Ахунзаданың репрессиялық заңдары: «Талибан» әйелдерді қалай шектеп жатыр?

2025 жылдың қаңтарында Халықаралық қылмыстық сот Ауғаныс билігіндегі «Талибан» басшылығын тұтқындау туралы ордер дайындады. Ұсынысты әйгілі Кәрім Хан жасады. Ол ҚХС прокуроры. Киевке барып, Буча қырғынының қылмысты іздерін көзімен көргеннен соң, Ресей президенті Владимир Путинді тұтқындау ордерін де осы Кәрім Хан талап еткен еді.  

1738929718893707.jpg

(Коллаж: Mezgil.kz)

КӘРІМ ХАННЫҢ КӘРІ: АХУНЗАДАНЫ ТҰТҚЫНДАУ

ХҚС тұтқындалуы керек деп, «Талибанның» лауазымды тұлғасын атады. Олар: Жоғарғы көсем – Хайбатулла Ахунзада мен Ауғаныстан Жоғарғы сотының төрағасы Абдулла Хәкім Хаккани.

Оларға тағылған басты айып – Ауғаныстан әйелдерінің құқығын өрескел бұзу, гендерлік қудалау және адамзатқа қарсы қылмыстар жасау.

АУҒАН ӘЙЕЛДЕРІНІҢ ҮНІ ӨШТІ

Сонымен Ауғаныстан әйелдерді қалай қудалап жатыр? «Талибан» билікке келгелі Ауғаныстанда не өзгерді? Азды-кем шолу ұсынбақпыз.

Әуелі су жаңа ақпараттан бастайық. 2025 жылдың ақпанында Ауғаныстандағы жалғыз әйелдер радиосы жабылды.

«Radio Begum» деген радио болған. Кабулда орналасқан. Басшысынан бастап, түгел әйелдер жұмыс істейтін. Бағыты – әйелдердің білімге қолжетімділігін, сауат ашуын дәріптеу болған. Ауған билігі: «Аталған радио елдің ақпарат тарату саясатын өрескел бұзді. Шетелдік телеарнаға ақпарат жеткізіп беріп отырды», - деп айыптап, радионың жабылғанын растады.

ТАЛИБАН БИЛІГІНІҢ ҮШ ЖЫЛЫ: ҚАНҒА БОЯЛҒАН ЗАҢДАР...

Тәліптер Ауған билігін өз қолдарына қайта алғалы 3 жылдан асты. 2021 жылдың 15 тамызы. Әлемнің көптеген елінде радикалды-террорлық ұйым деп танылған (Қазақстанда да) «Талибан» Ауғаныстанда әскери төңкеріс жасап, билікті алды. Ауғаныстаннан АҚШ әскери контингенті шығарылғаннан кейін Ауған билігі көпке шыдамады. Аз санды, жұтаң қарулы тәліптер билікке тез-ақ қол жеткізді.

Билікке келген бетте «Талибан» әйелдерді көптеген құқықтардан айыратын бірсыпыра репрессиялық заңдарды қабылдады. Атап айтқанда, әйелдердің жұмыс істеуіне, қоғамдық орындарға баруына және 12 жылдан кейін білім алуға тыйым салды. ХҚС-ның «Талибан» лидерлерін тұтқындау туралы шешіміне осылар себеп болған.

«ТАЛИБАН» ӘЙЕЛДЕРДІ ҚАЛАЙ ШЕКТЕП ЖАТЫР?

Сонымен, «Талибан» әйелдерді қалай шектеп жатыр? Қараңыз:

*Әйелдерге көпшілік алдында дауыстап сөйлеуге және үйден тыс жерде жүздерін көрсетуге тыйым салынды.

*Әйелдерге тек еркектермен ғана емес, әйелдермен де ашық сөйлесуге тыйым салынған.

*Кәмелет жасындағы әйел қандай да бір қажеттіліктен үйінен шыққан кезде өзінің бетін және денесін жасыруы талап етіледі.

*Әйелдің дауысы «әурет» болып саналады, оны көпшілік естімеу керек.

*Әйелдер тіпті өз үйінде болса да, көшедегілер естімеуі үшін ән айтпауы керек немесе дауыстап оқымауы керек.

*Әйелдер киімі жұқа, қысқа немесе тар болмауы керек.

*Әйелдерге еркектерге қарауға тыйым салынады. Қарауға рұқсат санатқа – күйеуі немесе қані бір туысы болуы керек.

*Әйелдерге білім алуға және көптеген кәсіптерге тыйым салынған.

*Әйелдер үйден 77 шақырымнан астам жол жүргенде ер туыстарымен бірге жүруі керек. ал жақын еркек туыстары жоқтардың, мысалы, ұлы немесе ағасы жоқ жесірлердің жағдайы тіпті ауыр. Олар өз қауіпсіздігін үнемі қатерге тіге отырып, қарапайым азық-түлік сатып алуда кедергілерге кезігуде.

Ауғанстандық әйелдер өз өмірлеріне әсер ететін шешімдерге мүлдем қатыспайды. Осы уақытқа дейін бірде-бір ауған әйелі ұлттық немесе провинциялық деңгейде саяси ықпалы бар органды басқарған жоқ.

«ТАЛИБАН» БИЛІГІ ЖӘНЕ ОРТАЛЫҚ АЗИЯ (ҚАЗАҚСТАН)

Талибан алыс-жақын көршілермен, соның ішінде Қазақстанмен де мемлекетаралық байланыстарды қайта қарауға, жандандыруға мүдделі екендіктерін ашық білдірген. Талибан делегациясы Қазақстанға бірнеше жолы сараплап келген. Орталық Азияда Қазақстан мен Өзбекстан Ауғанстанмен сауда және оңтүстікке көлік дәліздерін салу мәселесінде прагматикалық және өте белсенді ұстанымда.

Атап айтқанда, Өзбекстан дәстүрлі түрде қолдау көрсеткен теміржол құрылысы жобасына Қазақстан да қосылды. Қазақстан Ауғаныстанға астық жеткізуші көшбасшы елдердің бірі.

Ал «Талибан» үкіметі теократиялық билік орнатуда және әлемде гендерлік басып-жаншу көрсеткішінен көш бастап тұрған ел. «Талибан» қабылдап жатқан жаңа ережелер мен заңдар жинағы «Мохтасабиндерге» («Талибанның» моральдық полициясы) ауғандықтардың қоғамдық өміріне араласуға мүмкіндік береді. Соның ішінде: Олардың киім кигені мен қоғамдық орындарда өз-өзін ұстауынан бастап, азаматтардың не ішіп-жейтініне дейін қадағаланады.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар