Қазақ мұнайын тасымалдаушы негізгі бағыт саналатын Каспий құбыр консорцциумы (КҚК) деген бар. Соның ірі мұнай айдау станциясы – «Кропоткинская» деген станция. Ол Ресей жерінде, Кубанның Қапқаз ауданында орналасқан.
(Суреттер: telegraf.com, bizmedia.kz)
КҚК ресми мәлімдеме жасап, бүгін (17.02.2025) аталған станция дрондар шабуылына ұшырағанын хабарлады.
КАСПИЙ ҚҰБЫР КОНСОРЦИУМЫНА ШАБУЫЛ
Ресми хабарламада: «Қазіргі уақытта «Кропоткинская» МАС-ы пайдаланудан шығарылды. Теңіз – Новороссийск құбыр жүйесі арқылы мұнайды тасымалдау аталған МАС-ты айналып өтіп, төмендетілген айдау режимдерінде жүзеге асырылады», - деп жазылған.
КҚК станциясына шамамен 7 соққылаушы дрон шабуылдаған.
Консорциум хабарында: «Шабуыл уақыт аралығымен жүзеге асырылды. Шабуылдың мақсаты – нысанның жұмысын тоқтатып қана қоймай, станция персоналдарына да шабуылдау болған. МАС қызметкерлері арасында зардап шеккендер жоқ. Консорциум қызметкерлері жедел іс-әрекеттердің арқасында мұнай төгілу қаупінің алдын алды. Келтірілген залалды бағалау және станцияның жұмысын қалпына келтіру уақытын анықтау үшін жедел топ тобы учаскеге барды. Халықаралық консорциумның барлық акционерлері, соның ішінде АҚШ пен Еуропа компанияларының өкілдері бұл шабуыл туралы туралы хабардар етілді», - делінген.
КАСПИЙ ҚҰБЫР КОНСОРЦИУМЫ АКЦИОНЕРЛЕРІ КІМДЕР?
Басты акционерлер: Ресей: «Транснефти» компаниясы - 24%. Қазақстан: «Қазмұнайгаз» АҚ - 19% және «Kazakhstan Pipeline Ventures LLC» - 1,75%. Жиынтығы - 20,75%.
Сондай-ақ: «Chevron Caspian Pipeline Consortium Company» - 15%, «LUKOIL International GmbH» - 12,5%, «Mobil Caspian Pipeline Company» - 7,5%, «Rosneft-Shell Caspian Ventures Limited» - 7,5%, «BG Overseas Holding Limited» - 2%, «Eni International N.A. N.V.» - 2% және «Oryx Caspian Pipeline LLC» - 1,75%.
ҚАЗАҚСТАН НЕ ДЕЙДІ?
ҚР Энергетика министрлігі соққылаушы дрондардың шабуылына қатысты: «КҚК тарапынан қазақстандық мұнайға ешқандай шектеулер жоқ, қабылдау әдеттегідей жүргізілуде», - деп түсіндірді.
ҚАЗАҚ МҰНАЙЫНЫҢ 80 ПАЙЫЗЫ РЕСЕЙ АУМАҒЫ АРҚЫЛЫ ЭКСПОРТТАЛАДЫ
«Forbes» дерегінше: КҚК Батыс Қазақстанның мұнай кен орындары мен Каспий қайраңындағы ресейлік мұнай кен орындарын Новороссийсктегі теңіз терминалымен байланыстырады. Маршруттың ұзындығы 1511 шақырымды құрайды.
Ескерту: Бүгінде Қазақстан мұнайының 80 пайызы осы мұнай тасымалдаушы құбырмен айдалуда. Бұл КҚК қазақстандық мұнайдың негізгі экспорттық бағыты болып табылады. Қазіргі уақытта КҚК Қазақстан аумағынан жылына шамамен 72,5 миллион тонна мұнайды және Ресей арқылы жылына 83 миллион тоннаға дейін мұнайды тасымалдауға қабілетті. 2024 жылы Қазақстан КҚК арқылы 63,01 млн тонна мұнай (-0,7%) тасымалдаған («Forbes»).
2024 жылы КҚК құбыр жүйесіне мұнайдың ең көп көлемі Қазақстанның Теңіз, Қарашығанақ, Қашаған кен орындарынан жөнелтілді – сәйкесінше 26,82 млн тонна, 9,82 млн тонна және 17,21 млн тонна мұнай.
Бұл қазақ мұнайы экспортталатын Ресейдегі нысандарға жасалған алғашқы шабуыл емес. Өткен жылдың желтоқсан айында Ресейдің Брянск облысындағы «Дружба» мұнай құбырының тиеу пунктіне соққылаушы дрондар шабуыл жасаған еді.
РЕСЕЙГЕ ТӘУЕЛДІЛІКТЕН ҚҰТЫЛАТЫН ЖОЛ – «ӘЗЕРБАЙЖАН» БАҒЫТЫ
2021 жылы Қазақстан Ресейді айналып өтіп, Әзербайжан арқылы өз мұнайын экспортқа шығару үшін танкерлер флотын құра бастады. Қазақстан экспорттық жеткізілімдерді әртараптандыру үшін жаңа танкерлер қажет. Қазір мұнайдың 80%-ы Ресей арқылы тасымалданады. Тасымалдау екі құбыр бағыты бойынша жүреді: Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы Новороссийск портына дейін (мұнай айдау көлемі 2022 жылы — 52,2 млн тонна болды) және Атырау — Самара құбыры арқылы Ресей аумағымен Усть-Луга портына дейін (мұнай айдау 2022 жылы — 8,4 млн тонна болды).
Осыған дейін КҚК-ның жұмысы әртүрлі себеппен бірнеше рет тоқтап қалды. Сондықтан Қазақстан қазіргі саяси жағдайды ескере отырып, баламалы бағыттарды белсенді іздей бастады. Соның бірі де бірегейі — Баку—Тбилиси—Джейхан (БТД) мұнай құбыры. Алайда Қазақстан мұнай құбырына кішкентай көлемді танкерлермен мұнай тасымалдауға мәжбүр.
Mezgil.kz