Трамп әкімшілігі Иранға саяси және экономикалық қысымды арттырып, Тегеранды Вашингтонға тиімді шарттар негізінде келіссөз үстеліне отырғызуға мүдделі. Президент Трамп пен Израиль премьері Нетаньяхудың арасындағы келіссөз барысында осы мәселе көтерілді.
Трамп Иранға салынған санкцияларды күшейтіп, Иранның мұнайын экспорттауға қатысты қысымды арттырды. Байден билігі тұсында Иранның мұнайына қатысты бірқатар шектеулер жеңілдетілген болатын. АҚШ-тың 46-шы президенті Тегеранға орта есеппен жыл сайын 50 млрд доллардың мұнайын сатуға рұқсат етті. Трамп әкімшілігі Байденді «Иранға мұнай сатуға рұқсат етіп, қаржы табуына жол ашты, ал Иранның мұнайын алған Қытай тезірек дами түсті» деп айыптауда.
Трамптың жаңа тыйымынан кейін Тегеран үшін мұнайды экспорттау қиындай түспек. Жаңа санкция Иран мұнайын тасымалдайтын танкерлерге ғана емес, сонымен бірге Иранның мұнайын сататын трейдерлік компанияларға, мұнайды өңдейтін зауыттарға және мұнайды қабылдайтын МӨЗ-дерге де қатысты болмақ. Вашингтон Иранның қаржылық секторына да санкция салуды күшейтеді және заңсыз сатылған мұнайдың қаржысын аудару мүмкіндіктерін азайта түспек.
АҚШ халықаралық компаниялар мен мемлекеттерге Иранмен экономикалық байланысты азайтуды ұсынуда. Washington Free Beacon саяси сараптамалық сайтының ақпаратынша АҚШ-тың президенті Иранды ядролық қару жасау идеясынан бас тартқызып, алыс қашықтыққа соққы жасайтын зымыран жасау бағдарламасын тоқтатпақ.
Трамп «Иранға ешқашан ядролық қару иемденуіне жол бермейтінін» айтты. United Against Nuclear Iran ұйымының мәліметінше Джо Байден билігі тұсында Иран билігі санкцияларды айналып өту арқылы 140 млрд долларға жуық қаржы тапқан. Иранның мұнайын нарықтық бағадан төмен негізде сатып алушы басты мемлекет Қытай болған.
«Қытай Иранды құтқарушы елге айналды. Күн сайынғы сатып алынатын мұнай көлемі млндаған баррельді құрады. Иран мұнайының Қытайға көп сатылғаны сонша, тіпті санкция салынғанға дейінгі деңгейге жетті», - дейді United Against Nuclear Iran ұйымының баяндамасында.
Foundation for Defense of Democracies сараптамалық орталығының өкілі Андреа Страйкердің сөзінше Байден билігі Иранның мұнай саласына мүлде санкция салмаған немесе санкциялары тым әлсіз болған. Салдарынан Иранның бюджеті артып, Тегеран Таяу Шығыстағы ХАМАС, «Хезболла» ұйымдары мен хуситтерді қаржыландыруды арттырған. Иранның қару саласына қаржыны көбірек жұмсауға мүмкіндігі пайда болған.
Трамп билігі Байденді «Иранды байытты» деп айыптай сөйлеп, Тегеранның алқымынан алатынын айтты.
Mezgil.kz