Сирияның жаңа билігі Асад режимі дәуірінде өркендеген заңсыз есірткі өндіру және тасымалдаумен күресуде. Өзін «Сирияның уақытша президентімін» деп жариялаған Ахмад аль-Шараа аталған қылмыстық кәсіппен күресуді күшейтетінін айтты.
Асад режимін құлатқан сәтте «Хайят Тахрир аль-Шам» ұйымының сарбаздары Сирия бойынша каптагон өндіретін цехтерді іздестіре бастады. Дума маңындағы «Captain Korn» қытырлақ картоп өндіретін зауыт ішінен үлкен цех табылды. Бұл Сириядағы ең ірі цехтің бірі еді. Цехтің ішінен миллиондаған дана таблетка және «Lexus» жабыстырмалары анықталды. Lexus – есірткінің бір сұрыбы саналады. Зауыт маңынан есірткі жасауға қажетті түрлі химиялық қоспалар қоймасы табылды.
«Хайят Тахрир аль-Шам» ұйымының жауынгерлері Асад режиміне тиесілі болған әскери базалардан да бірнеше есірткі өндіретін цехты анықтады. Есірткі қоймаларынан есірткіні жеткізу бағыттары көрсетілген карталар да табылды.
2024 жылы, 8-желтоқсанда Ахмед аль-Шараа (Әль-Жулани) Дамашықтағы орталық мешітте сөз сөйледі. Ол өз сөзінде «Сирияны каптагон вирусынан тазартатынын» айтты.
Сириядағы азамат соғысы мемлекетті есірткі өндіретін үлкен ошаққа айналдырды. 2012 жылдан бастап Сирияны бірқатар Батыс басылымдары «наркомемлекет» деп атай бастады.
Сирия билігі есірткі өндіруде «Хезболланың» тәжірибесіне сүйенді. Күштік құрылым «Хезболла» жасақтарынан кеңес алды. Мемлекеттік қауіпсіздікке жауапты саналған жасақтың бірі «Төртінші бөлімше» деп аталды және оны Башар Асадтың інісі Махер Асад басқарды. Махер Асад өзінің бөлімшесін есірткі өндіру бойынша да қолданды.
France-Presse басылымының ақпаратынша 2021 жылы Сириядағы есірткі нарығы 10 млрд доллардан асты. 2023 жылы Сирия каптагон өндірісін азайта бастады. Бұл Башар Асад пен араб елдерінің арасындағы келісімге сай жасалған әрекет еді. Сирияны араб елдері Араб елдерінің Лигасына қайта қабылдады, ал Асад есірткі өндірісін азайтуға уәде етті.
2025 жылдың қаңтар айының соңында Сирияның жаңа билігі мен «Хезболла» жасақтары арасында кескілескен шайқастар басталды. Ұрыс қимылдары Сирия мен Ливан шекарасы маңында әлі де жалғасуда. Сарапшылар аталған шайқастың бір себебі есірткі цехтерімен тікелей байланысты екенін айтуда. Сирияның жаңа билігі Сирия жеріндегі «Хезболлаға» тиесілі болған шекара маңындағы каптагон өндіру ошақтарын жоюға тырысуда.
Сарапшы Кэролайн Роуз былай дейді: «Сирия билігі каптагон өндірісімен ұзақ жылдар бойы күресетін болады. Есірткі өндірісінен бас тартқысы келмейтін кландар жетерлік. Бұл олардың жалғыз табыс көзіне айналған және өздерінің заңсыз кәсібін қорғау үшін олар қарулы қақтығысқа да баруға дайын. Сол себепті де Сирияның жаңа билігін қыруар жұмыс күтіп тұр».
Сириядағы режимнің ауысуына байланысты есірткі өндірісі Йеменде қарқын ала бастады. Йемендік хуситтер каптагон өндірісін негізгі табыс көзіне айналдырған. Хуситтердің бақылауындағы аймақтарда каптагон өндіру соңғы 10 жылда 16 есеге көбейген дейді БҰҰ сарапшылары.
Mezgil.kz