Әлеуметтік желіде Ресей әскерінің майдан даласында қару-жарақ, оқ-дәрі, дәрі-дәрмек тасу мақсатында есектерді қолданып жатқаны жайлы фото, видео дәлелдемелер жариялануда.
Алғаш болып фото және видео «Кирилл Федоров / Война, История, Оружие» телеграм арнасында пайда болды. Әскери корреспондент былай деп жазды: «Алдыңғы шепке оқ-дәрі тасымалдау үшін сарбаздарға есек жіберіпті. Енді сендер қалай ойлап едіңдер? Қазір көлік деген нағыз дефицит!».
Ресейлік сарапшылар есекті ұрыс жағдайында қолдану тиімді дейді. Есек пен жылқы түнгі уақытта қару тасуға қолайлы, кей техника өте алмайтын тұстан өте алады және әскери техника сияқты даусы қатты шықпайтынын айтуда. Алайда бұл пікірмен келіспейтін сарапшылар да бар. Олар жануарларды ұрыс жағдайында қолданудың машахаты көп деп отыр. «Оларға жем мен шөп, су қажет. Жарылыс дауысынан қорқып, қажетті оқ-дәріні ала қашуы мүмкін» дейді мамандар.
Ресей Қорғаныс министрлігінің әскери транспортты қолдануға қатысты ережесінде жылқы, есек, қашыр іспеттес жануарларды майдан даласында қолдануға рұқсат етілген.
Ресей МемДумасының Қорғаныс комитетінің мүшесі, генерал-лейтенант Виктор Соболев былай дейді: «Егер алдыңғы шепке қару-жарақ, оқ жеткізу бойынша есек, жылқы және басқа қолданылып жатса, онда бұл қалыпты жағдай. Әскери бөлімшеге және ұрыс даласына қажетті қаруды апару үшін көлікпен бара жатқан екі адамды өлтіргенше, есекті өлтіргені әлдеқайда жақсы», - дейді ол. Оның сөзінше әскерилер есекке қажетті жүкті артады, артынша есек өзі жолды іздеп тауып, қажетті жерге барады.
Соболев Кеңес-Герман соғысында артиллерияның көп бөлігін Берлинге дейін жылқылардың сүйреп барғанын айтты. Ал миналарды иттер тасыды дейді. «Әлбетте, ХХІ ғасырда дрондармен жүк тасуды дамыту қажет» дегенді де жасырмады.
Ресейлік депутат, генерал Виктор Заварзин: «Есектер де жеңіске үлес қоссын, көмектессін. Майдан даласында иттер де, мысықтар да бар. Олар окоптағы тышқандарды аулайды дегендей. Есектер де болсын», - деді.
Есекті майдан даласында транспорт ретінде қолдану ежелден бар тәжірибе. Әсіресе таулы аймақтарда жүк тасу үшін қолданылып келеді. Ал Екінші дүниежүзілік соғыста кей мемлекеттер мыңдаған есекті ірі операцияларды қарумен қамтамасыз етуде қолданды. Алайда сарапшылар Ресей әскерінің есектерді қолдануын майдан даласында дрондардың жүк көліктерін жиі шабуылдаумен түсіндіруде.
Mezgil.kz