Әлем елдері бойынша жемқорлық (коррупция) деңгейін жариялайтын Transparency International ұйымы 2025 жылдың, 11-ақпанында жылдық есебін жариялады. 2024 жыл бойынша бағалау көрсеткіштері сараланған. Аталған рейтингте 180 мемлекет қарастырылған. Transparency International ұйымы халықаралық қауымдастықтағы коррупцияны өлшеудің басты тетігінің бірі болып қалуда.
2024 жылы Қазақстан 100 ұпайдың ішінде 40 ұпайды иемденіп, 180 елдің ішінде 88-ші орынға жайғасқан. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 1 ұпайға артық деген сөз.
Көш басында Дания, Финляндия және Сингапур елдері тұр. Ал аутсайдерлер көшін Оңтүстік Судан, Сомали және Венесуэла бастапты.
Коррупция көрсеткішін есептеу түрлі саланы қамтиды. Мемлекеттік органдардың қаржыны тиімді пайдалануы, сот органдарындағы парақорлық, халықтың пара беруге бейімділігі, сарапшылардың пікірі және басқа факторлар басымдыққа алынады.
Transparency International көрсеткіші бойынша Өзбекстан 32 ұпай жинап, 121-орынға жайғасқан. Қырғызстан 25 ұпай жинап, 146-орында тұр. Ресей 22 ұпаймен 154-орынды місе тұтса, Түркіменстан 17 ұпаймен 165-орынды қанағат тұтты. Тәжікстан 19 ұпаймен 164-орында тұр.
Сарапшылар Қазақстанның позицияны жақсартқанын растайды, алайда жемқорлықпен белсенді түрде күресті күшейтуге шақырады. Ал Ресейдегі жемқорлық көрсеткіші соғыс басталған сәттен бері арта түскен. Бұл соғысқа бармау үшін немесе мобилизациядан жалтару мақсатында жасалынған әрекет болуы ықтимал. Украина 35 ұпаймен 105-ші орынға жайғасты.
Mezgil.kz