып, сарбаздың шынайы тағдырынан бейхабар болып қалмақ.

 

Соғыс басталғалы бері 488-ші мотоатқыштар полкіне қатысты істерді қарайтын Клинцовский қалалық сотына 200-ден астам талап-арыз келіп түскен. 2024 жылдың жазынан бастап олардың саны күрт өсіп, қазіргі уақытта апта сайын ондаған арыз қаралуда. Сарбаздың із-түссіз жоғалуына байланысты сотқа жүгінген әскери қызметкерлердің туыстары соттың «белгісіз жағдайда хабар-ошарсыз кетуші» мәртебесін беретінін айтуда.

 

Ресей заңнамасы бойынша азамат үйіне бір жыл келмесе және туыстарымен байланысы үзілсе жоғалғандар қатарына қосылады. Ал бес жыл туыстарымен, жақындарымен байланысы толық үзіліп, тұрғылықты мекен-жайына келмесе онда сот азаматты өлгендер тізіміне қосуы мүмкін. Алайда майдан даласында бұл заңнама ережесі өзгереді. Сарбаз ұрыс даласында із-түссіз жоғалып, алты-тоғыз ай бойы табылмаса, сарбазды өлгендер тізіміне қосу қарастырылады.

 

«Медиазона» агенттігіне сұхбат берген 488-ші мотоатқыштар полкінің әскери қызметшілерінің туыстары бөлімше қолбасшылары сарбаздардың із-түссіз жоғалуы туралы жиі арыз түсіретінін айтты. Арыз түсірілген сәтте, сарбаз бөлімше тізімінен алынады және отбасы мүшелеріне көп жағдайда өтемақы берілмейді.

 

2024 жылы «із-түссіз жоғалды» деп тану туралы арыздың ең көбі Ростов облысының Октябрь аудандық сотына түскен. Оның саны 1243 өтінішті құрайды. Қазан және желтоқсан айларында сот орта есеппен айына 300-ден астам өтінішті қарастырған. Жоғалған сарбаздарға қатысты ең көп арыз 91704 бөлімшесі, 144-ші мотоатқыштар дивизиясының құрамына кіретін 254-ші мотоатқыштар полкі тарапынан берілді. Бұл полктің сарбаздары 2024 жылы Лиман бағытындағы қиян-кескі шайқастарға қатысқан.

 

Ресей билігі Украина соғысындағы әскери шығынына қатысты ақпаратты жасырын ұстауда. Қаза тапқандар мен тұтқынға түскендер және із-түссіз жоғалғандар мен жарақат алғандар туралы ақпаратты жарияламайды. Батыстық барлау қызметі майдан даласында жоғалған ресейлік сарбаздар саны ондаған мың адамды құрайтынын айтуда. 


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар