Президент Дональд Трамптың Ресей басшысы Путинмен Украина соғысын аяқтауға қатысты келіссөзді Еуропадан тыс бастауы, Еуропа басшыларын әбігерге салуда. ЕО басшылары «Украинаның аумақтық тұтастығы мен суверенитеті сақталуға тиіс» дегенді айтты және келіссөз үстелінде Еуропа басшылары да болуы қажет деген талапты қоюда. 12-ақпан күні Парижде бас қосқан ЕО елдерінің СІМ басшылары бірлескен мәлімдеме жасады.
Францияның СІМ басшысы Жан-Ноэль Барро былай дейді: «Еуропа елдерінің қатысуынсыз Украинада нақты бейбітшілік орнауы қиын. Украинаны қолдаудан бас тарту, Украинаны тізе бүгуге мәжбүр ету, әлемдегі өзге деспоттар мен тирандарға көршілес елге шабуыл жасап, жазасыз қалу деген месседжді білдіреді».
Ал Испания СІМ басшысы Альбарес Буэно былай деп сөз түйінін айтты: «Біз Украинада бейбітшілік болғанын қалаймыз. Алайда біз әділетсіз соғыстың әділетті негізде аяқталғанын көргіміз келеді. Біз қазір демократиялық жолмен сайланған билігі бар суверенді ел жайлы айтып отырмыз. Украинаға Ресейдің соғыс ашуы еуропалық қауіпсіздікке төнген қатер, ал ол мәселені Еуропасыз шешуге тырысу қателік. Бұл әлемдік қауымдастық және ондағы ережелер бос сөз емес. Бізде БҰҰ-ның Жарғысы бар, ол Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қалыптасты және ол сақталуы қажет», - дейді.
Польша министрі Радослав Сикорский Украинаны қолдауды арттыруға шақырды.
Politico басылымына сұхбат берген Германияның СІМ басшысы Анналена Бербок өз пікірін білдіріп, былай деді: «Ең бастысы үш жылдан кейін, соғысқа толы, Украинаның табанды қарсылығынан кейін Ресей президенті келіссөз үстеліне отырмақ. Біз қашанда бейбітшілік және келісімді ұсындық. Ал Путин ол ұсынысқа үнемі террормен, шабуылмен жауап қатты. Алайда енді ол келіссөзге отырмақ», - дейді.
Латвия министрі Байба Браже Украина мен Еуропа елдері міндетті түрде келіссөз үстелінде болуға тиіс деген ойда. «Украинаның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы саудаға салынбауы тиіс. Біз қазір Украинаны күшейту жолында әрекет жасап, оған нақты қауіпсіздік кепілдігін беруді талқылауға міндеттіміз. Кез келген келіссөзде Еуропа маңызды, негізгі рөлде болуы қажет», - дейді Браже.
Швецияның бұрынғы премьер-министрі Карл Бильдт Трамптың әрекетін Чемберлен мен Гитлер арасындағы келіссөзге ұқсас екенін айтты. «Келіссөзді бастамай жатып үлкен жеңілдікке бару, бұл бір жаңа әдіс болса керек. Тіпті Чемберленнің өзі 1938 жылы дәл осылай төмендеген емес. Ол Мюнхен келісімі де сәтсіз аяқталған болатын», - дейді Бильдт.
АҚШ сенаторы, демократ Адам Шифф Трампты айыптай сөйледі. «Әр затты өзінің атымен атайық. Бұл Украина мүддесін жығып беру, бұл біздің мүддемізді келіссөз басталмай жатып жығып беру. Трамп Кремльге тиімді керемет келісімді жасаудың хас шебері», - дейді ол.
ЕО елдері мен Ұлыбритания СІМ басшылары АҚШ президентін келіссөзге қатысты ұстанымын өзгертуге шақырды.
Mezgil.kz