Кезінде дәурені жүрген экс-президенттің қос күйеубаласының бірі – бұл өмірден өліп құтылса, екіншісі беріп құтылатын сыңайлы.
(Сурет: kaztag.kz сайтынан алынды)
Бұлай дейтініміз: 2024 жылы «Forbes Kazakhstan» ең бай бизнесмендер рейтингінде 2-ші орынға жайғастырған Тимур Құлыбаевтың басына қара бұлт үйіріліп тұр.
«Bloomberg»: «Қазақстанның ең бай адамдарының біріне қатысты (Т.Құлыбаев) оның бірінші президент кезінде (Н.Назарбаев) тапқан байлығы бойынша үкіметтік тергеу аясында мемлекетке шамамен 1 миллиард доллар төлеуі талқылануда», - деп мәлім етеді.
«Forbes» миллиардерлерінің жаһандық рейтингінде 612-ші орындағы Құлыбаевтың жалпы байлығы 5 миллиард доллар деп бағалануда. Осы байлықтың иесі Қазақстан билігімен мемлекет пайдасына 1 миллиард доллар төлеу туралы келіссөздер жүргізуде деген хабарды «Bloomberg» басылымы өз дереккөздеріне сілтеме жасай отырып жазады.
Естеріңізде болса, өткен жылдың қараша айында Бас прокуратура жанындағы активтерді қайтару жөніндегі комитет Тимур Құлыбаевқа қарсы талап арыз берген еді. «Bloomberg-тің» сөз етіп отырғаны осы болса керек. егжей-тегжейлі ақпарат алу қиын. Себебі, бұл іс «мемлекеттік құпия істер» санатында қаралуда.
«Bloomberg» дерегінше: Егер келісімге қол жеткізілсе, онда Құлыбаевқа қаражаттың бір бөлігін валютамен төлеуге, ал қалған бөлігін маңызды жобаларға инвестициялауға тура келеді.
«Құлыбаев пен мемлекет арасындағы мәміле (егер ол бола қалса) Құлыбаевқа қандай да бір айып тағуды немесе қолындағы билігін шексіз пайдаланғаны үшін кінәсін мойындауын білдірмейді», - деп жазады басылым.
2024 ЖЫЛЫ ҚҰЛЫБАЕВ МЕМЛЕКЕТКЕ 54 НЫСАНДЫ ҚАЙТАРҒАН
Тақырыпқа тұздық: 2024 жылы мемлекет олигарх Тимур Құлыбаевтан «Кипрос» ЖШС және «Joint Technologies» ЖШС арқылы бақылайтын «ТЭК-Қазақстан» компаниясынан 54 нысанды қайтарып алған.
«Өткен жылы бұрын заңсыз иеленген бірқатар активтер мемлекетке қайтарылды. Осылайша, Қазақстанның 54 нысанын, оның ішінде отын-жағармай қоймаларын, ғимараттар мен құрылыстарды, негізгі қорлардың басқа топтарын мемлекет меншігіне беру аяқталды. Соның ішінде «Қорғас» ШЫХО мүліктері, атап айтқанда жүк терминалы мен жер учаскесі қайтарылды», - деді Транспорттық прокуратураның баспасөз қызметі.
Mezgil.kz