ЕО елдері Ресейдің мұнай тасымалдайтын кемелерін тәркілеу бойынша ауқымды операцияны іске асыруды жоспарлауда. Politico басылымының ақпаратынша ЕО билігі бұл тұрғыдан біртұтас позицияны қалыптастыру үстінде.
2024 жылдың желтоқсан айында Финляндия билігі Ресеймен байланысы бар Eagle S кемесін басып алды. Кемені басып алу операциясына арнайы жасақ пен тікұшақ және десанттық жылдам қозғалатын қайықтар қолданылды. Санкт-Петербургтен 100 мың баррель мұнай тиеп шыққан кемені Финляндияның басып алуы нағыз сенсациялық жайт болды. Бұл Батыс пен Ресей арасындағы жарияланбаған көлеңкелі соғыстың бір көрінісі еді.
Қазіргі сәтте Еуропа елдері Ресейдің Балтық аймағындағы танкерлерін басып алу немесе тәркілеу жолдарын қарастырып, жабық кездесулер өткізуде. Ресейлік танкерлерді тәркілеуді құқықтық тұрғыдан заңды ету үшін де талқылау жүргізілуде.
Құқықтық тұрғыдан танкерлерді тәркілеуді заңды ету үшін экологиялық апат, қарақшылық баптары толықтырылуда. Бұл ЕО аймағы үшін ортақ ережелер саналады. ЕО заңдарынан бөлек қауымдастыққа мүше әр мемлекеттің өз заңы аясында да әрекет ету құқығы ескерілуде.
Эстонияның Сыртқы істер министрі Маргус Цахкна былай дейді: «Санкцияға ұшыраған ресейлік мұнайдың 50 пайызға жуығы Фин шығанағы арқылы өтеді. Аталған аймақта экологиялық қауіп мәселесі бар, инфрақұрылымға төнетін қауіп те бар. Осы ретте аталған кемелерге қарсы не істей аламыз деген сұрақ туындайды. Біз тұтас теңізді жауып тастай алмаймыз, ол мүмкін емес. Бірақ бақылауды күшейте аламыз. Оның мүмкіндіктері көп», - дейді. Осылайша ол ресейлік кемелер өтетін бағыттарды бақылауды күшейтуге шақырды.
ЕО Энергетиканы зерттеу орталығының Ресей-Еуропа бағыты бойынша сарапшысы Исаак Левидің пікірінше Ресей мұнайының 80 пайызға жуығын көлеңкелі танкерлер флотымен тасымалдап келеді. Балтық теңізі Ресей үшін аса маңызды аймаққа айналды. Петербордағы Усть-Луга портынан мұнай тиеп шыққан танкерлер Фин шығанағы және Балтық теңізі арқылы әлемдік мұхитқа аттанады. Өткен жылы Балтық аймағындағы порттардан Ресейдің көлеңкелі флотының 348 танкері мұхитқа шыққан. Бұл Ресей мұнайының 40 пайызы деген сөз.
«Танкерлер флотын қыспаққа алмай, Ресейді қыспаққа алу өте қиын» дейді Исаак Леви.
Литваның Энергетика министрі Жигимантас Вайчюнас былай дейді: «Біз Батыстық санкцияларды айналып өтетін бірқатар саңылауларды көріп отырмыз. Сол үшін де көлеңкелі танкерлер флотын қыспаққа алу Мәскеуге нағыз соққы болар еді».
ЕО елдері Ресейдің 74 танкерін қара тізімге қосты. Ендігі таңда Солтүстік Еуропадағы мемлекеттер мен Балтық елдері Ресеймен байланысы бар танкерлерді жаппай тәркілеуді ойластыруда. Сарапшылар аталған әрекетті іске асырудың үш жолы барын айтты.
Біріншіден, ЕО елдері мұнай төгу қаупі бар танкерлерді тоқтатып, тәркілей алады. Бұл қоршаған ортаны қорғау ережесімен сай келеді.
Екіншіден, Балтық елдері мен Скандинав мемлекеттері теңіз асты инфрақұрылымына қауіп төндіретін кемелерді тоқтатып, тәркілей алады. Бұл қарақшылықпен күрес ережелеріне сай келеді. Аталған аймақта соңғы уақытта Ресейдің және Қытайдың кемелері суасты байланыс желілерін үзді деген күдікке ілінген болатын.
Үшіншіден, Балтық елдері мен Скандинав мемлекеттері ұлттық заңнамаларын күшейтіп, кемелерге сенімді сақтандыру компанияларымен жұмыс жасауды ұсынады. Күмәнді компаниялармен байланысы бар кемелер тоқтатылып, тәркіленуі ықтимал.
ЕО сарапшылары Ресейдің көлеңкелі флотын тәркілеу идеясын «тәуекелге толы бастама» деп атады. Бұл Мәскеу тарапынан айқын қарсылық туындатып, түрлі заңды және заңсыз жауапқа ұласуы мүмкін.
Mezgil.kz