20% тым жоғары: Ірі бизнес иелерімен жолыққан Президент ҚҚС туралы не деді?

Қазақстанда салық реформасы бұрыннан пісіп-жетілгенін жұрттың бәрі біледі. Естеріңізде болса, 28 қаңтарда Үкіметтің кеңейтілген отырысында премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанда ҚҚС мөлшерлемесін арттыру қажет деп мәлімдеді.

1738922722151292.jpg

(Суреттер: Ақорда телеграм арнасынан алынды)

Бүгінде Үкіметте қосылған құн салығын (ҚҚС) көтеру және оны төлеу үшін шекті 15 миллион теңгеге дейін төмендету мүмкіндігі белсенді талқылануда. Осындай бастамаларға не себеп болды? Олардың ел экономикасы үшін қандай салдары болуы мүмкін? Қазақстанға ағымдағы сын-қатерлерді еңсеруге қандай қадамдар көмектеседі? Бұл сауалдар кәсіпкерліктегі жұрттың көкейін күпті еткені жасырын емес.

Мемлекеттік бюджет бірнеше жылдан бері тапшы, ал Ұлттық қор резеңке емес, одан үнемі қаражат алу  түбі жақсылыққа әкеп соқтырмайды. ҚҚС - бұл мемлекеттік бюджет кірісінің негізгі көздерінің бірі. Сондықтан Үкімет қазір таңдауы мөлшерлемені көтеріп, шекті төмендетуді ұсынып отыр.

Бұл орайда ҚҚС - жанама салық түрі болғандықтан, оның көтерілуінің ауыртпалығы айналып келгенде онсызда қалтасы таяз болып саналатын түпкі тұтынушыға, яғни қарапайым халықтың иығына көтере алмас жүк болып түседі. Біз мұны тауарлар мен қызметтер бағасының өсуі түрінде сезінеміз.

Егер инфляция таргет аймағынан шықса, онда Ұлттық банкке базалық мөлшерлемені көтеруге тура келеді.

Нәтижесінде несиелер бойынша мөлшерлемелер жоғарылайды. Бізде банктік мөлшерлеменің жоғарылығынан бизнесті несиелендіруде онсыз да ұшырап отырған қиындықтар кәсіпкерлерді қос өкпеден қыса түседі. Шындығында бұл қадам айналып келгенде «Былай тартсаң - арба сынады. Былай тартсаң - өгіз өледінің» кері» болып шығады.

Иә, ел-жұрт бүгініне үмітпен қарап, биліктен жылы қабақ танытуды күтті. Бұл тұрғыда бұқара тілегін Президент ақтай білді.

Мемлекет басшысы бүгін отандық бизнестің алпауыттарымен жолықты. Үкіметке қосымша құн салығы мәселесін тағы да пысықтауды тапсырды.

1738922558419344.jpg

(Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды)

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев:

– Кез келген реформаны жан-жақты сараптап, байыппен жүргізген жөн. Экономика салаларының ерекшеліктерін ескере отырып, түрлі нұсқаларды әзірлеу керек. Қосымша құн салығына қатысты бұған дейін көзқарасымды білдірмеген едім. Өйткені қызметтік дәрежеме сәйкес, менің әрбір сөзім, пікірім қатаң тапсырма сияқты қабылданады. Соған қарамастан бұл мәселе бойынша ойымды жеткізгім келеді. Қалай десек те, қосымша құн салығының мөлшерлемесі сараланып белгіленуге тиіс.

Үкімет түпкілікті шешімді білікті сарапшылардың, қайталап айтамын, білікті сарапшылар мен кәсіпкерлердің, әлбетте депутаттардың пікіріне құлақ аса отырып, нақты есептеулер негізінде қабылдағаны дұрыс.

Бір анығы, Үкіметтің қазіргі ұсынып отырған мөлшерлемесі тым жоғары. Сіздер нақты цифрды айттыңыздар. Оны қоғам қызу талқылады. Тіпті, кей жағдайда артық сөздер де айтылды. Дегенмен, бұл қоғам талқысына алдын ала салынған ұсыныс болатын. Тағы қайталап айтамын, Үкіметтің бұл бағыттағы жұмысы бизнес, қоғам, кәсіпкерлер, сарапшылардың, яғни барлық тараптың пікірі ескеріле отырып жалғасуы керек. Биыл нақты шешім қабылдануға тиіс. Мен бұған дейін де айттым: Үкімет бұл мәселені депутаттармен және сарапшылармен егжей-тегжейлі талқылауы керек. Бүгін айтылған ой-пікірлер де ескеріледі. Мемлекетке барынша оңтайлы шешім қажет. Яғни бір жағынан бизнес жүргізуге кедергі келтірмей, қолайлы жағдай жасайтын, ал екінші жағынан, салыққа қатысты тәртіпті күшейтіп, бюджет кірісін арттыратын тиімді жолды табуымыз қажет, – деді.  

Осыны ескерген Мемлекет басшысы оң қадам жасап, халық пен кәсіпкерлердің көңілінен шығатын тірлік жасай білді. Өйткені, халқымыз «Ханда қырық кісінің ақылы бар» деп тегін айтпаған.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар