Ресейдің Украинаға басып кіруіне байланысты халықаралық ұйымдардың және соттардың түрлі фактілерді тіркеу, әскери қылмысты анықтау әрекеттері жалғасуда. The Guardian басылымы Ресей басшысы Путинге және ресейлік әскери, саяси қызметкерлерге қатысты сот трибуналының негізі қаланғанын айтты.
ЕО өкілдері Ресейдің әскери қылмыстарына байланысты заңгерлердің арнайы трибуналдың негізін қалағанын мәлімдеді. ЕО өкілдері бұл қадамды маңызды деп атап, Путиннің Украинаға басып кіруі құқықтық тұрғыдан жауапсыз қалмауы тиіс деп санайды.
Украина билігі 2022 жылдың наурыз айында ЕО-ға өтініш айтып, арнайы трибунал құрылуы тиіс деген болатын. Заңгерлер Украинаның ұсынысын үш жыл бойы қарастырып, арнайы трибунал құру жайын талқылады.
«Путиннің өзге елге басып кіріп, соғыс ашып, агрессияға көшіп, қылмыс жасағанына қатысты еш күмән жоқ. Бұл шабуыл болмаса, әлемде осынша көп адам қаза таппас еді. Бейбіт тұрғындарды қыру, әйелдерді зорлау, балаларды ұрлау, тұрғын үйлерді қирату, инфрақұрылымды талқандау да болмас еді. Сөзсіз бұл аса үлкен қылмыс», - дейді ЕО-ның сыртқы саясат бойынша басшысы Кайя Каллас.
Кайя Калластың сөзінше бұл трибуналдың құрылуы Ресей басшысы Путиннің режиміне жасалған қысым. ЕО, Украина, Еуропаның Адам құқығы туралы кеңесі мен 37 елдің арасындағы талқы 2024 жылдың маусымында басталды. Талқы барысында Ресей басшысы Путин мен оның жақтастарына берілген саяси иммунитетті алып тастау жағы сөз болды. Талқы арасында Путин мен оның жақтастары билікте отырған сәтте, оларды құқықтық тұрғыдан жауапкершілікке тарту мүмкін еместігі айтылды.
Гаагадағы Халықаралық қылмыстық сот Путин мен оның қол астындағы жақтастарын тұтқындауға қатысты ордер шығарған болатын. Ордер «Украина аумағынан украин балаларын Ресей аумағына ұрлап әкетуге қатысты» шығарылды. ХҚС Ресей әскері мыңдаған баланы ұрлағанын айтты. Сарапшылар Гаага ордеріне сай Путинді тұтқындау мүмкін еместігін мәлімдеді. Алайда аталған шешім Украина аумағынан ұрланған балаларды Киевке қайтаруға септігін тигізді. CNN басылымының жазуы бойынша араб елдерінің қатысуымен Украинаға жүздеген бала қайтарылған және бұл ХҚС ордерінің маңыздылығын көрсетеді.
Еуропалық Кеңес 2022 жылы Ресейді өз құрамынан шығарды. Қазіргі таңда оған 46 мемлекет мүше. Сарапшылар Ресейге қарсы арнайы трибунал соты Еуропада орналасуы тиіс деп санайды. Еуропалық Кеңестің Бас хатшысы Ален Берсенің пікірінше трибуналды құруға қатысты мәтін 2025 жылы аяқталады. Ол трибуналды құру үшін G7 елдерінің, соның ішінде АҚШ-тың қолдауы қажет дейді. Берсе трибуналдың мәтініне және шешіміне сәйкес Путиннің әрекеті ХХ ғасырдағы агрессорлармен теңестірілетінін болжады.
Сарапшылар Путин тақта отырған сәтте және АҚШ президенттігінің тізгіні Трамптың қолында тұрған кезеңде Ресейге қарсы трибуналдың нәтижелі жұмыс істейтініне күмәнмен қарайды. ЕО басшылыра да ол күмәнді жоққа шығармайды. Ален Берсе трибуналдың мақсаты ұзақ мерзімді уақытты қамтитынын айтты және Путин билігінен кейін келетін режиммен келіссөз жүргізу арқылы Ресейдің әскери қылмыскерлерін жазалау мүмкіндігі болатынын жеткізді.
Mezgil.kz