Еліміздің Көлік министрлігі 25 желтоқсанда Ақтау маңында апатқа ұшыраған «Azerbaijan Airlines» (AZAL) ұшағына қатыстын тексерудің алдын ала нәтижелері бар есепті жариялады.
(Суреттер: ҚР Көлік министрлігінің баяндамасынан алынды)
Баяндама 53 беттен тұрады. Құжатта есеп аясында жүргізілген тергеу «біреудің кінәсін немесе жауапкершілігін анықтауды көздемейді» деп нақтыланған. Осы 53 беттік құжатта төмендегідей мәліметтер жұрт назарына ұсынылды:
1) AZAL ұшағынан алынған бөгде нысандардың фотосуреттері пайда болды;
2) Ақтау маңында ұшақ апаты: зақымдану кадрлары жарияланды;
3) «Ақтау, апатты жағдайда қонуды сұраймыз». AZAL экипажының сөздері жарияланды;
4) Ақтауда AZAL ұшағының апатқа ұшырауы: медициналық зерттеулер әлі аяқталғаны сөз етілді.
Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің «Авиациялық оқиғаны тексеру жөніндегі комиссиясының авиациялық оқиғаны тексеру нәтижелері бойынша алдын ала есебіне» көз жүгіртер болсақ:
25.12.2024 ж., жергілікті уақыт бойынша 11:28 (06:28 UTC) 1, күндіз Ақтау әуеайлағының 11 ҰҚЖ-ға қонуды орындау кезінде «Әзербайжан Хава Жолдары» ЖАҚ-на тиесілі «Azerbaijan Airlines» Embraer 190-100 IGW2 4K-AZ65 ұшағымен авиациялық апатты оқиға орын алды.
Әуе кемесі Баку (UBBB) - Грозный (URMG) бағыты бойынша J2-8243 тұрақты жолаушылар рейсін орындаған. Грозный әуеайлағына қонуға екі рет сәтсіз әрекет жасап, кейін экипаж Бакуге қайтып оралуға шешім қабылдайды. Осы әрекеттер барысында (05:13:32) ұшақты басқарудың негізгі жүйелері істен шығады. Одан әрі, 05.42-де экипаж авариялық қону үшін Ақтау қосалқы әуеайлағына баруға шешім қабылдайды.
Ұшақ бортында 5 экипаж мүшесі мен 62 жолаушы болды. Авиациялық оқиға нәтижесінде әуе кемесінің командирі, екінші пилот, аға борт жолсерігі және 35 жолаушы (барлығы 38) қаза тапты (оның ішінде 6 - Қазақстан азаматтары, 25 - Әзербайжан, 7 - Ресей). 2 борт жолсерігі және 27 жолаушы түрлі дәрежеде дене жарақаттарын алды. Жерге соқтығысу нәтижесінде ұшақ құлап, ішінара жанып кеткен.
Авиациялық оқиға Ақтау әуеайлағының 11 ҰҚЖ шетінен солтүстік-батысқа қарай шамамен 5 км қашықтықта (Ақтау қаласынан солтүстік-батысқа қарай шамамен 25 км қашықтықта) болды.
Орын алған ұшақ апатына байланысты тергеу - 26.12.2024 ж. басталып, аталған алдын ала тергеуді Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Бас көлік прокуратурасы жүргізді.
Тергеу тобы құрамына мүдделі тараптар ретінде: Әзербайжан Республикасы Азаматтық авиация мемлекеттік агенттігі мен CENIPA (Бразилия Федеративтік Республикасы), сондай-ақ Ресей Федерациясы, Қырғызстан Республики және Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) (Канада Монреаль қаласы) кіргені белгілі.
Енді міне осы топтың бірлескен тексерулерінің алғашқы ақпараты жұртқа жария етілді.
Құжатта: «Баяндамада ұсынылған ақпараттар алдын ала мәліметтер. Және ол барлық материалдарды зерттеу нәтижелері бойынша нақтылануы және толықтырылуы мүмкін», - делінген.
АПАТТЫҢ БОЛЖАЛДЫ СЕБЕПТЕРІ:
Жарияланған алдын ала есеп бойынша, экипаж апатқа дейін артқы орындықтар аймағында қатты соққы мен жарылыс болғанын хабарлаған.
AZAL апатын зерттеп жатқан сарапшылар артқы фюзеляжда, ұшақ қалқанында, тұрақтандырғышта, сондай-ақ ұшақтың лифтінде және рульінде әртүрлі өлшемдер мен пішіндегі көптеген зақымдар келтірген бөтен заттарды анықтаған. Осыған ұқсас зақымдар сол жақ қозғалтқышта, ұшақтың сол жақ қанатында, гидравликалық жүйеде, сондай-ақ ұшақтың агрегаттары мен жекелеген бөліктерінде анықталды.
Сонымен қатар жарияланған есепте Грозныйдағы диспетчерлер экипажға «Грозныйда «Ковер» режимінің енгізілетіні» туралы апат алдында ескерткені де айтылған.
Ақтауда құлаған «Azerbaijan Airlines» компаниясының ұшағынан «бөгде заттар» табылған. «Ұшақтың сыртындағы бүлінген тесіктер сырттан бөгде заттар тигенін көрсетеді», - делінген баяндамада.
Естеріңізге сала кетейік, 25 желтоқсанда Әзербайжан әуе жолдарының Баку – Грозный бағытындағы жолаушылар ұшағы Ақтау әуежайының маңында апатқа ұшыраған болатын.
Әуелі ұшақ апатына басты себеп ретінде: Ұшақ қозғалтқышына құстың соғылуы деп атаған еді. Бұл Ресей БАҚ-тары таратқан нұсқа.
Кейін, желтоқсанның 26-сы күні Еуропалық «Euronews» телеарнасы ұшақ апатына ресейлік зымыран себеп болғанын хабарлады. Әзербайжан ақпарат құралдарының хабарлауынша, әңгіме ресейлік «Пантсир-С» әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі туралы болып отыр. Бұл нұсқаны 27 желтоқсанда Ресейдің «Росавиация» агенттігіде мойындаған.
Онан соң Қазақстанда апатқа байланысты үкіметтік комиссия құрылды.
Ал 28 желтоқсанда Ресей президенті Владимир Путин Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевке телефон соқты. Қоңырау барысында Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты мәселелер талқыланды. Путин Әзербайжан президентінен кешірім сұрады. Артында Путин Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа да телефон соғып, ұшақ апатына қатысты көңіл айтты және апаттың жай-жапсарын талқылады.
4 қаңтарда бразилиялық тергеушілер Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшақтың қара жәшіктеріндегі деректерді зерттей бастағаны белгілі болды.
Қаңтардың 6-сы күні Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Ақтау маңындағы ұшақ апатында Әзербайжан азаматтарының қаза болуына Ресей Федерациясының өкілдері кінәлі деп мәлімдеді.
7 қаңтарда Бразилия қара жәшік деректерін сараптауды аяқтағаны белгілі болды. Ал 15 қаңтарда Қазақстан Бразилиядан алынған қара жәшік деректерін зерттеп жатқаны белгілі болды.
Mezgil.kz